Гүлбану Сәрсекей: Торғайдың тарихын насихаттау – маған бұйырған бақыт

29 Шілде 2020, 15:07
6106
Бөлісу:
Гүлбану Сәрсекей: Торғайдың тарихын насихаттау – маған бұйырған бақыт
PHOTO

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алақандай аудан орталығында бес музей бар. Атап айтқанда: Шақшақ Жәнібек батырға, Алаш арыстары А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлына, Ы.Алтынсаринге, Ә.Жангелдинге арналған мұражайлар мен халық ақыны Н.Ахметбековтің музей-үйі. Осылардың төртеуі "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" мекемесіне кіреді. Жақында мекеме басшысы Гүлбану Сәрсекеймен сұқбаттасып, бірталай қызық мағлұматқа қанықтық.

– Гүлбану Құлетқызы, әуелі сіз басқарып отырған кешен туралы әңгімеден бастасақ. Мекеме құрамына кіретін музейлер тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Қасиетті де қадірлі қарт Торғай жерінің мақтанышы – "Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені" КММ. Бұл кешенге төрт мұражай кіреді. Оның алғашқысы Ә.Жангелдин музейі 1984 жылы ашылса, 1988 жылы Ы.Алтынсарин атындағы мемориалды-педагогикалық мұражай, 1991 жылы Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби мұражайы, 1993 жылы Шақшақ Жәнібек батырға арналған рухани орын пайдалануға берілді. Кешен Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасына қарайды.

Ахаң Жақаң тұтынған заттар.JPG

Алғашқы мұражай Әліби Тоғжанұлы Жангелдиннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған. Оның "Жол саяхаты", "Балалық шағы", "Этнографиялық бөлім", "Шалқар сапары" және "Ұлт-азаттық көтеріліс", "Қызыл керуен", "Коллективтендіру дәуірі", "Отан соғысының отты жылдары", "Майдан мен тылды ұштастыру кезеңдері", "Бүгінгі Торғай – түлеген Торғай" сияқты бірнеше бөлімдері бар.

1864 жылы салынған Ыбырай мектебі түлектерінің үндеуінің арқасында 1988 жылы білім ошағы қалпына келтіріліп, мемориалды-педагогикалық мұражай болып ашылды. Музей мынадай бөлімдерден тұрады: "Ашылу тарихы", "Шығыс жұлдыздары", "Далалық оқу мен мұсылманша сауаттану", "Ыбырайдың ата-тегі", "Балалық шағы мен білім алған ордасы", "Ыбырай ағартушы-педагог, баспагер және оның достары", "Ыбырай ашқан мектептер тарихы", "Ізбасарлары мен шәкірттері", "Ыбырайға тағзым және құрмет".

Кешегі өткен сойқан кезеңдерде елдік үшін күрескен, репрессияға ұшырап, тотаритарлық жүйенің қылбұрауына түскен, тұтас ұлттың қос арысы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған музейде қос тұлғаның өмір жолы, білім алған кезеңдері, тұтынған заттары, жасаған еңбектері көрсетіледі. Торғайдан түлеп ұшып, бүкіл әлемге танылған ірі ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өнердің хас шеберлері, сазгерлер, әнші-жыршылар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмір деректері де осында.

ахаң тұтынған заттар 2.JPG

Тағы бір музейіміз тәуелсіздігімізді алып, етек-жеңімізді жия бастаған тұста, кешегі жаугершілік заманда қазақтың төрт тірегінің бірі болған Шақшақ Жәнібек бабамыздың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында, Торғай халқының өз қаражатымен ашылған. Бұл мұражай ХVІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі "Алқакөл сұлама, Ақтабан шұбырынды" қасіретін көз алдыңа әкелетін "Аңырақай шайқасы" диараммасы мен Жәнібек бабамыздың өмір жолы, жазған хаттары, бабасы Шақшақ баһадүр ұстаған тудың қиындысы, "Тархан" атағын алғандағы жарлығы мен зират басынан әкелінген топырағы, батыр жөнінде жазылған кітаптармен толықтырылған.

– 1990 жылдан бері музей саласында еңбек етіп келесіз. Тарихи құнды мұралардың сақталуына қосқан үлесіңіз бен жәдігерлерді халыққа таныстырудағы қызметіңіз елеусіз емес. Түрлі деңгейдегі марапатқа кенелдіңіз. Бітірген мамандығыңыз заңгер екен, бұл салаға қалай келіп жүрсіз?

