#Тәуелсіздік30. Павлодарда республикалық оқушылар айтысы өтті
PHOTO
06 Қараша 2021, 20:06 337

#Тәуелсіздік30. Павлодарда республикалық оқушылар айтысы өтті

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Павлодар қаласында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай  ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына және Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 60 жылдығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты оқушылар айтысы өтті.

Айтыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы Білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақындарға сөз додасында сәттілік тіледі.⠀

Республикалық айтысқа еліміздің бірнеше облысынан 12 ақын қатысты. Олардың арасында Павлодар облысы намысын қорғаған Ы.Алтынсарин гимназиясының жас ақындары да болды.

Сөз зергерлерінің өнерін ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани, ақын, «Найзатас» әдеби-көркем және қоғамдық саяси журналының бас редакторы Асыл Әбіш, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен, республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, «Алтын домбыра» жеңімпазы Аспанбек Шұғатаев, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы филиалының директоры, «Шаңырақ» блыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының басшысының міндетін атқарушы Жарқынбек Амантайұлы қатарлы қазылар алқасы бағалады.

WhatsApp Image 2021-11-06 at 19.53.33.jpeg

Жас ақындардың өнерін мектеп  ұстаздары мен оқушылары, қала тұрғындары тамашалап, қолпаштап, шабыт беріп отырды.

Айтыс қортындысында жеңіске жеткен ақындар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды.

Бас жүлде Көкшетау қаласынан келген Елеш Нұрғисаға бұйырып, 150 мың теңгелік сертификатты иеленді. Бірінші орын Шығыс Қазақстан облысынан келген Рақат Тамашаға бұйырды (100 мың теңге). Ал екінші орынды Жамбыл облысының ақын қызы Айдаралы Алина (70 мың теңге) жеңіп алды. Үшінші орынды Алтынсарин атындағы гимназиямыздың оқушысы Асығатұлы Шыңғыс қанжығасына байлады (50 мың теңге).

Айта кетелік, республикалық оқушылар айтысы облыста тұңғыш рет өткізіліп, өзге де қатысушыларға 30 мың теңгелік сертификаттар табысталды.

Ы.Алтынсарин гимназиясының ұйымдастыруымен өткен жыр додасына облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы мен мәдени-сауық қызметі орталығы» атсалысты. 


Фото: дереккөз
Загрузка...