Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Алматыда этнограф-ғалымның фотокөрмесі өтеді

4 Желтоқсан 2021, 18:04
2094
Бөлісу:
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Алматыда этнограф-ғалымның фотокөрмесі өтеді

Алматы, BAQ.KZ. 6 желтоқсанда ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай этнограф-ғалым Тәттігүл Қартайдың «Этноэкспедиция күнделігінен» атты фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтеді.

«Этноэкспедиция күнделігінен» атты фотокөрме дәстүрлі баспана киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен, суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ, тал, жүзгін, көкбұта, сексеуіл, жыңғылмен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстырады.

Этноэкспедициялық зерттеулер барысында белсенді қолданыстағы құдықтар түрлерімен қатар, жойылу қаупіндегі және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Солтүстік Қызылқұм, Арал, Маңғыстау аймағында тұратын қазақтардың мал қора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ, үй кәсіпшілігін жүргізуіндегі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсетін фотолар қойылған.

Сыр-Арал және батыс өңірдің киелі жерлеріндегі этнографиялық ескерткіштер – кесенелер, қабір үстіне қойылатын тастардың түрлері: құлпытас, сандықтас, қойтас, қошқартастардың сақталуы ерекше назар аудартады, сонымен қатар, олар қазақ халқының ежелгі сәндік-қолданбалы өнеріндегі тас қашау өнерінің бірегей үлгілері.

Көрменің ашылу барысында автордың «Бөрітаным: экспедициялық зерттеулер», «Сутаным: экспедициялық зерттеулер» атты ғылыми-танымдық кітаптарының таныстырылым рәсімі өтеді.

Тәттігүл Қартай – Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. 

Оның ғылыми жетекшілігімен жүргізілген экспедициялар: Сыр-Арал этнографиялық экспедициясы (2012-2014); Сыр-Арал, дариялық тақыр геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2020); Батыс Қазақстан облысы, Маңғыстау геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2018-2019); Шу-Іле аңғары, Қызылқұм геоархеологиялық, этнографиялық кешенді экспедициясы (2021).

Фотокөрме 2021 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы