Таразда 4 мыңнан астам азамат екпе салдырды

6 Сәуір 2021, 12:15
1283
Бөлісу:
Таразда 4 мыңнан астам азамат екпе салдырды

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласында өткен жылы коронавирус инфекциясын 2260 адам жұқтырса, бұл көрсеткіш биылғы үш айдың өзінде 1192-ге жеткен. Мұның ішінде 714-і КВИ болса, пневмония дертіне шалдыққандар – 478.

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев айтты. Оның сөзінше, жыл басынан бері індет жұқтырғандардың 508-і қаңтар айында, 360-ы ақпанда, 324-і наурыз айында тіркелген. 

Бұл дегеніміз – үлкен көрсеткіш біз үшін. Бұған облыс орталығында өтіп жатқан отбасылық, ұжымдық іс-шаралардың тоқтамауы, көшелерде тұрғындардың медициналық бетпердесіз жүруі, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақталмауы, ауырған адамдардың басым көпшілігі, әсіресе жасы келген зейнеткерлердің үйлерінде байыз тауып отырмауы бірден-бір себеп дер едім. Ал үйлерінде онлайн оқып отырған мектеп оқушыларының ауыруына ата-аналарының салғырттығынан болуы мүмкін. Тағы да осы іспетті факторлар әсер етеді, - деп атап өтті Алмас Қадірбекұлы. 

Ол Тараз қаласы облыс орталығы болғандықтан, тұрғындар көп екенін де алға тартты. Сондықтан да сақтық шараларын ұстануды, үлкендер өзімізден бастауымыз керек. 

А.Садубаевтың сөзінше, бүгінде өңірдегі көп бейінді балалар ауруханасының 250 орындық инфекциялық блогы мен 200 орындық қалалық перинаталдық орталық ғимартында КВИ диагнозымен 107 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 9-ы ауыр жағдайда. 

Тараз қаласы бойынша былтырдан бері 304 398 адам ПЦР тест тапсырды. Мұның 42 243-і биылғы үш айда денсаулықтарын арнайы зертханада тексерткен. Вакцинациялау шараларына келсек, 18 бен 64 жас аралығындағы тұрғындарға коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу ағымдағы жылдың ақпан айынан басталды. Содан бері аймаққа «V.Спутник» вакцинасының 7 700 дозасы жеткізілді. Оның барлығы-дерлік наурыздың соңына дейін егілді, - деді қала басшысының орынбасары. 
Алмас Қадірбекұлының айтуына қарағанда, Тараз қаласы бойынша барлығы 4210 адам екпе салдырған. Вакцинациядан соң, ешқандай ауырсыну немесе күрделі жағдай орын алмаған көрінеді. Қазіргі таңда екпе алудың маңыздылығы туралы тұрғындарға медицина қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Қала әкімінің 31 наурыздағы бұйрығы негізінде эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормалары бұзылуының алдын алу бойынша мониторингілеу тобы қайта жаңартылып, бекітілгенін де айта кеткім келеді. Сондай-ақ облыс орталығы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында Үйлестіру орталығы да құрылған. Әлгі топ қалада орналасқан кәсіпкерлік субъектілеріне күнделікті рейд жасайды. Мәселен, олар ақпан айына дейін шектеу шаралары, оның ішінде карантиндік талаптардың бұзылуы анықталған кезде әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану арқылы лауазымды тұлғалардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес жұмыс жүргізді, - деді Садубаев. 

Оның мәліметінше, Тараз қаласында 74 мейрамхана мен 220 кафе бар. Бүгінде олардың басым бөлігі жұмыс істеп тұр. Сақтық шараларының алдын алу бойынша мониторингтік топ рейдтік шараларын жалғастыруда. Айталық, аталған топ қаңтар айында – 34, ақпан айында 47 хаттама толтырса, наурызда карантиндік талаптардың бұзылуына қатысты 50-ге жуық жағдайды тіркеген. 

Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 257 материал келіп түсті. Жыл басынан бері 101 нысанға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 20 миллион теңге шамасында айыппұлдар салынды. Қазіргі таңда 19 материал зерделену үстінде. 11 талап-арыз ауданаралық экономикалық сотқа нысанның қызметін тоқтатуға жіберілді. 4 дәмхананың қызметі тоқтатылды, - деді жауапты маман. 

Жалпы, карантин уақытында шектеу іс-шараларын сақтамағандығы үшін 295 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 62 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. 

Алмас Қадірбекұлы Тараз қаласында 9 емхана бар екенін жеткізді. Оларда 424 820 тұрғын тіркелген. Оның 1100-ден астамы инфекция жұқтырып үлгерген. Оның сөзінше, қазіргі таңда емханаларда жалпы тәжірибелі дәрігерлер, невропатолог және травматолог мамандары тапшы көрінеді. 

Облыс орталығында 38 жедел жәрдем бригадасы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Жедел жәрдемді шақыртушылар саны тәулігіне – 450-500-дің төңірегінде. Дәріханалар туралы айтатын болсам, қалада жалпы саны 155 дәріхана тіркелген. Оның 68-і жұмыс істеп тұр. Бекітілген өкімге сәйкес, арнайы құрылған 12-ші мониторингілеу тобы осы дәріханалардың жұмысына зерделеу жұмыстарын жүргізеді, - деген әкімнің орынбасары.

Ол өз кезегінде дәріханаларда антикоагулянттар, антибиотиктер, кортикостероидтар, дене қызуын түсіруге арналған дәрілік заттар, вирусқа қарсы препараттар мен дәрумендер міндетті түрде болуы керектігін мәлімдеді. 

Ал бүгінде барлық дәріханаларда осы дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры жасақталыпты. 

Садубаевтың айтуынша, Тараз қаласы аумағында короновирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап тұру мақсатында санитарлық талаптардың қатаң сақталуы тұрақты қамтамасыз етіледі. Адам көп шоғырланатын орындарда санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, ақпараттандыру шаралары да қолға алынған.


Өзгелердің жаңалығы