Таразда "Алаштану" орталығы салынады – Бердібек Сапарбаев

19 Ақпан 2020, 20:05
2529
Бөлісу:
Таразда "Алаштану" орталығы салынады – Бердібек Сапарбаев
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы уақытта жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының санын 76 мыңға жеткізу қажет. Оларда 130 мың адамға дейін жұмыспен қамтылуы тиіс. 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халық алдындағы есеп беру жиынында жергілікті әкімдіктің жауапты басқармаларының басшыларына осындай тапсырма жүктеді.

Басқосуда "Қарапайым заттар экономикасы" жобасы аясында 7,6 млрд теңгеге 33 жоба жүзеге асырылатыны, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 2 көтерме тарату орталығы ашылатыны айтылды. Сонымен қатар былтыр бастау алған экс-әкім Асқар Мырзахметовтің пилоттық жобасы жалғасын табатыны белгілі болды.

Бұған өткен жылы бюджеттен 7 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл – өзге оаймақтарда жоқ жоба. Ал енді қалғаны біздің ісімізге байланысты. Халыққа осы жобаның тиімділігін түсіндіріп, жеткізіп, барынша нәтижелі ұйымдастырсақ, өзгелерге үлгі бола аламыз, - деді өңір басшысы.

Бердібек Мәшбекұлы біз үшін үлкен мәселенің бірі – халықтың табысын көбейту екенін баса айтты. Қазіргі таңда тұрғындардың жалақысы жөнінен Жамбыл облысы Солтүстік Қазақстаннан кейінгі ең соңғы орынға жайғасқан. Осы мәселеге байланысты мемлекет тарапынан нақты жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді.

Президент "Әр жыл сайын жалақы орта есеппен кем дегенде 10 %-ға өсіп отыру керек" деген болатын. Бұл шараның өзіндік себебі бар. Өйткені, инфляция жылына орта есеппен 2 %-ға өсіп отырады. Сондықтан айлық жалақыны да осыған сай көтеріп отыру қажет, - деп түсіндірген ол басқарма, кәсіпорын, мекеме жетекшілеріне осы мәселені реттеу жөнінде нақты тапсырма берді.

Аймақ басшысының айтуына қарағанда, ағымдағы жылы 4 мың азамат "Еңбек" бағдарламасы бойынша оқытылуы тиіс. Алайда, басты проблема кәсіби білім алған адамдардың жұмыссыздығында болып тұр.

Кейбір жастар стипендия алу үшін 3-4 мәрте оқиды екен. Енді мұндай жағдай болмауы керек. Ынталы азаматтар тек жұмыс орындарының тапсырысымен ғана білім алады, - деді Бердібек Машбекұлы.

Б.Сапарбаев биылғы Еріктілер жылы жүзеге асырылатын жобаларды да атап өтті. Көп ұзамай "Қамқор" қайырымдылық жобасы қолға алынады екен. Бүгінге дейін 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасалған.

Бірақ ерікті жастар ілгерідегідей қолдарына қап ұстап алып, көшенің бойында қоқыс жинап жүрмеуі керек, - деді ол.

Жиында белгілі болғандай, былтыр Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ірге қалаған әлеуметтік, мәдени нысандардың құрылысы биыл да жалғасатын табады. Мәселен, "Тектұрмас" этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі аяқталады. Қазақ хандығы ескертішінің аумағына мұражай салынады. Сондай-ақ "Алаштану" тарихи орталығының құрылысы басталмақ.

Ұйымдастырылатын мерекелік, атаулы және өзге іс-шаралардың барлығын Тараз қаласында өткізе бермей, елдімекендерде де маңызды оқиғаларды атап өткен жөн. Қоғамды шараларға қарапайым халықты көбірек тартуымыз керек, – деді облыс әкімі.
Өзгелердің жаңалығы