Тарихи мүмкіндікті жіберіп алмаумыз керек

23 Наурыз 2019, 16:26
2354
Бөлісу:
Тарихи мүмкіндікті жіберіп алмаумыз керек

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекетін құрушылардың есімдерін дәріптеген елдерден үлгі алуымыз керек. "Nur Otan" партиясының Хатшысы Фархад Қуанғанов ел астанасының "Нұр-Сұлтан" деп аталғанын қалайды.

 "Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдаймын. Бұл - Қазақстан үшін бірегей тарихи мүмкіндік. Елдігін құрған азаматтардың есімімен қаланы атаудың тарихи тәжірибесі санаулы елдерде ғана болды. Рим, Вашингтон, Санкт-Петербург, Киев. Мемлекетті құру кезіндегі базалық ұстанымдар сол кісілердің есімдерімен бекітілді. Бас қаланың атауларын мемлекетті құрушының есімімен атау тарихи процестің танымал негізін қалаушы болып тарихта қалады. Менің ойымша, тарихи мүмкіндігімізді жіберіп алмаумыз керек. Қазақы мәдениетке сай қазақтар үлкенді сыйлаған, тарихындағы ұлы тұлғаны құрмет тұтқан. Тұңғыш Президентіміздің тұлғалылығын бағалау үшін әлі уақыт керек шығар. Дегенмен, қазірдің өзінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңірген еңбегін айтып өткен жөн. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы тәуелсіздікті алып беруі, біздің елімізді халықаралық процестрдің белсенді субъектісі ретінде өзге елдердің мойындауы, тіліміз бен әдебиетіміздің дамуы оның еңбегінің дәлелі. Меніңше, қазақ халқының барлық арманын орындаған Тұңғыш Президентіміз секілді тұлға жоқ. Бас қаламызға оның есімін беруді қолдаймын",-деді Фархад Қуанғанов.

"Nur Otan" партиясының Хатшысы халықтан ел арасындағы арандатушылыққа ермеуді сұрады.

"Астана қаласының атауын өзгертуге байланысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Осы мәселеге байланысты "кей азаматтардың пікірі ескерілмеді" деген сөздерді де естіп жатырмыз. Бірақ тәуелсіздік жылдары біз ҚР Конституциясындағы ережелерге, заңға бағынатын ел болдық. Бұл мәселе де толықтай Конституциялық тәртіпке сай жүргізіледі. Дәл қазіргі жауапты сәтте әрбір азамат болашақ ұрпақтың қамын ойлау керек",-деді "Nur Otan" партиясының Хатшысы Фархад Қуанғанов.

Өзгелердің жаңалығы