Бас жаңалықтар
Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден берілді
28 Ақпан 2019, 14:15 560

Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден берілді

Астана,BAQ.KZ. Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласындағы көпқабатты үйде орын алған жарылыстан қайтыс болған Бексұлтан Темірханұлының отбасына арнайы барып көңіл айтты.

Жамбыл ауданына барып жаназаға қатысқан облыс әкімі марқұмның ата-анасы, туған-туыстары мен бауырларына жолығып, қайғылы жағдай барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отырғанын жеткізді. 

Кеше таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласы №9 «Мыңбұлақ» ықшам ауданындағы 62-ші үйде жарылыс орын алып, салдарынан сегіз адам жапа шегіп, оның үшеуі қаза тапқан болатын.   

«Қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен зардап шегушілерге барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Апат болған үйдің 100-ден астам тұрғынына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмектер көрсетілуде. Сондай-ақ, зардап шегушілер қаладағы № 13 «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдегі бір подъездегі бос пәтерлерге уақытша орналастырылды. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда. Сондай-ақ, қаза болғандардың отбасына 1 миллион теңгеден ақшалай көмек берілді. Қазіргі таңда, оқиғаға байланысты құрылған арнайы комиссия зерттеп-зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық шығындар анықталған соң, жапа шеккендерге толығымен қажетті көмектер көрсетілетін болады», деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шағынаудан, 62-үй, 4-подъездегі жарылыстың салдарынан 1-3 қабаттың опырылуы орын алды. ҚР ІІМ ТЖК күштері оқиғаға қажетті мамандар мен техниканы жұмылдырып, үй тұрғындарының барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Тараздағы оқыс оқиға жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Премьер-министр Асқар Мамин шұғыл түрде баяндап, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды. Және Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден берілетінін хабарлаған болатынбыз.

Сізден жаңалық