ШҚО археологтарының тарихи жазбалары бірнеше тілге аударылмақ

13 Сәуір 2019, 19:41
2695
Бөлісу:
ШҚО археологтарының тарихи жазбалары бірнеше тілге аударылмақ
PHOTO
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шілікті қорғандарынан табылған Алтын адам – нағыз патша. Бұл жайында белгілі археолог ғалым Әбдеш Төлеубаев Өскеменде өткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығын қорытындылаған конференциясы барысында айтты.

«Зайсан ауданының Шілікті жазығынан табылған Алтын адамды толықтай қайта реконструкциялау мен үшін күрмеуі көп қиын мәселе болғаны рас. Оны реконструкциялау барысында көптеген ғалым, этнографтармен, дизайнерлермен ақылдастым. Бір қызығы біздің бұл Алтын адамды тоналмаған күйінде тапқанымыз. Қазіргі уақытта оның бойының шамамен 1 метр 80 сантиметр болғанын, ет, сүт тағамдарын талғажау еткенін, тіпті оның солақай болғанына дейін анықтаудың сәті түсті. Бұған дейінгі табылған Алтын адамдардың барлығы қосалқы қорғандардан табылған адамдар болған. Ал Шілікті жазығынан қазылған Алтын адам негізгі қорғаннан табылды», - деді Әбдеш Төлеубаев.

Ол Шілікті қорғанынан табылған Алтын адамның Қазақстан жерінде біздің заманымызға дейінгі VIII ғасырда мемлекеттіліктің болғандығын дәлелдейтін бірден бір факт екенін алға тартады.

ШҚО археологтарының тарихи жазбалары бірнеше тілге аударылмақ

«Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының екі жылдығын қорытындылаған конференция барысында Зейнолла Самашев Берел мен Елеке Сазы қорғандары туралы, ал мен Шіліктіде жүргізілген қазба жұмыстары жайында жас ғалымдарды құлақтандырдым. Бүгінгі таңда облыс әкімі Даниал Ахметовтың мұрындық болуы арқасында археологиялық қазба жұмыстары сәтті іске асырылуда. Қазіргі уақытта біздің Зайсан ауданындағы тобымыз сонау палеолит, неолит дәуірлерінің жаңалықтарын ашу үстінде. Мен өткен жылы «Ерте сақ: Шілікті мәдениеті» деген кітабымды жазуды қолға алған болатынмын. Бүгінгі конференция барысына оның тұсауы кесілді», - деді Әбдеш Төлеубаев.

Қоса кетсек, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, өткен жылы қос ғалымның тарихи монографиялары мың данадан басылып, барлық аудандық, қалалық кітапханаға таратылған екен. Биылғы жылы аталмыш кітаптар қазақ және ағылшын тілдеріне аударылып облыстық және республикалық кітапхана қорларына табысталмақ.

 


Өзгелердің жаңалығы