Таразда тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы ашылды

5 Маусым 2019, 18:45
2066
Бөлісу:
Таразда тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы ашылды
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. «Тараз су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жанынан тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы ашылды. Іргесі 1959 жылы қаланған ескі ғимарат «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қайта жаңғыртудан өткізіліп, уақыт талабына сай жабдықталды.

«Әрбір абонент төлем түбіртегін алған соң, оны осында келіп төлеулеріне және келісімшартқа отырып техникалық қызметтер алуларына болады. Онлайн жүйесімен есеп айрысатындардың да қатары күн санап артуда. Ал кәсіпорында 700 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, соңғы жылдары барлық құрал-жабдықтарымыз бен техникаларымыз жаңартылған», - дейді ол.

Таразда тұтынушыларға қызмет көрсету орталығы ашылды

Кәсіпорын директоры Марат Сымайловтың айтуынша, мекеме 96 мың абонентке, 5 мың жеке кәсіпкерге қызмет көрсетіп келеді. Жаңа нысан ішінде бірыңғай қызмет көрсету залы орналасқан. Төлем қабылдау кассаларымен қатар, басқа да қызмет түрлері бір терезе қағидаты аясында жұмыс істейді. Мұнда бір күнде 1 мың абонентке қызмет көрсетіледі екен.

«Бұл ғимарат 358 мың тұрғыны бар қала халқының төлем жасауына, кәсіпкерлердің техникалық келісімшарттарды еш кедергісіз алуына мүмкіндік береді деген сенімдемін», - деді орталықтың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков.

Айта кетейік, орталықтың құрылыс жұмысын «Атлас Констракшн» компаниясы жүргізген.

Өзгелердің жаңалығы