#Тәуелсіздік30. Елордада ерекше көрме ашылды

21 Қазан 2021, 22:33
2753
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30. Елордада ерекше көрме ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің көрнекті өкілдеріне арналған «Тәуелсіздік тұлғалары» көркем портреттер көрмесі ашылды. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараға дарынды суретші Таңсық Мәжитованың 60-тан  астам авторлық туындысы ұсынылды.  

Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, сөз сөйледі.

Портреттерді салу барысында жүзбе-жүз сырласу арқылы кейіпкерлерінің  характерін, ішкі жан-дүниесін көрсету – суретшінің зор еңбегі мен тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева, әйгілі кардиохирург Юрий Пя, Ботай мәдениетін зерттеуші ғалым Виктор Зайберт, әлем чемпионы Серік Сапиев бейнелері суретшінің қапысыз жетістігін әйгілеп тұрады.

Қазақ рухының алдаспандары Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, Ескендір Хасанғалиев, Сатыбалды Нарымбетов тұлғалары суретші қыл қаламы арқылы ел жүрегінде мәңгілікке қалды.

Бұл адамдар – ел мүддесін биік қойғандар, шын мәнінде, ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткендер. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тұлғалары – жұртының жадында, елінің есінде мәңгі сақталады. Бұл көрме бұдан былай да тұрақты түрде өткізіліп тұрады, сондай-ақ экспозициялар бүгінгі танымал тұлғалардың портреттерімен толықтырылмақшы, - деді көрмені ұйымдастырушылардың бірі белгілі жазушы, әрі суретші Әлібек Асқар.

Айта кетейік, бұл іс-шараны ҚР  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы