Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

18 Қаңтар 2021, 10:51
4673
Бөлісу:
Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік  тәу етер ұғым. Биыл Қазақстанның шекарасы шегенделіп, азат аспанның астында күн кешіп жатқанына 30 жыл толады. Тәуелсіз елмен бірге нығайып, бірге жетілген тәуелсіз жастар қандай болуы керек? Бұл сұраққа кейіпкеріміз Гүлдана Дәуренбектің тәуелсіз жолы бойынша жауап беруге тырыстық.

Міндет пен мінез

Гүлдана Дәуренбек Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласында 1991 жылдың 10 сәуірінде дүниеге келген. Биыл мерейлі мереке - 30 жасқа толғанын мерекелейді.

Гүлдананың айтуынша, отбасында олар 3 ағайынды. Оның әпкесі мен інісі бар. Әкесі - байланысшы (связист),анасы – ағылшын және неміс тілінің мұғалімі.

Мен 4-сыныпта оқып жүргенде отбасымызбен Түркістан қаласына көшіп келдік. Түркістан қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №5 мектепте 9-сыныпқа дейін оқып, қалған екі жылды қаладағы дарынды балаларға арналған Нұртас Оңдасынов атындағы Дарын мектебінде тәмамдадым. Мектеп бітірген соң ХҚТУ-ға қытай филологиясына ақылы бөлімге оқуға түстім. Шығыс мәдениетіне одан сайын ғашық бола түстім. Алпауыт Қытайды өз көзіммен көру үлкен мақсатыма айналды. Тынбай еңбек етіп,  мақсатыма қарай қадам баса бердім. 2-курста Шыңжаң педагогикалық  университетінен студент алмасу бағдарламасы бойынша бакалавриатқа бір оқу гранты келді. Грантты мен жеңіп алдым, - дейді Гүлдана.

Оның айтуынша, таныстық пен жемқорлық жайлаған елде алдына көлденең тұрғысы келген бірен-саран ұстаздар мен бай балалар болған. Алайда өзі аса құрметтейтін әділ ұстаздары әділдіктің туын ешкімге ұстатпаған. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Әділдіктен күдер үзбеу мен үшін дәл осы кезде басталды. Бакалавриатты аяқтаған соң, Хубэй провинциясы Ухань қаласына Конфуций институты тағайындаған оқу грантымен магистратураға түстім. Оны тәмамдаған соң, осы ЖОО мені PhD оқуға шақырып, Қытайдың мемлекеттік грантымен лингвистика және қолданбалы лингвистика мамандығына PhD-ға түстім. Қазіргі таңда «Қытай және қазақ тілдерінің эффемизмдерін салыстыру» тақырыбында докторлық диссертациямды жазып жатырмын. Одан бөлек, Уханьда тіл үйрету орталықтары мен балабақшаларда ағылшын тілінен сабақ бердім, - дейді талапты әрі талантты жас. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Гүлдана Дәуренбек Қытай  оның құндылықтарын, көзқарасын түбегейлі өзгерткенін айтады. Еңбектенумен қатар өмірден ләззат алуды қытайлардан үйренгенін жеткізді.

Қытай мен қағида

Қытайлар киімге көп қаражат жұмсамайды, есесіне білім мен саяхаттан қаражат аямайды. Қайнаған су барлық емге шипа деген сенімдері маған да сіңіп кеткенін байқадым. Қытайлар «Сәлеметсіз бе, қалайсыз?» дегеннің орнына «тамақтандың ба?» деп сұрайды. Мұны кезіндегі тұрмыстың төмендігі, астың тапшы болғанымен байланыстырады. Егер тоқ болса, қалған мәселелер маңызды емес деп түсінген. Қоғамдық орындарда тырнақ алу қытайлар үшін қалыпты жағдай. Қытайда жасы егде кісілердің өз қызығушылықтары бар. Олар өте белсенді өмір сүреді. Қартайғанда айналысатын істерін алдын ала жоспарлап қояды, - дейді Гүлдана.

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Оның айтуынша, қытай саябақтарында топ болып билеп жүрген, ән салып, тайцзицюаньмен, спортпен айналысып жүрген өмірге құштар қарттарды жиі кездестіруге болады.

Мұндай қарттардың өмір сүру стилі маған жігер сыйлайтын. Қытаймен ұқсастықтарымыз – олардың да ата-әжелері біз секілді немерелерін бағып-қағуы. Босанған соң, қырық күн күтіну, ана сүті, әке сүті, сондай-ақ қалың мал бұл халық та да бар. Қарапайымдылықтары өз алдына бір төбе. Қоғамдағы статусына қарамастан олар өзіне ыңғайлы киінеді. Профессорлардың өзі ЖОО-да спорттық киіммен жүре береді. Бастысы - ыңғайлы болуы. Сыртқы киім үшін ешкім ешкімді сөкпейді. Мен қызмет еткен орындарда кімнің бастық, кімнің қарапайым қызметкер екенін анықтау қиын. Бәрі тең дәрежеде бірге тамақтанып, ыдыстарын өздері жуады. Қызметін асыра пайдалану дегенді бұл халықтан байқамадым, - дейді ол.

