Тарихшылар қазақтардың ІІ дүниежүзілік соғыстағы ерлігінің себептерін атады

6 Мамыр 2019, 18:06
2673
Бөлісу:
Тарихшылар қазақтардың ІІ дүниежүзілік соғыстағы ерлігінің себептерін атады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өткен конференция барысында тарихшы Салтанат Асанова ІІ дүниежүзілік соғыста қазақтар неліктен аянбай ерлік көрсетті деген сұраққа жауап берді.

Тарихшының айтуынша, бұған дейін соғыста қазақтардың аянбай соғысып, қаһармандық танытқаны жөнінде Кеңес үкіметі қазақ ұлты үшін өркениет пен оқу-білімге жол ашқандығы айтылып келген. Дегенмен қазір мұндай түсіндірмелі тұжырым жұмыс істемейді. 

«Қазіргі заманғы Қазақстан халқына Кеңес үкіметінің әрекеті қазақ ұлтының патриоттығын оятты, содан біздің сарбаздар аянбай соғысты деп айтуға келмейді. Өйткені ол тұстағы қазақ жауынгерлерінің Отанына деген патриоттығы түсініксіз. Өйткені аянбай қорғаған Отаны оларға жақсы қарады деп айта алмаймыз. Тарихқа көз жүгіртсек билік ол кезде қазақ халқына қатыгездік танытты. Миллиондаған адамды жалмаған ашаршылықты айтпағанда екі мәрте репрессия мен қуғын-сүргіндер жүргізілді. Германия шабуыл жасаған кезде Кеңес одағы құрамындағы халықтар өздеріне қарай өтеді деп ойлады. Яғни, Кеңес одағына наразы халықтың барлығы бірден дұшпан жағына қарай өтіп кетеді және соғыс жылдам аяқталады деген ойда болды», - дейді ол. 

Салтанат Асанова қазақ жауынгерлерінің ІІ дүниежүзілік соғыста аянбай ерлік көрсетуіне бірнеше фактор әсер еткенін жеткізді.

«Біріншіден, ұлттық фактор әсер етуі мүмкін. Яғни Кеңес билігінің ұлттық саясаты. Соғыс кезінде барлық ел үшін ұлттық саясат мәселесі өте өзекті болды. Немістер жағы да, Кеңестер әскері де көпұлтты болды. Сондықтан Кеңестер одағы ұлттық әскерді құрып, тиімді пайдалана білді. Оның үстіне қазақ халқының өр әскери рухын да жоққа шығара алмаймыз. Соғысқа дейін халық өзінің дәстүрлі санасын сақтап қалды, сондықтан жауынгерлік рухы жоғары болды. Қазақ жауынгері үшін соғысу абыройлы іс болатын», - дейді тарихшы.

Сондай-ақ, ол бұл тұста дін мәселесі де үлкен рол атқарғанын айтты.

«Майдандағылар өз діндері бойынша құлшылық ете бастады. Яғни, соғыс кезінде халық арасында дінге деген көзқарас жаппай нығая түсті. Билік оған еркіндік беріп, оны да тиімді пайдаланды. Әр жерде шіркеулер мен мешіттер бой көтеріп жатты. Осыған қоса, қорқыныш жағдайын да ескеруіміз керек. «Егер кері шегінсеңдер атамыз» деген бұйрықтар беріліп жатты. Осының бәрі жауынгерлердің аянбай алға қарай жүріп отыруына ықпал етті», - дейді Салтанат Асанова.

Тарихшының айтуынша, халықтың жаппай қиындыққа қарсы тұруына халықтар арасындағы достастық та әсер еткен. 

«Кеңес Одағы халықтарының достастығы зерттеуді қажет ететін мәселе. Одақтың құрамындағы халықтардың барлығы түрмеде болды, талай қиындықты көрді. Кейін ел басына күн туғанда олар бір-біріне көмектесу үшін біріге білді. Сондықтан бұл Кеңес халықтарының өздігінен қиыншылыққа бас ұрып, құрбандыққа баруының арқасында болған Жеңіске деп білемін», - дейді ол. 

Өзгелердің жаңалығы