Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр бәйгесіне 50-ден астам жас ақын қатысты

21 Маусым 2021, 14:06
3434
Бөлісу:
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жыр бәйгесіне 50-ден астам жас ақын қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған биылғы Республикалық жыр бәйгесі өз мәресіне жетті.

Тәуелсіздік мерекесі – барлық мерекенің ең ұлысы! Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей қолдауымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып жарияланған биылғы Республикалық жыр бәйгесінің орны ерекше. Бұл мүшәйра - Тәуелсіздік шежіресін, бостандық мұратын асқақтататын аламан жыр бәйгесі. Осынау тарихи ұлы мерекеге арналып жарияланған мүшәйра өз мәресіне жетті.

Мүшәйраның басты мақсаты – Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жырлау арқылы ұрпақ зердесіне киелі сәуле түсіру. Азаттықтың туын өз қолымен қадаған, елорданы Сарыарқадай ел ортасына көшіріп, алғашқы кірпішін өз қолымен қалаған Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігін паш ету, ұлтымыздың бостандыққа дейінгі көрген азап-тозабын, бостандықтан кейінгі гүлдену дәуірін жыр тілімен тарихта қалдыру еді.

Осындай ұлы мерекеге арналған аламан жыр бәйгесіне қаламының желі бар 40 жасқа дейінгі жас ақындар қатысты. Ұлы додаға республикамыздың түкпір-түкпірінен келген 50 ден астам жас ақын өз шығармаларын үлкен үмітпен бәйгеге қосты.

Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, ақын Бауыржан Жақып бастатқан, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лареаты, ақын Несіпбек Айтұлы, Алаш сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, «Дарын» Мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты, Әдебиет порталының қызметкері, жас ақын Арман Шеризат қостатқан қазылар алқасы мүшәйраға түскен шығармаларды сараптай, саралай келе мына төмендегі авторларды жүлделі орындарға лайық деп тапты. 

Айта кетер бір жайт, қазылар алқасы мүшәйраның негізгі мақсаты - Тәуелсіздікті жырлау, отызға толған жас Қазақ Мемлекетінің тағдырын, тарихын толғаған Елбасының, еліміздің жеткен жетістіктерін жарқырата көрсеткен шығармаларды басты назарға алды. 

Әрине мүшәйраға небір жақсы өлеңдер түсті. Сұлу сөз, сылдыр баяндау, бүгінгі Тәуелсіздіктің салтанатын жырлаудың орнына алты ғасыр бұрынғы дүниені қозғап, сөз бұйдалыққа салынған шығармаларға бәйге беруді лайық көрмеді. Бізге керегі – қазақ халқының бүгінгі жеткен жетістігі, жас мемлекетіміздің жаңа тынысы, жарқыраған жаңа келбеті! Осы мақсатқа табан тіреген қазылар алқасы мына төмендегі ақындарды мүшәйра жүлдесіне лайық деп тапты:

Бас жүлде «Тәуелсіздікпен тілдесу» атты өлең топтамалары үшін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, талантты ақын, белгілі журналист Олжас Қасымға;

Бірінші орын «Елордам – арман ордам» атты өлеңдері үшін, жыр әлеміне таныла қоймаған, тосын талант, Ақмола облысы Ерейментау ауданынан шығармаларын жолдаған Дәурен Бақытқажыұлына;

Екінші екі орын «Мәңгілік ел» өлеңдер топтамасы үшін Алматы облысы Жаркент ауданында тұратын жас ақын Еркін Исаханға және «Тәуелсіздік – боз жусаным» атты өлеңдер топтамасы үшін алматылық Құрманғазы Жұмағұлұлына;

Үшінші үш орын «Тәуелсіздікке тағзым» өлеңі үшін екібастұздық жас ақын Ернұр Қайралаповқа, нұр-сұлтандық жас ақын Мұқият Қойшыбайдың «Еркіндікке құштармын», нұр-сұлтандық жас талант, мектеп оқушысы Арыстай Асылтайұлының «Ұлан сөзі» өлеңіне берілді.

Жүлдегерлерді марапаттау пандемияға байланысты онлайн форматында Нұр-Сұлтан қаласы күні қарсаңында өтеді.

Өзгелердің жаңалығы