Бас жаңалықтар
Теңге бағамы қалыпты жағдайда болады
14 Мамыр 2019, 14:42 780

Теңге бағамы қалыпты жағдайда болады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы өткен төрт сайлауда теңге курсы күрт төмендегені байқалмаған. Бұл туралы «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк Алматыда өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Оның айтуынша, қазір доллардың өсуіне еш негіз жоқ. 

«Дәстүрлі жағдай бойынша мұнайдың бағасы мен рублдің курсына қараймыз, өйткені доллардың өсуіне негізгі себеп осылар екені белгілі. Рубльге келер болсақ ол қазір тұрақты. Санкциялық тәуекелдер қазір біршама төмендеді. Мұнай бағасы да дәл қазір төмендеп кетеді деп айта алмаймыз. Оның үстіне алда үлкен сайлау келе жатыр, соңғы төрт сайлауда теңге курсы күрт төмендегені байқалмаған. Сондықтан жақын арада теңге курсына қатысты өзгешеліктер болмайды, тұрақты жағдай сақталады», - деді ол.



Сонымен қатар ол, АҚШ пен Қытай арасындағы келісімдер теңге бағамына ықпал ететін жағдайдың бірі екенін айтты.

«Бұл жағдай сондай қатты әсер ете қоймас, дегенмен алдағы уақытта оның әсері қаншалықты болатынын байқаймыз. Қазір валюталық сатылымдарда теңге бағамы юанға шаққанда нығайып келеді. Қытайда юанның курсы күрт төмендеп жатыр», - деді Андрей Цалюк. 

Сондай-ақ ол, жиын барысында мамыр айындағы биржалық нарықтың жұмыс қорытындысына тоқталып, шетел валюталарының нарығы жайлы айтты.

«Сәуір айында шетел валюталарының сауда-саттықтарына 29 KASE мүшелері қатысты. Шетел валюталары сауда-саттықтарының көлемі 794,9 млрд теңге, ол алдыңғы айға қарағанда 1,1% немесе 8,3 млрд теңгеге көп. Сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 36,1 млрд теңгені құрады. Ұлттық валюта сәуір айында доллар, рубль, юаньға қатысты шамалы әлсіреумен айды аяқтап, тұрақтылығын көрсетті. Теңгенің айырбастау бағамының номиналдық өзгеруі бір пайыздың ішінде», - деді ол.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...