#Тәуелсіздік30. Аңызға айналған жолдың жаңғыруы

10 Қараша 2021, 13:10
793
Бөлісу:
#Тәуелсіздік30. Аңызға айналған жолдың жаңғыруы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізді кесіп өтетін Ұлы жібек жолы ежелден сауда-саттықтың, елдер арасындағы экономикалық байланыстың күре тамыры болған. 

Бүгінгі технологиялар заманында Ұлы жібек жолы бойында орналасқан елдер аңызға қайта жан бітіріп, тынысын ашуда. Осы мақсатта Қазақстан да аянып қалмады. 2008 жылдың 6 ақпанында Елбасы өзінің халыққа жолдауында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік жолы» жобасын іске қосатыны туралы хабарлады. Халықаралық транзиттік автожолдың Қазақстандағы ұзындығы 2787 шақырымды құрап, 5 облыс арқылы өтетін болып бекітілді.  Ал осы жобаның жалпы құны 825,1 млрд теңге болды. Тіпті ілкімді істі іркілтпей жүзеге асыруда бақылау жұмыстарына жауапты мекемелер де бекітілді. Олардың ішінде атқарылған жұмыстың сапасын қадағалайтын – Ұлттық сапа орталығы. Аталған орталықтың өңірлер бойынша өз бөлімшелері бар. Ал тоғыз жолдың торабында орналасқан Жамбыл облысына да Ұлы жібек жолының бір бөлігі тиесілі. Осы ретте Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Жамбыл облыстық филиалының инженері Ахметжан Бименовпен сұхбаттасқан едік.

Айта кетейік, бүгінде  аталған мекеме автомобиль жолдарын салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу үшін республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының тапсырыс берушімен бекітілген жоспар кестесі бойынша жұмысын жүргізеді. Ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жургізу үшін – 723,5 шақырым. Орташа жөндеу кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жургізу үшін – 28 шақырым. Қайта жаңарту кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу үшін – 492,5 шақырым. Кепілдік мерзімдегі нысандар – 109,5 шақырым.

Мердігер өз есебінен жөндеуге міндетті

– Жамбыл облысы бойынша Оңтүстік-Солтүстік» дәлізінің маңызды учаскелерінің бірі – Бурылбайтал тас жолы. Аталған жол учаскесінің жөндеу жұмысының сапасына қатысты көптеген сын айтылып келеді. Сапаны бақылайтын мекеме ретінде қалай түсіндіресіз? Тараз бен Шу қалаларының ортасындағы жолдың да жағдайы мәз емес. Осы мәселенің де ақ-қарасын ажыратып берсеңіз. 

– «Ресей Федерациясының шекарасы – Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Алматы» автомобиль жолының 2005-2214-ші шақырым аралығының қайта жаңарту жұмысы Жамбыл облысының аумағында жатыр. Ол 4 учаскіге бөлініп, автомобиль жолының қайта жаңарту жұмысын бірнеше мердігер компания жүргізуде. Алайда аталған автожолдың  2069-2105 шақырымына дейін, одан кейін 2105-тен 2152-ші шақырымға дейінгі аралықта  қайта жаңарту кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу барысында бірнеше жол ақауы (қабыршықтану, сорап, асфальтобетон жамылғысының тегіс еместігі) табылып және материалдардың (ұсақталған құм) нормативке сай келмегендігі анықталды.

Сонымен қатар Мерке – Шу бағытындағы 7-127 шақырым аралығындағы автомобиль жолының қайта жаңарту кезінде жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу барысында бірнеше жол ақауы (шөгулер, асфальтобетон жамылғысының тегіс еместігі, асфальтобетон жамылғысының тор жарықшықтары, жарықшықтар, бетон жарықшықтары) табылып және материалдардың (қиыршық тас құм араласпасы, ұсақталған құм) нормативке сай келмегендігі анықталған. Осы аталған кемшіліктерді жазбаша түрде біздің тараптан тапсырыс беруші және мердігерлерге хабарлама берілді. Жұмыс барысында мердігер компания ақауларды өз есебінен жоюға міндетті.

– Жұмыстарыңыздың бір бағыты жолдарды диагностикалау және аспаптық тексеру бойынша кеңінен түсіндіріп өтсеңіз.

– Орталық жұмысының бір бағыты жолдарды диагностикалау және аспаптық тексеру болып табылады. Жолдардың жағдайын зерттеп шығу үшін жылжымалы зертхана пайдаланылады. Аталған зертхана толықтай заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Соның арқасында жолдардың ұзындығын GPS байланыс арқылы өлшенеді. Геометриялық параметрлері есептеледі. IRI әлемдік стандарты бойынша жолдың тегістігін өлшеу жүйесі бар. Ой-шұқырлар мен өзге де деффектілерді анықтап, видео түсірілім жасауға т.б мүмкіндік береді. Айта кету керек, тексерісті жүйелі жасап, зерттеуге біршама уақыт алады. Алайда жолдарды диагностикалау қызметін тек республикалық автожолдарда ғана пайдаланылады. Тек 2019 жылы облыстық маңыздағы жолдарға диагностикалық жұмыстар жүргізілді. Соның негізінде 2020-2021 жылдары бірнеше автожол орта жөндеуден өткізілді. Бірақ былтыр және биыл облыстық жауапты басқармадан және аудандық әкімдіктерден өтініш түскен жоқ. 

