Бас жаңалықтар
Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден беріледі
27 Ақпан 2019, 16:39 387

Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден беріледі

Тараз, BAQ.KZ. Алдағы үш жылда халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған шығындардың республикалық бюджеттегі үлесі 34%-дан 49%-ға дейін өседі. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тараздағы оқыс жағдайға қатысты құрылған комиссияның төрағасы ҚР вице-премьері Жеңіс Қасымбек болған жағдаймен жан-жақты танысып, жапа шеккендердің хал-жағдайын біліп, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты. Айта кету керек, оқиға орын алған кезде Астана қаласында іс-сапарда жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласына шұғыл ұшып келіп, апат орнына жетті. 

«Өз кезегінде, Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен комиссия отырысы өтіп, оқиғаның себептері мен салдары жан-жақты талқыланды. Вице-премьер орын алған жағдайды жан-жақты зерделей келе, нақты қорытынды шығару қажеттілігін және қажет болса, арнайы мамандарды басқа қаладан алдыру керектігін баса айтты. Барлық зардап шеккен тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, психологиялық және медициналық көмек көрсетіп, уақытша орналасатын пәтерлермен қамтамасыз ету керектігін тапсырды», - деп жазылған хабарламада. 

Сонымен қатар, жиын барысында Ішкі істер департаментінің басшысына қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың дүние мүліктері қолды болып кетпеуді, ондағы күзету жұмыстарын күшейту керектігі тапсырылды. 

«Штаб жұмысын өткізген Комиссия мемлекеттік тиісті органдарға нақты тапсырмалар берді. Айта кетерлігі, қайтыс болған тұрғындардың отбасыларына қала әкімдігі тарапынан 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілетін болады. Комиссия отырысынан кейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауруханада жатқан тұрғындардың жағдайын біліп қайтты», - деді баспасөз қызметінде. 

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шағынаудан, 62-үй, 4-подъездегі жарылыстың салдарынан 1-3 қабаттың опырылуы орын алды. ҚР ІІМ ТЖК күштері оқиғаға қажетті мамандар мен техниканы жұмылдырып, үй тұрғындарының барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Тараздағы оқыс оқиға жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Премьер-министр Асқар Мамин шұғыл түрде баяндап, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.

Зардап шеккен үйдің тұрғындары ғимаратқа жақын орналасқан №41 мектепке орналастырылды. Ыстық тамақ жеткізу ұйымдастырылып, уақытша тұруға арналған барлық жағдай жасалды.Оқиға салдарынан 8 адам зардап шегіп, өкінішке орай, оның 3-еуі қаза тапқан.

Сізден жаңалық