Таразда екпе салатын жылжымалы топ жұмыс істейді

25 Шілде 2021, 10:28
2687
Бөлісу:
Таразда екпе салатын жылжымалы топ жұмыс істейді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда Тараз қаласы аумағында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды, өңірдің «сары» аймаққа өтуі мен «Үнді дельтасы» штамы айналымының анықталуын ескеріп, нақты шаралар қабылданды.

Бұл туралы Жамбыл облысы орталығындағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рита Алтынбасова айтты. Оның сөзінше, қалада 8 шілдеден бастап кешеге дейін коронавирустық инфекция мен пневмонияның 785 дерегі тіркелген. Бұл ахуалдың 15 шілдеден бергі көрсеткіші – 471. Ал маусым айында Тараз қаласында COVID-19 індетінің 645 жағдайы орын алыпты.

Мамандарымыздың талдау шаралары барысында инфекция жұқтырғандардың жас құрамын анықтадық. Айталық, 14 жасқа дейінгі балалардың саны 74, болса, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер – 33. 20-29 жас аралығындағы 33 бозбала аурухана төсегіне таңылды, 30-39 жас аралығындағы 125 азамат инфекция жұқтырыпты. 40-49 жас аралығындағылар – 835, 50-59 жастағы ағаларымыздың 965-і індет жұқтырса, 60-69 жастағы 1 003 қария коронавирус дертіне шалдыққан. 70 жастан жоғары қариялардан 649 адам ем-дом алды. Байқағанымыздай, науқастанғандарың басым бөлігі 50 жастан асқан, - деп атап өтті жауапты маман.
Ол сондай-ақ инфекция жұқтырғандардың көбісі зейнеткерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар екенін де жеткізді. Әрбір тіркелген коронавирустық инфекцияның жағдайы бойынша індетті жұқтыру көзін анықтау және оның әрі қарай таралуын болдырмау мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық тексеру іс-шаралары қатаң түрде жүргізіледі екен. Тексеру барысында көбіне инфекцияның нақты жұқтыру көздері белгісіз болып қалатын көрінеді. Сонымен қатар жұқтыру көзі қоғамдық орындар мен отбасында жақын қарым-қатынас жағдайында орын алғандығы анықталады.
Мысалы, отбасында бір адам ауырса, отбасының басқа мүшелеріне жұқтыру деректері тіркеледі. Бұған үй карантиніне оқшаулануға алынған тұлғалардың тиісті талаптарды дұрыс сақтамауы мен санитарлық тәртіпке қалыптасқан ахуалдың сәйкес келмеуі де себеп болады, - деді Рита Өмірханқызы.
Маманның сөзінен білгеніміздей, Тараз қаласында қауіпті індетке шалдыққан азаматтарды емдеуге арналған инфекциялық ауруханамен бірге, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан 250 төсек-орын, қалалық көпбейінді ауруханасдан 240 төсек-орын, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығынан 19 төсек-орын жасақталған екен. Биылдыққа қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінде 2 767 науқас жатқызылып, емделген. Ал 2 607 азамат амбулаторлық жағдайда ем қабылдаған.
Жамбыл облыстық ауруханалардағы инфекциялық және реанимациялық төсек-орындар мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Тараз қаласында COVID-19 вирусын ПТР зерттеу 6 зертханалық нысанда жүргізіледі. Атап айтатын болсам, Ұлттық сараптама орталығы, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы, өңірдегі СПИД орталығы, «Alatau cliniс», «Инвиво», «Олимп» клинико-диагностикалық зертханасы» ЖШС-лары. Ақпан айынан ел аумағында, оның ішінде Тараз қаласында да коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу жұмыстары басталды. Бірінші кезекте жоғарғы қауіп тобына жататын медициналық қызметкерлерге, мұғалімдер мен тікелей халыққа қызмет көрсететін мамандарға вакцина салынды, - деді Алтынбасова.         
Оның айтуынша, Тараз қаласында індетке қарсы екпе жұмыстарын жүргізу үшін 14 пункт жабдықталып, дайындалған екен. Сонымен қатар «Ауыл Береке», «Қайкармет» базарлары мен «Скиф Трейд» супермаркетінде жылжымалы егуге арналған автокөліктер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облыс орталығы бойынша коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен 93 452 тұрғын қамтылған. Бұл халықтың 39 %-ын құрайды. Ал екінші компонентін 55 428 азамат салдырған, бұл тұрғындардың 23,1 %-ына тең.        
Тараз қаласы аумағында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларын бұзудың алдын алу бағытында 4 мобильдік топ жұмыс істейді. Мұндай құқықбұзушылықтар көбіне тойханаларда, компьютер клубтары, плейстейшн ойын орындары, бильярд, түнгі клубтарда, сондай-ақ сауда орындарында орын алуда. Осы нысандарда ұжымдық іс-шаралар өткізіліп, карантиндік уақыт режимін сақтамағаны үшін анықталған заң бұзушылықтар негізінде 454 әкімшілік іс қозғалып, хаттамалар толтырылды. Аталған шаруаның нәтижесінде 87 млн теңгеден астам қаражат көлемінде айыппұл салынды, - деді жауапты маман.
Карантин тәртібін бірнеше мәрте бұзғаны үшін 21 материал әкімшілік соттың қарауына жолданып, тиісті шешім шығыпты. Биылдың өзінде 266 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, жалпы көлемі 45 млн теңгеден астам айыппұл ілінген. Рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» жүйесінің болуына және келушілердің осы жүйеден өтуіне назар салынған. Кәсіпкерлер қосымшамен жұмыс істеу үшін QR-код алуға 413 өтініш білдірген. Олардың қатарында кинотеатрлардың, қоғамдық тамақтану орындарының, фитнес клубтардың, бильярдтардың, компютьерлік клубтар мен СПА орталықтардың, сулулық салондарының иелері бар.
Бүгінде «қызыл» түс белгіленген, ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен 30 адамның тамақтану орындарына барғаны тіркелді. «Сары» түске ие, яғни науқас адаммен байланыста болған 63 азамат анықталды. Демек, олар үй карантиніне алынып, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған. Мамандарымыз оларды дәмханаларға кіргізген жоқ. Жергелікті емханаларға хабарлама жіберілді. Карантиндік режімді бұзғаны үшін 2 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімге 5 АЕК көлемінде, жалпы 59 340 теңге шамасында айыппұл салынды, - деп атап өтті Рита Алтынбасова.

Өзгелердің жаңалығы