Тбилисиде 20-дан астам оппозициялық партия үкіметке қарсы шеру ұйымдастырды

18 Қараша 2019, 23:27
3010
Бөлісу:
Тбилисиде 20-дан астам оппозициялық партия үкіметке қарсы шеру ұйымдастырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 20-дан аса оппозициялық партия Тбилиси орталығында ауқымды наразылық шарасын ұйымдастырды, деп хабарлайды 24.kz. 

Шеруге шыққандар парламенттің сайлау жүйесіне қатысты конституциялық реформаны қабылдамағанына наразы. Алаңда жиналған мыңдаған адам үкіметтің отставкаға кетуін және елде мерзімінен ерте сайлау өткізуді талап етіп отыр. Елдегі барлық саяси қозғалыстар билік басындағы партияға қарсы бірігіп, наразылық шеруге шықты.

14 қараша күні Грузияның заң шығарушылары 2020 жылғы парламенттік сайлауды пропорционалдық жүйе бойынша өткізу мәселесін қарастырған. Биыл жазда болған наразылық шараларынан кейін үкімет осындай реформаны өткізуге уәде берген болатын. Алайда бұл түзетулер қажетті дауыс жинай алған жоқ. Осыдан кейін оппозиция мен қоғам белсенділері "билік халықты алдады" деп, өз жақтастарын көшеге шығуға шақырды.
Мен өз халқыммен бірге болуым керек деп санаймын. Осылай жастарды ынталандырамын. Өйткені олар алда болуы керек, ал біз елге тәуелсіздік әкелген ардагерлерміз. Жастарға айтарым: Грузияны сақтап қалыңдар! - деді оппозициялық партия мүшесі Манана Абхадзе.  
Шерушілер мерзімінен ерте парламенттік сайлау өткізуді, уақытша үкімет құруды және Орталық сайлау комиссиясын қайта жасақтауды талап етіп отыр.
Үкімет өз уәдесін орындамай, елді саяси дағдарысқа әкелді. Өзге партиялар мен халыққа уәде еткен реформаларды өткізген жоқ. Бұл дағдарысты шешудің жалғыз жолы – елде мерзімінен ерте сайлау өткізу. Бұл жағдайды тұрақтандырып, еліміздің алға басуына мүмкіндік береді. Өкінішке қарай үкімет жауапсыз қимыл жасап, халықпен диалогқа бармай отыр. Мұның бәрі жалғасса, бұл билік басындағы партия үшін нашар аяқталуы ықтимал, - деді оппозициялық партия мүшесі Давид Бакрадзе. 
Билік басындағы партия өкілдері "мерзімінен ерте сайлау өткізуге негіз жоқ" деп бұл мәселе бойынша ымыраға баратын түрі жоқ. Парламент алдына полицияның қосымша бөлімдері жұмылдырылған. Ал шерушілер парламент ғимаратының қақпасына құлып іліп, күні-түні күзетіп жатыр. Талаптары орындалмайынша райынан қайтпауға бел буған.


Өзгелердің жаңалығы