Бас жаңалықтар
#Тәуелсіздік30: Октябрь ауданына Әлиханның атын беру 30 жылдықтың басты шарасы – әкім
10 Ақпан 2021, 20:52 578

#Тәуелсіздік30: Октябрь ауданына Әлиханның атын беру 30 жылдықтың басты шарасы – әкім

Қарағанды,BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды қаласы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге байланысты шаралар легін бастап кетті. Шаралардың ең бастысы – Октябрь ауданына қазақтың көрнекті тұлғасы Әлихан Бөкейханның атын беру болмақ. Бұл жайында Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

Тәуелсіздіктің отыз жылдығына орай кеншілер шаһарында 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Олардың қатарында идеологиялық тұрғыда ескірген аудан, көше атауларын ауыстыру да бар.

Біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз болып табылатын ел тәуелсіздігіне 30 жыл толу құрметін кеңінен атап өтетін боламыз. Жалпы қала бойынша 150 іс-шара ұйымдастыру қарастырылған. Бүгінгі тәуелсіздігіміз кешегі тарихи тұлғалардың бастамалары мен үлесінің нәтижесі. Біз олардың еңбегін, Отанға деген адалдығы мен сүйіспеншілігін әрқашан есте ұстауымыз керек. Сол себепті, осы жылы Әлихан Бөкейханның 155 жылдығын, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығын, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын, Әлімхан Ермековтың 130 жылдығын, Жақып Ақбаевтың 145 жылдығын, Манарбек Ержановтың 120 жылдығын және Қасым Аманжоловтың 110 жылдығын атап өту жоспарланған,- дейді Қарағандв қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Оның айтуынша, Тәуелсіздік тойының басты шарасы ретінде Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру болмақ. Жалпы алғанда Қарағандыда «Рухани жаңғыру» бағдарлама аясында 74 және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 25 жоба қолға алынбақ. Барлық шаралар еліміздің 30 жылдық мерейтойына орайластырылады.

Өздеріңіз білетіндей өткен жылы қаламыздың 10 көшесіне жаңа атау берілді. Абай, Қасым Аманжолов, Затаевич, Потанин атындағы көшелер пайда болды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады. Идеологиялық тұрғыдағы 30 жылдықтың басты шарасы ретінде Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның болмақ. Сонымен қатар осы ауданның 20 көшесінің атауын ауыстыру жоспарлануда, - деді қала басшысы.

Әлихан Бөкейханның атын Октябрь ауданына беру жайлы бастама 2016 жылдан бері көтеріліп келеді. Сол кездегі облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Ә. Бөкейханның 150 жылдық мерейтойында Октябрь ауданы қазақ зиялысының атымен аталатындығын мәлімдегенімен, уәде тек сөз жүзінде қалған болатын.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...