Тәуелсіздікке тарту: Көкшетау музейі жаңа жобаны қолға алды

9 Қыркүйек 2021, 10:01
21835
Бөлісу:
Тәуелсіздікке тарту: Көкшетау музейі жаңа жобаны қолға алды

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы облыстық тарихи-өлкетану музейі ел тарихына қатысты ұзақ мерзімді, имидждік жобаларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап отыр. Олардың арасында Қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек сұлтан кесенесі, Красный яр елді мекеніндегі Ботай мәдениетіне жататын Қошқарбай шатқалы сияқты зерттеулер бар.

Елордадан жүз шақырым, Қорғалжын ауданындағы Жәнібек-Шалқар кесенесін зерттеу қоғамда ең көп резонанс тудырды. Біріншіден, бұл - археологтардың, тарихшы ғалымдардың ауқымды зерттеу жұмысы. Музейлер бұл жұмысты жүйелейді, есепке алады және артефактілерді мұқият сақтайды.

Тәуелсіздікке тарту: Көкшетау музейі жаңа жобаны қолға алды

Кесененің қираған жерінен, №3 қабірден ер мен әйел сүйектерінің қаңқалары табылған болатын. Табылған заттарды зерттегеннен кейін ғалымдар мұнда хан отбасы жерленген деп болжады. Музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Анар Дүйсенбаеваның айтуынша, ДНҚ қорытынды сараптамасы Швецияда жүргізіледі.

Табылған артефактілер қабірде ақсүйек өкілдері жерленгенін дәлелдейді. Радиологиялық сараптама қалдықтар мен артефактілердің орта ғасырларға жататынын растады. ДНҚ сараптамасының нәтижелері ер адамның сүйегі Шыңғыс әулетіне жататындығын көрсетеді. Егер бұл нұсқа расталса, онда кесене шынымен де Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның құрметіне тұрғызылған деп сенімді түрде айтуға болады, - дейді Анар Дүйсенбаева.

«Зеренді ауданының Қошқарбай шатқалындағы қола дәуірінің археологиялық ескерткіштері» атты ғылыми жоба да сенсациялық жаңалық деуге болады. Мәселен, маусым айында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері ежелгі металлургия орталығының табылғаны туралы хабарлады. Мұнда көптеген металл, қола және мыс бұйымдары және мыс балқыту пештерінің қалдықтары табылған. Жалпы алғанда, ғалымдар тоғыз үлкен пешті санады, олардың бірінде арбалардың іздері әлі де көрінеді. Ақмолалық өлкетанушылар оларды қола дәуіріне жатқызды. Артефактілер мұқият зерттелгеннен кейін мұражай қорына түседі.

Тәуелсіздікке тарту: Көкшетау музейі жаңа жобаны қолға алды

Жергілікті тағы бір зерттеу жобасы – Красный яр елді мекеніндегі Ботай мәдениетін археологиялық зерттеу. Қазба жұмыстарына оқушылар белсенді қатысуда. Тұрғын үй шұңқырларынан олар көптеген еңбек құралын – балта, қырғыш, сүйек тұрмыстық құралдары – инелер, кесілген фрагменттерді тапты. Табылған заттардың ішінде жебелер мен найзалардың ұштары, тас дискілер де бар. Соңғысын ботайлықтар от жағу үшін пайдаланған, - дейді музейдің аға ғылыми қызметкері Жасұлан Үкеев.

Ең жарқын және ұзақ мерзімді жобалардың бірі – «Музей коллекцияларындағы Тәуелсіз Қазақстан тарихы» имидждік жобасы.

Музейдің бас қор сақтаушысы Гүлім Ағубаеваның айтуынша, оған Ақмола тарихи-өлкетану музейінен бастап аудандардағы филиалдар да жұмылдырылған. Кемінде мың адам оффлайн-форматта, 10 мыңнан астам адам онлайн режимінде қатысады деп болжануда.

Жобаның негізгі мақсаты – қор коллекциясын зерттеу, жүйелеу және толықтыру, өлкенің тарихи-мәдени және рухани мұрасын насихаттау, мемлекеттің қалыптасу тарихын зерттеу. Жобаға музейдің барлық бөлімдері қатысады: ғылыми-зерттеу, көрме, ғылыми-әдістемелік және экскурсиялық-бұқаралық. Сондай-ақ, жобаға Ақмола облысының аудандарында орналасқан облыстық музейдің филиалдары да қосылды. Яғни жобаны іске асыруға облыс музейлерінің 30-ға жуық ғылыми қызметкері тартылды. Бірнеше кезеңнен тұратын жоба осы жылдың ақпан айында «30 мұражай сабағы» циклынан басталды. Оның барысында «Бір экспонаттың тарихы», «Этноәлемге саяхат», «Қазақ халқының көрнекті тұлғалары» және Семей полигонының жабылуының 30 жылдығына арналған іс-шаралар өткізілді. Пандемияға байланысты жобаға қосымша офлайн режиміндегі тимбилдинг, нетворкинг, ореп-air іс-шаралар циклі қосылды, - дейді Гүлім Ағубаева.

Өткен жылы музейге 100 жыл толды, бүгінгі күні оның қорында 120 мыңнан астам экспонат сақталған. Алдағы уақытта өлкетанушылардың өңірлік форумы аясында Өлкетану оқулары, Көкшетау қаласының мұражайлары, сондай-ақ Бурабай және Зеренді аудандарының киелі нысандары бойынша экскурсиялар қарастырылған.

Тәуелсіздікке тарту: Көкшетау музейі жаңа жобаны қолға алды

Жобаны іске асырудың келесі кезеңі – «Туған елім Қазақстан» этно-концертін өткізу, онда біздің суретшілер мен өнер шеберлері Тәуелсіз Қазақстанның символикасын пайдалана отырып, Тәуелсіздік кезеңінде дайындалған жоғары көркем туындыларды ұсынады. Жобаның соңғы кезеңі – «Музей коллекцияларындағы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік тарихы» жобасы аясында музей қорындағы «Туған елім Қазақстан» қорытынды көрмесі. Көрмеде филателия, нумизматика, фарфор, керамика топтамалары, төсбелгілер, ашық хаттар, спорттық марапаттар және тағы басқалары ұсынылады. Жоба қорытындысы бойынша: экспедиция күнделігі, топонимикалық есеп, музей қорынан тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі ҚР Әскери және мемлекеттік қызметшілерінің нысанды киім каталогы, «Туған елім Қазақстан» этноholiday фотоальбомы, «Туған елім Қазақстан» көрмесінің фотоальбомы дайындалатын болады, - дейді Гүлім Ағубаева.

Бүгінгі таңда Ақмола облысының музейлері тарихи-мәдени мұраны сақтау, жастар арасында ұлттық-мәдени құндылықтарды насихаттау бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.

Біздің алдымызда музей ісінде ақпараттық технологияларды белсенді пайдалану, артефактілердің цифрлық көшірмелерін жасау, облыстың барлық музейлеріне «Музеолог» электрондық каталог бағдарламасын енгізу, музейлердің ғылыми кеңесінің қызметін ұйымдастыру міндеті тұр, – дейді облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Айта кетейік, Ақмола облысында 11 музей жұмыс істейді. Олардың қорларында 120 мыңнан астам құнды тарихи ескерткіш сақталған. Жыл басынан бері облыс музейлері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, екі мыңға жуық экскурсия, дәріс, көрме өткізді, 700-ден астам музей затын өңдеді.


Өзгелердің жаңалығы