Таразда қаскөйден қорлық көрген оқушы ауруханаға жатқызылды

20 Қараша 2019, 09:15
14182
Бөлісу:
Таразда қаскөйден қорлық көрген оқушы ауруханаға жатқызылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараздағы мектеп әжетханасында қаскөйден қорлық көрген 7-сынып оқушысы ауруханаға жатқызылды. Ел арасында күдіктіден инфекциялық ауру жұқты деген ақпарат жайылды. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.

Ал осы оқиғадан кейін басы дауға қалған мектеп директорынан бастап 5 мұғалім қызметімен қош айтысты. Директор өз еркімен жұмыстан кетуге арыз жазыпты.   

Мектеп директоры кетті орнынан, директордың құқықтық орынбасары кетті, сол сабақтан сұранып кеткен физика-математика пәнінің мұғалімі және сол күні кезекшілікпен айналысқан мұғалім кетті. Бас-аяғы 5 адам кетті. Әрине қалалық білім бөлімінің басшысы да болды, ол кісі бүгін денсаулығына байланысты жұмыста жоқ болғандықтан кету-кетпеуі кейінге шегерілді, - деді Жамбыл облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлзира Дәрібаева.

Азғыннан азап шеккен №6 мектеп оқушысы бұған дейін үй жағдайында емделген еді. Жеткіншек кеше ауруханаға жатқызылған. Ал, әлеуметтік желілерде оған азғындық жасаған азаматтан тері ауруы жұқты деген ақпаратты денсаулық басқармасы жоққа шығарды.

Жамбыл облыстық балалар ауруханасында 10 күндей жатады. Жағдайы қазір жақсы және бірқалыпты. Ал, оған азғындық жасаған адамнан ауру жұқты деген ақпарат шындыққа жанаспайды, - деді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жібек Исаева. 

Қаршадай қызға қорлық көрсеткен қаскөй енді 30 жылға жуық өмірін темір торда өткізуі мүмкін. Аймақтың бас полицейі солай дейді. Ал бүгіннен бастап білім ошақтарында қауіпсіздік қатаң режимге көшірілді. Азғындық жасады деп айыпталған азамат 36 жаста болып шықты. Ол бұрын да зорлық және ұрлық әрекеттері үшін сотты болған.    

Аталмыш бағытта жұмыстар күшейтілді, қосымша патрульдік полицейлер әр мектептің аумағын таңертең, түскі және кешкі уақытта бақылап, үздіксіз қадағалайтын болады. Аталған күдікті 17 жасында зорлау қылмысы үшін сотты болған. 4 жыл мерзімін абақтыда өтеп, бір жыл шартты түрде өтеген, - деді Жамбыл облыстық ПД бастығы Арман Оразалиев.

Айта кетейік, аймақ бойынша 442 мектеп бар десек, олардың 98,4 пайызы бейнебақылау камераларымен қамтылған. Енді бұл межені жүз пайызға жеткізу үшін атқамінерлер арнайы қаржы қарастырмақ. Бұл - қауіпсіздік шараларының бірі.   

Еске сала кетейік, Таразда 7-сынып оқушысын ер адам зорлаған болатын. Осы оқиғадан соң мектеп директоры және оның орынбасары, мұғалім, вахтер жұмыстан босатылған еді.

Өзгелердің жаңалығы