Таразда әйелдер арасында Құран жарысы өтті

2 Желтоқсан 2019, 16:21
4666
Бөлісу:
Таразда әйелдер арасында Құран жарысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қалалық "Әбу Бәкр ас-Сыддық" мешітінде қыз-келіншектер арасында "Тура жол мен рақым болған Құран" атты Құран жарысы өтті.

Жарыс мақсаты – шәкірттерді және мешіт жамағатын Құранды дұрыс оқуға шақыру, білім ізденуге ынталандыру,  Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірі арқылы мейірімділікке, сыйластыққа, мұсылмандыққа тән қасиеттерді қалыптастыру.

Осындай тәрбиесі және сауабы мол іс шараның өтуіне ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Қанат Жұмағұл төрағалық жасап, 4 номинация бойынша өтіп жатқан сайысқа қатысушы қыз-келіншектерге және жамағатқа Құран Кәрімді тәжуидпен оқи білудің сауабы жөнінде әсерлі уағыз айтты.

"Әбу Бәкр ас-Сыддық" мешітінің бас имамы Бағзат Ақжолов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыс ережелерімен таныстырып өтті. Әділ қазылар алқасының құрамында ҚМДБ-ның Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл, "Кеңесхан қажы" мешітінің бас имамы Ғазиз Ахметов, "Хамрақұл" мешітінің имамы Арипжан Ахметов, Қарилық курстың ұстазы Әлимуханбет Егізбаев, орталық "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Гүлжан Алдасаева, "Кеңесхан" мешітінің ұстазы Жібек Қалақұлова әділ бағаларын беріп отырды.

Сайыс шарттарын сақтай отырып, Алланың сөзі қасиетті Құран кәрім аяттарын жүзінен қарап оқуға 17,  мәнерлеп оқуға 38, жарты парадан 17 және 1 парадан жатқа оқудан 15 үміткер бақ сынасты. Үміткерлер қазылар оқыған аятты жалғастырып әкетіп, мүдірмей, қатесіз, мәнерлеп, мақаммен, тәжуидпен оқуы тиіс. Сонымен қатар, Құран оқушының дауысы да бағаға алынды.

Жарысқа қатысып, үздік шыққандарға әділ қазы алқа мүшелері ақшалай сыйлықтарын, алғыс хаттары мен сертификаттарын табыс етті.
Жүзінен оқу бойынша; 1-орын Құмбай Айша-45000 тг.
2-орын Елеусинова Асия-30000тг.

3-Орын Ербаева Салтанат-20000 тг.
Мәнерлеп оқу бойынша; 1-орын Асанова Меруерт-75000 тг.
2-орын Мусаева Рисалат 60000 тг.

3-орын Дауренбекова Алмагүл -50000 тг.
Жарты пара бойынша; 1-орын Асанова Гауһар-100000 тг.
2-орын Усырова Сунейна -75000 тг.

3-орынға Қалдыбекова Динара -50000 тг.
1 пара бойынша 1-орынға Сингатулина Зайнаб — 150000 тг.
2-орынға Сейтқұл Аяжан — 125000 тг.

3-орынға Бейсеналы Мадина – 100000 тг.

Үздік шыққан үміткерлер арнайы орындарды иеленіп, ақшалай  сыйлықтарды қанжығасына байласа, әділ қазылар алқасының төрағасы жүлде ала-алмай қалған қатысушыларға келесі жарыстарда жеңіске жетуіне тілек айтып, ынталандыру ретінде Құран Кәрімді сыйға тартты.
Өзгелердің жаңалығы