Тараздағы 29 кәсіпкерлік нысаны 190 млн теңгеге жуық шығынға ұшыраған
14 Қаңтар, 09:02 351

Тараздағы 29 кәсіпкерлік нысаны 190 млн теңгеге жуық шығынға ұшыраған

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай режімі кезінде енгізілген шектеулерге байланысты, бизнес өкілдерінің өтініштеріне қарай консультациялық-түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады. 

Бұл туралы өңірлік палата директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұралы Ергебаев айтып берді. Оның мәліметіне қарағанда, Тараз қаласының өзінде 29 кәсіпкерлік нысаны бүлікшілердің іс-әрекетінен 189 миллион 900 мың теңгенің шамасында материалдық шығынға ұшыраған. 

Зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімін тиісті құжаттармен рәсімдеу үшін облыстық әкімдікке және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынылды. Әсіресе, 5-6 қаңтар күндері бүкіл ел аумағын қамтыған жаппай тәртіпсіздік Жамбыл облысын да айналып өтпеді. Жергілікті биліктің мәліметттеріне сүйенсек, біздегі дүрбелеңге 2 000-ға жуық адам қатысыпты. Қазіргі таңда 400 бүлікшінің ұсталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілгенін біліп отырмыз. Тәртіпсіздік кезінде 306 адам түрлі дене жарақатын алса, 42 азамат ауруханаға жатқызылды, - деп атап өтті Нұралы Ергебаев.

Ол «Атамекен» ұлттық палатасы зардап шеккен бизнес өкілдерін қолдау мақсатында «Күшіміз – бірлікте. Сила в единстве» атты қайырымдылық қорын құрғанын еске салды. Онда нысандары талан-таражға салынып, бұзылған кәсіпкерлерге демеу болу үшін қаражат аударуға болады. 

Қазіргі таңда Жамбыл облысында жағдай тұрақталды. Алайда, терроризмге қарсы операция жалғасуда, осыған байланысты біз өте сақ болуымыз керек және коменданттық сағаттың талаптарын сақтауға тиіспіз. Кәсіпкерлерге төтенше жағдай кезінде бағаны көтермеу туралы өтініш жасадық. Олар бұл үдеден шығады, қарапайым бұқараға жанашырлық танытады деген ойдамыз. Ең бастысы, біз елімізді дүр сілкіндірген деструктивті элементтердің арандатуына бой алдырмауымыз керек, - деді өңірлік кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары. 

Жауапты маман көпшілікті тұрақтылықты қалпына келтіруге және одан әрі ілгерілеп, дамуымызға күш салуға шақырды. Өйткені, біздің күшіміз – тек бірлікте.

Н.Ергебаев, сондай-ақ биылғы 6-13 қаңтар аралығында кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогына Тараз қаласының кәсіпкерлерінен телефон арқылы 12 өтініш келіп түскенін жеткізді. Бизнесмендерді толғандырған басты сауалдардың қатарында блокбекеттер арқылы өту, тонау салдарынан зардап шеккен нысандарды, материалдық шығындарды өтеу мәселелері бар. 

Нақтылай айтқанда, кәсіпкерлерді блокбекеттерден өту кезінде талап етілетін құжаттар және коменданттық сағат уақытында жол жүруге мүмкіндік беретін ахуалдар, сондай-ақ форс-мажорлық жағдайлардың туындау фактілері алаңдатады. Сонымен бірге олар жалпы төтенше жағдай режімінде жұмыс істеу кезеңінде салық есептері мен несиелерін төлеуі кейінге қалдырылаты туралы жан-жақты білгісі келді, - деді жауапты маман.

Ол кәсіпкерлерден тонау туралы келтірілген залал мәселелері бойынша, сондай-ақ форс-мажор жағдайларының туындау деректеріне қатысты өңірлік кәсіпкерлік палатасына хабарласуға болатындығын ескертті. 

 


Фото: автордан
Загрузка...