Тәуелсіздік-30. Ақтөбелік салт аттылар 400 шақырымды бағындырды

10 Қыркүйек 2021, 19:47
3069
Бөлісу:
Тәуелсіздік-30. Ақтөбелік салт аттылар 400 шақырымды бағындырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында республикалық Ат туризм федерациясының құрылуына орай Ақтөбе облысының бір топ әуесқой азаматтары 380 шақырымдық салт аттылар сапарын ұйымдастырды.

5 қыркүйек күні Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылынан басталған тур Темір, Байғанин аудандарын қамтыған. Басты мақсат – атпен серуендеу, атқа міну мәдениетін қалыптастыра отырып, тарихты сақтап қалу.

Бас-аяғы 10 салт атты сапардың алғашқы күні 80 шақырым жол жүріп, Сәңкібай ата кесенесіне жетті. Сәңкібай ата мазарына келудің де өз себебі бар. Салт аттылар арасында Сәңкібай атаның оныншы ұрпағы Ақарыс есімді азамат та бар екен. 

Екінші күні 70 шақырым жолды артқа тастап, Мұғалжар аудана қарасты Көкбұлақ ауылына ат басын тіреді.

Үй иесі Әбдіғали ақсақалмен 1993 жылдың күзінде Шалқардың Айшуақ совхозында кездескенбіз. Есет Көтібарұлына үлкен ас беріліп, мен бәйгеге қатысқан едім. Сол кезде ақсақалмен дәмдес болу бұйырған. Араға 28 жыл салып, ортақ қызғушылығымыз — текті жануар жылқының арқасында қайта қауышып отырмыз, - дейді сапарды ұйымдастырушы, жеке кәсіпкер Айбек Нақбаев.

Салт аттылар 400 шақырымға жуық сапарларында Жарқамыс ауылындағы Бәкір Тәжібаевтың Ақбұлағына, Бөкенбай батыр кесенесіне соқты. Ал негізгі сапар межесі Жем және Темір өзендерінің құйылысындағы Құдайбергеннің көк үйі аталатын орынға жету.

Ертеректе осы жерде мыңғырған жылқысы бар назар руынан шыққан Құдайберген деген бай тұрған. Кәмпескенің кезінде алдындағы жылқысын айдап өз қолымен апарып үкіметке тапсырған деседі. Ғалым-селекционер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мұғалжар және көшім жылқыларының авторы Серікбай Ырзабаев қазіргі "Мұғалжар" жылқысының тегі осы Құдайберген байдың жылқыларынан тараған дейді. Мұндай тарихты көзбен көру, сезіну әлі де мүмкін, - дейді Айбек Нақбаев.

Ақтөбе өңірінде салт атпен сапарға шығуды жігіттер өткен жылы бастаған. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұғалжар ауданының 5 ауылдық округі арқылы өтіп, 175 шақырым жол жүрген. Салт аттылардың арасында пайғамбар жасына жеткен Тұрғанбай ақсақал бар.

Қазаққы қара жүріске, жорыққа, салт жүріске мінетін аттары қазір тек сүт пен ет үшін ғана пайдаланылып жүр. Шын мәніне келгенде жылқы малының тұяғына дейін тұнып тұрған қазақтың тарихы. Оның денсаулыққа пайдасы жайында айтпасақ та белгілі. Бізде де техникаға сүйенген заманда атқа міну мәдениетінен айырылып қалмайық деген ой болды. Әсіресе жастарды атқа отырғызып, жанына ел ішін жақсы білетін аға буын өкілдерін қосып, ауыл-ауылды, тарихи орындарды аралату қажет-ақ. Мен шет елдерден асыл тұқымды жылқының түр-түрін әкеліп шаптырдым. Олар бәйгеден оза шауып, бәленбай бас жүлдені әкеле берсін, бірақ рухани байытатын тарихымды бере алмайды. Жанымды тыныштандырмайды, - дейді Айбек Нақбаев. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл жазда Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен астанадан жидебайға дейін 1000 шақырымдық жолды салт атпен жүріп өткен жігіттер туралы жазған болатынбыз. Сонымен қатар, жақында ғана Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай БҚО салт аттылары 80 шақырым жол жүрген болатын.

Өзгелердің жаңалығы