Тауар туралы шешім алу уақыты екі есе қысқарды

21 Қаңтар 2021, 19:30
1969
Бөлісу:
Тауар туралы шешім алу уақыты екі есе қысқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл ЕАЭО Сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасына сәйкес тауарларды жіктеу туралы шешім қабылдауға өтінімді электронды түрде беруге жағдай жасайтын нормалардың арқасында мүмкін болды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Мұндай өзгертулер «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің ережелеріне енгізілді. Комитеттің ақпараттық жүйелерінде өтініштерді электрондық түрде беру мүмкіндігі іске асырылды. Көрсетілген өтініштер Мемлекеттік кірістер органына тауарды ЕАЭО СЭҚ ТН он мәнді коды деңгейінде жіктеуге мүмкіндік беретін тауар туралы мәліметтерді растайтын құжаттардың электрондық не сканерленген көшірмелерін қоса бере отырып берілетін болады – делінген комитет ақпаратында.

Енгізілген түзетулер негізінде тауарды сұрыптау туралы шешімді беру мерзімі айтарлықтай қысқарғанын атап өту қажет.

Осылайша, тауарды сұрыптау туралы алдын ала шешімдер қабылдау 20 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Ал жинақталмаған түрде жеткізілетін тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау 30 жұмыс күнінен 20 жұмыс күніне дейін қысқартылды – делінген хабарламада.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулер бизнеске салыстырмалы түрде қысқа мерзімде тауарларды байланыссыз форматта жіктеу туралы шешімдер алуға ықпал етеді.

Өзгелердің жаңалығы