Гүлдана атағандай, Қытайда біреуге сыйлық беру де жемқорлық болып есептеледі.

Олар ұстазына немесе өзге адамға алғыс айтқысы келсе, тамаққа шақырады. Осылайша, біреуге деген сыйластығын көрсетеді. Қымбат сыйлық бермейді. Магистратурада оқып жүрген кезімде өзімнің жетекшіме елден шоколад алып бардым. Бірақ бере алмадым. Ол кісі басқаша түсініп қала ма деп ойлап, ақыры апарған сыйлығымды бермедім, - деді ол.

Қытай мен Қазақстанның ұқсастықтары да бар екенін атап өтті.

Қытайда отырып қалған жастардың жеке өміріне ата-аналары араласа бастайды. Сол үшін де Қытайда «Неке базары» ашылған. Демалыс күндері ата-аналары мен әжелері соған барып, жастар туралы барлық мәліметті сұрап, сол жерде саудаласады. Өзінің балаларына қажет адамдарды іздейді. Ол жақта 30-ға келгенде қысса, бізде 20-дан асқан жастарды қыспаққа алып жатады. Осы жағынан ұқсастықтар аз да болса бар, - дейді ол.

Гүлдана Дәуренбек атап өткендей, ер мен әйелдің құқығы тең.

Екеуі де қызмет атқарып, табыс табады. Екеуі де бірдей үй шаруашылығына қарайды. Баланы бірге бағады және оның шығынын бірге көтереді. Бұл жүйеге Қытайдың өзі 1949 жылы әйелдердің аяғын бүктеуді заңды түрде тоқтатқаннан кейін көшті, - деді ол.

 Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

 Тіл мен талап

Гүлдана қазақ және орыс тілдерін қоспағанда тағы бірнеше тілді жетік меңгерген.

Қытай (мандарин) және ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Түрік тілін мектепте қызығып оқығаныммен өмірімде оның қолданыс аясы тар болды. Кез келген адамның бірнеше тіл үйренуге қабілеті бар. Тіл үйрену мидың жұмысын жақсартады. Десе де, бізде тілді негізгі мамандық ретінде оқитындар жетерлік. Қазір қытай, ағылшын тілін жетік білетіндер саны көп. Сондықтан мен жастарға соңғы уақытта тілді басты мамандық ретінде емес, қосымша үйреніңдер деп кеңес беріп жүрмін, - дейді ол.
Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Гүлдана Дәуренбектің айтуынша, бізге техникалық мамандықтарды арттыру қажет.

Оны пандемияда барлығымыз түсіндік. Ал тілді хобби ретінде желіден немесе тіл орталықтарынан да үйренуге болады. Қытайда ағылшын тілін балалар 3 жастан, балабақшадағы кезеңнен бастап үйренеді. Себебі баланың тілді қабылдау кезеңі 3-7 жас аралығында қарқынды дамиды. Сондықтан қытайлар осы кезеңді ұстап қалуға тырысады, - дейді тәуелсіздіктің құрдасы. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Гүлдана шет тілдерін үйренуден бөлек ән айтқанды ұнататынын айтты. Саяхаттау мен серуендеу, тауға шыққанды ерекше жақсы көретінін жеткізді. Осы орайда Гүлдана құндылық пен саяхатқа байланысты өмірінде болған оқиғаны айтып берді.  

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Қыстық демалысымда Малайзияға саяхат жасаймын деп, шәкіртақымды жинап, фотоаппарат алдым. Барып, суретке түсіре білмеген соң қанша қымбат дүние болса да құнсыз болатынын ұқтым. Келесі жолы Бали аралына баратын болып, жинағаным жетпеген соң сол фотоаппаратты сатып жібердім. Қымбат заттың беріп жатқан пайдасы болмаған соң, оны саяхатқа жұмсағаным дұрыс деп шештім. Керек болсын, болмасын, «жұрттан қалмайық» деп кейде өзіміздің нағыз құндылықтарымызды түсінбейміз. Қытайдан келгенде таныстарым «ол жақта киім арзан ғой, киімің көп шығар» дегеннен- ақ, біздің материалдық құндылыққа ерекше назар аударатынымызды байқауға болады. Материалдық құндылықты бәрінен биік қойып, ыдысының сапасын, киімінің брендін айтып мақтанатындарды түсіну мен үшін қиын, - деді ол.

Жоғарыда айтылғандай, Гүлдана Дәуренбек коронавирус індеті бастау алған Уханьда білім алып жатты. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Уханьда пандемия бастау алғанда мен Таиландта болдым. Ухань карантинге жабылғандықтан елге оралдым. Содан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Қазір ағылшын тілінен онлайн сабақтар беремін. Диссертациямды жазып, өңдеп жатырмын, - дейді ол.

Тәуелсіздік пен тағдыр

«Тәуелсіздік құрдасымын» деген ұғым бала кезде мақтаныш сезімін ұялататын. Қазір жауапкершілік сезімі басымырақ. Бүгінде екеуміз де 30-ға аяқ бастық. Орда бұзар жастамыз. Дәл қазір маған да, елге де өзгерістер қажет екенін сеземін. Тәуелсіздіктің құрдасы болған соң ба, еркіндік менің екінші атым іспеттес. Еркіндік бар жерде ғана өркендей алатынымды түсіндім. Көк паспорттың арқасында шет мемлекеттерге емін-еркін шығып, білім алу қазіргі таңда өте қолжетімді. Сондықтан да жастарды осы мүмкіндікті пайдаланып, шетелде білім алып, елдің, халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге атсалысуға шақырамын. Өзіме үнемі жоғары талап қоямын. Шыдамсыздық жиі танытамын. Бірақ соның нәтижесінде өзімдегі дамуды байқадым, - дейді ол. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Гүлдана Қытайдың озық технологиясын көргенде біздің біраз жылға артта екенімізді көріп қатты қынжылатынын айтты.

«Шүкір, тәуба» тек деградацияға әкеп соғады. Сондықтан билік басына өзінің емес, елдің мүддесін ойлағанда шүкірді білмейтін, халықтың жағдайын жақсартуда шыдамсыздық таныта білетін адамдар келгені дұрыс деп ойлаймын, - деді ол.

Гүлдана Дәуренбек Тәуелсіздік деген киелі ұғымда ата-анасының үлесі де бар екенін айтты. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Ата-анамның студенттік кезеңі Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы қарсаңында өтті. Алаңға шығып, бодан болуды талап еткен жастардың қатарында олар да болды. Бала кезден бұл жай сөздің өзінде қаншама тәуекел, қайсарлық, қан жатқанын ұғындырған да ата- анам, - деді Гүлдана Дәуренбек.

Оның айтуынша, жыл сайын Тәуелсіздік күні ата-анасы «алғыс хат», марапатқа ие болып жатады.

Тәуелсіздік ұғымы ата-анамының үлгісі арқылы келген дүние. Біздің ел жан-жақты дамуы керек деп ойлаймын. Қазір IT саласын дамыту керек. Пандемия кезінде білім беру де қашықтан оқытуға көшті. Сол кезде біздің осал тұстарымыз байқалды. Көп жерде желі ұстамайды. Мен де қазір онлайн сабақ беремін. Кейбір оқушыларым әлі де интернет тапшылығын көріп отыр. Қытайда «Байығың келсе, жолыңды түзе» деген сөз бар. Қазақстан үшін де бұл мәселе таңсық емес. Қытай ол жағынан мінсіз болып отыр. Сауда-саттық пен барлық қарым-қатынас жол арқылы өтетіндіктен, қытайлар осы саланы реттеп алған, - дейді Гүлдана. 

Тәлім мен таптаурын

Гүлдана осы жасқа дейін түйген, өмірлік тәжірибемен келген философиялық ойларымен де бөлісті. 

Тәуелсіздік жастары: Еркіндік менің екінші атым іспеттес

Өз әлеміңнен басқа, өзге әлемді көргенде өзіңнің жағалаудың бір шетінде ғана тұрғаныңды ұғасың. Біздің қоғамда өзге елге шығуды, сахаттауды байлардың еріккен ісіне балайтын таптаурын бар. Бірақ «көкжиегім кең болсын» деген тұлғаға саяхат, өзге елдің мәдениетімен танысу өмір сүру стиліне айналады. Себебі кейде бірнеше жыл тұрған жеріңде түсінбеген дүниеңді бір рет болған жаңа жерде түсінуің мүмкін. Яғни, ол көзқарастың өзгеруі, құндылықтарыңды түсінуге жәрдемдеседі. Өзіміздің ешкімнен артықшылығымыз жоқ, әлемдегі барлық адаммен бірдей екенімізді түсіну біздің қоғамға артық болмас еді. Себебі бізде патриот болу өзге ұлтқа деген өшпенділікпен өлшенеді. Өз еліміздің патриоты болу үшін өзге елді, ұлтты жек көрудің қажеті жоқ. Осы тектес таптаурындарды бұзуда өзгенің мәдениетін, менталитетін білудің пайдасы зор, - деді ол.
Ойын түйіндей келе Гүлдана Тәуелсіз елдің ұрпақтары рухты, білімді әрі бақытты болуы керегін айтты. 

P.S. Егер Тәуелсіз Қазақстан адам болғанда, Гүлдана сияқты өжет әрі талапшыл, өзіне сенімді және жан-жақты, ұстанымы нығым, қайсар қыз болар ма еді? Кім білген?!

Өзгелердің жаңалығы