Жаңа әдіс өңірдің климаттық ерекшелігін ескере отырып ойластырылған

– Қызметтеріңіздің бір тармағы жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерде сынау бойынша облыстық филиалдың жеткен жетістігі қандай? Аталған салаға қандай жаңалық енгізе алдыңыздар?

– Ұлттық сапа орталығы қызметі бағыттарының бірі жаңа технологияларды енгізу және тәжірибелік учаскелерде сүйемелдеу болып табылады. Бұл бағытта 2017 жылдан бастап республикалық маңызы бар жолдарда бетон бетіне тозудың қорғаныш қабатын төсеу (икросюрфейсинг) технологиясын пайдаланылып келеді. Бұл бетон жамылғысын тозудан қорғайды. 2021 жылдың тамыз айында Қордай-Қайнар  (көлемі – 300 м2), Алматы – Ташкент – Термез бағытындағы жолдарда зерттеу мақсатында «Фогсил» жаңа шетел технологиясы енгізілді. Оның  асфальтобетон жамылғысын тозудан қорғайтын қасиеті бар. Қазір бұл жолдар мамандардың жіті бақылауында. Ал облыстық маңыздағы жолдарда  ресайклермен араластыру әдісін қолданып отырмыз. Бұл тәсіл өңірдің климаттық ерекшеліктеріне қарай тиімді, әрі төзімділігін көрсетіп отыр.

Жемқорлармен күресте орталықтың ұстанатын саясаты бар

– Жол құрылысы – жемқорлық тәуекелі басым бизнестің бір түрі. Осы ретте қызметкерлеріңіздің арасында жемқорлық тәуекелін алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізілуде?

– Ұлттық сапа орталығы антикоррупциялық саясатты қатаң ұстанады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен бірлескен шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ орталықта 2019 жылы «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы қолға алынды. Аталған жоба аясында жемқорлық тәуекелінің алдын алу мақсатында кешенді шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, тексеру, бақылау, жөндеу, сапасын қадағалау кезінде азаматтық қоғам мен агенттік өкілдерінің қатысуымен жүргізіледі. Өткен жылы осындай 45 бірлескен тексеру өтті. Ағымдағы жылы бұл жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір облыстың антикоррупциялық қызметінде жөндеу жүргізілген аудандық мәндегі автожолдарға қатысты екі бірдей қылмыстық іс қаралып жатыр. Антикоррупция қызметі қаулысының негізінде біздің мамандармен арнайы сынамалар алынып, қорытындысы шығарылды. Қазір бір іс сотқа өткізілді. Сонымен қатар біздің мекемеде антикоррупциялық ереже қалыптасқан. Әрбір қызметкер осы құжатты ұстану жөнінде келісімге қол қояды. Барлық жұмысшылар жемқорлыққа қарсы арнайы  нұсқаулықтармен танысуға міндетті.

#Тәуелсіздік30. Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі бірегей жетістік

– Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Осы атаулы күнді қандай көрсеткіштермен қарсы алғалы отырсыздар? Жалпы, 30 жыл ішінде жол құрылысы саласында қандай өзгерістер орын алды?

– Тәуелсіз 30 жылда жол саласында жеткен жетістіктер аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі. Қазір «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін жаңғырту жүріп жатыр. Соңғы жылдары жол құрылысына әр түрлі деңгейдегі бақылау енгізілуде. Солардың бірі – Жол активтері Ұлттық сапа орталығының ашылуы. Мекеме жол құрылысын бақылау, онда пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасын анықтаумен айналысады. Заманауи технологияларды пайдаланудың арқасында құрылыс кезіндегі олқылықтардың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ жұмыстың сапалы жүруін қадағалау, жұмыс мерзімін белгілеу сияқты қызмет ұсына алады. Нормативтік-құрылыс құжаттары өзгерді. Еліміз жол салу, жөндеу саласында өзге мемлекеттерден кем емес, өз стандарттарын белгілеп, қабылдады. Осының арқасында жол саласында ел тарихында болмаған орасан жетістіктерге қол жеткіздік. Айта кеткен жөн, соңғы жылдары жол саласында маман тапшылығы сезіліп отыр. Еліміздің жоғары оқу орындарында жол құрылысы жөніндегі факультеттер ашылса деген ниет бар. Бұл жаңа мамандарды даярлауға мүмкіндік берер еді. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы