Тарбағатайдың Елеке сазындағы қазба жұмыстары жалғасын таппақ

7 Ақпан 2019, 12:29
3450
Бөлісу:
Тарбағатайдың Елеке сазындағы қазба жұмыстары жалғасын таппақ

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Тарбағатай ауданының Елеке сазындағы қазба жұмыстары биыл да жалғасын табады. Ол үшін облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы алдағы сәуір айының біріне дейін қажетті құрылғыларды сатып алуы қажет.

 
Археологиялық жұмыстардың келесі маусымы биыл 1 мамырда басталмақ. Бірақ жұмыстарды жүргізу үшін қажетті құрылғылар қазірден сатып алынуы қажет. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің отырысында өңір басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

«Мәдениет басқармасына кімнің қандай жұмыс істейтінін анықтап, сәйкесінше тапсырмалар беруді тапсырамын. Біз бұл жөнінде сіздермен өткен жылдың қыркүйек айында сөйлескен болатынбыз. Бұл жұмысты ұзаққа созбай, қажетті құрылғылар сатып алып, бірінші мамырдан Елеке сазындағы археологиялық қазба жұмыстарын бастап кетуіміз керек», - деді облыс әкімі. 

Өткен жылы Тарбағатай ауданының Елеке сазында қазылған үш қорғанның бірінен тағы бір «Алтын адам» табылған болатын. Кейінірек оның 17-18 жастағы бозбала екендігі анықталды. Сонымен қатар қорғаннан ерекше технологиямен істелген 3000-ға жуық алтын бұйымдар табылды. Ондағы жәдігерлер ерте сақ дәріне, яғни біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларға жатады. Бір қызығы, экспонаттар сол күйінде сақталған. Алтыннан соғылған әшекей заттардың, түрлі формадағы моншақтар мен киімдердің басым бөлігі әйел адамға арналған. Сондай-ақ онда алтыннан соғылған ат әбзелдері де бар болып шыққан. 

Ғалымдар Елеке сазындағы қорғандардың Қазақстан тарихында жаңа парақтар қалыптастыратынын қазірдің өзінде айтып отыр.

Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірінде облыс басшысы Даниал Ахметовтың бастамасымен қазба жұмыстары үш жыл қатарынан табысты жүргізіліп келеді. Осы жылдар аралығында Катонқарағай ауданы аумағындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Аблайкит шіркеу-қорғаны, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы мен Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіші зерттелді.

 Археологиялық жұмыстар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев және бүгінде марқұм болып кеткен Карл Байпақов сынды танымал археологтардың жетекшілігімен жүргізілді.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Өзгелердің жаңалығы