– Аудандық халық депутаттары атқару комитетінде заңгер болып жүрген тұста, сол кездегі аудан әкімі Жақан Қосабаев пен музей директоры Ғазиз Әмірханов ағаларымыздың өтінішімен 1990 жылы Ә.Жангелдин музейіне экскурсия жетекшісі қызметіне орналастым. Көп ұзамай, қос арысымыз ақталып, музей ашылып, оған ғылыми қызметкер болып бардым. Тағы бір жыл өтпей Шақшақ Жәнібек мұражайы бой көтеріп, сонда аға ғылыми қызметкер болып ауыстым. 2011 жылдан бері Торғай мұражайлар кешенінің директорымын. Бұл да болса менің тағдырым шығар, ел мен жер тарихын, перзенттерінің өмір жолын насихаттау бақыты бұйырыпты. 30 жыл бойы осы салада табан аудармай тер төгіп келемін.

– Жалпы, мұражай қызметкерінің жұмысы көрінбей, айтылмай жатады. Мәселен, сіздің еңбектеріңізді жерлестеріңізден басқа былайғы жұрт біле бермейді. Бір әңгімеңізде Ахаң мен Жахаңнан қалған құнды жәдігерлер туралы "тіпті ұлттық музей сұрағанда бермеген едім" деп айтып едіңіз...

– Музей қызметкерлерінің жұмысы ғылыми іздестіру, зерттеу, қор жұмысы, мәдени-ағарту, баспа жұмысы болып келеді. Мақсатымыз – ұлттық құндылықтарымызды, мәдени мұрамызды, ел тарихын сақтап, насихаттап, келер ұрпаққа жеткізу. Осы орайда облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстар мен ғылыми конференцияларға қатысып, марапаттарға ие болып жүргенімізді айта кетсем артық болмас. Мысалы, 2011 жылы "Мұражай – тарих пен бүгінгі күннің феномені ретінде" атты халықаралық мұражайтанушылар форумы аясында өткізілген "Үздік ауыл мұражайы" байқауының жеңімпазы атандық.

Жақаң тұтынған заттар 2.JPG

Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын қазақтың арыстары ақталғанда қызмет еткен ел ағаларының еңбектері зор. Аудан басшысы Жақан ағамыз бен музей директоры Ғазиз ағамыз бірталай істер тындырды. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының тұтынған заттары мен еңбектерінің түпнұсқаларын туыс-туғандарына арнайы барып, жинақтады. Ахаңның "Қырық мысал" (Қазан, 1909 ж), "Маса" (Орынбор, 1911 ж) кітаптары 1937 жылы киізге оралып, жер астына көмілген екен, 1990 жылы қазып алып, мұражай қорына табыс еткен Смағұлов Ерден ақсақал еді. Тапсырушы естелігінде: "Әкем Смағұл "балам Ахаң халық жауы болуы мүмкін емес, түбі ақталады. Кезінде ақ келінді елге алып келгенде қос кітапты сыйға тартып еді, есіңде болсын, түбі ақталғанда осы жерден қазып аласың" дегені. Аманатқа қиянат жасамайын деп, мұражайға табыстап отырмын", – деген. Гүлнар апамыз (Міржақып Дулатұлының қызы) қиын-қыстау кезінде әкесінің дүниелерімен қатар, атасы Ахметтің 4-кітабының түпнұсқасын Орынбордан Мәскеуге көшіп бара жатқан татар көршісіне аманаттап табыстаған. 52 жыл бойы ақысын төлеп отырып, 1990 жылы ғана Алматыға алдырып, 1991 жылы Торғайдағы музейге берді. Бұл баға жетпес құнды жәдігерлерімізді ұрпаққа насихаттаудамыз. Сондай-ақ, Ахаңнан қалған құнды жәдігерлер – жез леген, шифонер, ағаш диван, сағаты, жорнал столы, патефоны болса, ал, Жахаң тұтынған заттардан – ас үстелі, тумбочкасы, қол жуғышы, шай әбзелдері, кестелі атлас көрпесі бар, бұның бәрі шешеміз Ғайнижамалдың төркінінен келген бұйымдар. Бұдан бөлек, тар жол, тайғақ кешу жылдарында қапаста отырып өзіне тіккен қазақы тақиясы (аяқталмай қалған) мен қызы Гүлнарға жасаған фотожақтауы, 10 жасында дүние салған баласы Әлібек үшін жасатқан, күміспен шекелеткен қайыс белбеуі бар. Алаштың кейуанасы атанған Гүлнар апамыздың оранған жөргегі, жары тұтынған қобдиша мен қайшы, балаларының шашын алған машинкасы мен өзіне тоқыған жағасы – осының бәрі мұражайдағы құнды дүниелер. Гүлнар апамыз өзі табыс еткен. Тағы бір айта кететін жәдігер – Міржақыптың сүйегін Карелиядан елге әкелер кезінде қорымнан алынған бір уыс топырақ. Сол топырақты апамыз өмірінің соңына дейін төсегінің басында сақтап, дүние салар алдында баласы Ерлан Сатыбалдыұлына "қабірімнің ішіне денеме жартысын себерсіңдер, қалғанын Торғайдағы музейге, Гүлбануға табыс етерсің" деп аманат етіпті. "Аманатқа қиянат жасамайын" деп Ерлан ағамыз нағашы атасы Міржақыптың топырағын музей қорына табыстады.

– Торғайда халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі бар екенін білеміз. Оның қазіргі жағдайы қалай? Біліп тұрасыздар ма?

– Торғайдың топжарғаны Нұрхан Ахметбековтің музей-үйі 1983 жылы ақынның 70 жылдық мерейтойында ашылып, бүгінге дейін халыққа қызмет етіп келеді. Алғашында бұл үйге ақынның келіні Тұрағал Рахымқызы бас-көз болып, атасының бүкіл қолжазбаларын, тұтынған заттарын қаз-қалпында сақтап, насихаттап келсе, қазір Нұрханның шөбересі Малікзаданың ұлы Сейтбаттал ағамыз қарап отыр. Әне бір жылы ұрпақтары мен жерлестерінің жинаған қаржысына ғимарат күрделі жөндеуден өтті. Торғай мұражайлар кешенінің қызметкерлері тақырыптық жоспарын, жаңадан экспозициясын жасауға көмектесті. Мүмкіндігімізше келушілерді мұражай-үйіне апарып, тақырыптық экскурсиялар жасаймыз. Бұл – біздің тұрақты жоспарға енген шаралардың бірі. Әр кезде жағдайын біліп, жәрдемдесуге дайынбыз.

– Қазақстанның киелі жерлеріне қатысты жоба қолға алдыңыздар. Ол қандай жоба, соған тоқталып өтсеңіз.

– "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында өлкетанушылардың, географтардың, оқушылардың қатысуымен Торғай елінің қасиетті жерлеріне экспедициялар ұйымдастырып тұрамыз. Сонымен қатар, "Қазақстанның киелі жерлері" арнайы жобасы бойынша жұмыс тобының құрамымен тұрғындар арасында кездесулер мен семинарлар өткізіліп, мұражай қызметкерлері баяндамалар оқиды. Биыл әлеуметтік желілер арқылы "Қазақстанның киелі жерлері" картасына біздің ауданнан енген 7 қасиетті жер туралы мағлұматтар берілді. Атап айтсам: Албарбөгет бөгеті (Көкалат ауылы); Міржақып Дулатұлы кесенесі (Бидайық ауылы); Баймырза әулие мазары (Қалам-Қарасу ауылы), Қазыбай әулие мазары (Аралбай ауылы); Тілеп әулие мазары (Жыланшық өзенінің бойында); Ахмет Байтұрсынұлының үйі (Ақкөл ауылы); 1916 жылғы Татыр шайқасы белгісі (Жаркөл ауылы). 2019 жылы киелі орындар қатарына Шұбалаң ауылындағы Бейсен батыр кесенесі енгізілді. Сонымен қатар, "Туған өлке тұлғалары" көрмелер жобасы да көрермендер назарына ұсынылуда.

Осы орайда, қоса кетсем артық болмас, ауданның 90 жылдығына орай шығарылған "Торғай энциклопедиясы" кітабын шығаруға да біздің музей қызметкерлері зор үлес қосты. Оған өңірдің дамуына атсалысқан ел перзенттерінің өмір деректері жинастырылды.

Былтыр "Қазақстанның рухани киелі жерлері" бағдарлама аясында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев университетінен профессорлар, студенттер мен магистранттар, сондай-ақ, Мажарстан профессорларынан құралған экспедиция өлкеміздің тарихи орындарына саяхат жасап, мұражайларды аралап, ел тарихымен танысты.

– Карантин уақытында жұмыстарыңыз қалай жүріп жатыр?

– Биыл көптеген іс-шараны ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырдық. Сәуір айынан бері елде болып жатқан індетке байланысты іс-шаралар әлеуметтік желілерде онлайн түрде жалғасып жатыр. Тікелей эфир арқылы мерейтой иелеріне арналған іс-шаралар өткіздік. Карантин уақытында барлық аймақтардағы музей қызметкерлері ұйымдастырып жатқан онлайн конференцияларға, семинарларға қатысып жүрміз. Сонымен қатар, қызметшілеріміз осы жылы сәуір айында Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен Қазақстан музейлерін ақпараттық-әдістемелік қолдауға арналған біліктілік арттыру курсынан өтіп, сертификатқа ие болды. 18 мамыр – халықаралық кәсіби мерекемізге орай "Музейге сый" акциясы аясында музей қоры бірнеше құнды жәдігерлермен толықты. Ел арасында елеусіз жатқан, қолданыстан шығып қалған тарихи маңызы бар мұралар жинастырылып, қорға енгізілді.

Айтпақшы, Атырау қаласында "Қазақстанның киелі жерлері географиясы" жобасына арналған ІІІ республикалық форумда "Үздік өлкетанушы" төсбелгісімен марапатталдым. Сондай жетістіктердің бірі – 2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл саясаты комитеті А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы музейі мен ұжымды қос арыстың өмірі мен шығармаларын насихаттаудағы еңбектері үшін алғыс хатпен марапаттады.

Алдағы уақытта кешен қорындағы жәдігерлер мен құжаттарды сандық жүйеге көшіріп, экскурсияларды үнтаспаға жазуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламасы аясында Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы ақын Абайдың 175 жылдығы, Торғай бекінісінің 175 жылдығы, Алаш арысы М.Дулатов пен Г.Міржақыпқызының мерейтойларына арналған іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар.

– Торғайдың бүгінгі хал-ахуалы, ертеңі туралы әртүрлі пікір бар. Біреулер "болашағы бұлыңғыр" дегенді айтса, екінші тарап тарих тұнған өлкенің келешегіне сенеді. Сіз қалай ойлайсыз? Қай тараптың пікіріне көбірек жығыласыз?

– "Әркімнің туған елі – мысыр шахары" демекші, Торғай мен үшін жердің жәннаты деп білемін. Торғай туралы жырламаған ақын жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын болған мына оқиғаны айта кеткім келіп отыр. Жақында ғана марқұм болған ел перзенті, қоғам қайраткері, академик Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің 70 жас мерейтойы қарсаңында келетін қонақтар тізімін оқып отырғанымда көзім "Әбіш Кекілбаев жұбайымен" деген сөзге түсіп, көңілім алаңдап қалды. "Бұл қалай болады екен, ол кісі келе ала ма?" деген сұрақ туындады. Себебі, жақын арада ғана қабырғасы қайысып, бауыры мен баласынан айрылғанын естіген едік. Осы сұраққа жауапты кеш барысында алдым. Кешті жүргізіп отырып, сөз кезегін Әбіш ағаға бердім. Сол кезде ортаға шыққан абыз ағамыз былай деп еді: "Қан жұтып, қаралы болып отырсам да, мұнда келуімнің себебін айтайын. Ахаңның кіндік тамы тамған, табанының ізі қалған қасиетті Торғай жерінен рухымды биіктетіп, рухани қазына алуға келдім", – деді. Осындай ұлы тұлғалардың сөзінен кейін "болашағы бұлыңғыр" деуге дәтің бармайды. Мағжан Жұмабаев "Мен жастарға сенемін" десе, Елбасы "Ел болашағы – жастар" деп үнемі айтып жүретін. Бүгінгі таңда жастар ешқандай жалған ұрансыз, айқайламай, даңғырлатпай, жылдағы дәстүр бойынша "Жүрегімнің дүрсілі – Торғай" атты декада ұйымдастырып, жұдырықтай жүректері арқылы өздерінің елге, жерге деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімдерін көрсетуде. Ал, оның бастауында Торғай мұражайлар кешені тұр. Жастардың үндеуімен қолға алынған тағы бір игі іс – Оспанқожа мешітінің күрделі жөндеуден өтуі. "Текті елдің баласы тектілігін көрсетер" деген осы болар.

– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге береке берсін!
Өзгелердің жаңалығы