Тараз қаласындағы бүгінгі ахуал

11 Қаңтар 2022, 13:35
2038
Бөлісу:
Тараз қаласындағы бүгінгі ахуал
PHOTO
Фото: автордан

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Республикадағы секілді, Тараз қаласында да жалпы білім беретін мектептердің оқушыларының демалысы 17 қаңтарға дейін созылды. Ал балабақшалар бүгіннен бастап штаттық режімде жұмыстарын жалғастыруда. 

Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, мектептердің мұғалімдері кешеден бері күнделікті жұмыстарын істеп жүр. Арнаулы орта білім ошақтары мен жоғары оқу орындарында сабақ 24-қаңтардан басталады.

Тараз қаласында екінші деңгейлі банктер де өз жұмыстарына 11-қаңтар күнінен, яғни бүгіннен кірісті. Алайда, төтенше жағдай режіміне байланысты қаржы ұйымдарының жұмыс кестесі белгілі бір уақыттың аралығын ғана қамтитын болады. Бұл туралы жергілікті әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшаларында ертең толық-қанды ақпарат таратамыз. Банктердің қай уақытта штаттық режімде жұмысқа кірісетіндігі әзірге белгісіз болып тұр, - деп түсіндірді шаһар басшысы. 

Ержан Жұматұлы Жамбыл облысының орталығында жолаушылар жиі қатынайтын 27 бағыт бойынша 187 қоғамдық көлік бүгін өз жұмыстарын бастағанын мәлімдеді. Ал ертең 34 бағыт бойынша жүретін барлық 324 қоғамдық автобус тұрғындарға қалыпты жағдайда қызмет ететін болады. Ғаламтор жүйесі іске қосылғанға дейін жолақы қаражаты қолма-қол жүзеге асырыла береді.

Тараз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емханалар таңғы сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін штаттық режімде қызмет етуде. Емханалар, әдеттегідей келушілерге барша қызмет түрлерін ұсынады. ХҚКО-да тек жеке тұлғаға қатысты құжаттарды, яғни жеке куәліктер мен паспорттарды рәсімдеу әзірше мүмкін болмай тұр», - деген Е.Жылқыбаев тұрғындардың коммуналдық төлемдерді мекемелердің өзінен жасауға болатындығын да жеткізді. 

Демек, облыс орталығындағы барлық коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің ғимараттарында төлемдер қабылданып жатыр. 

Шенеунік бүліктен кейін қаланы ретке келтіру шаралары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанына тоқталды. Жаппай орын алған тәртіпсіздіктен кейінгі жөндеу, жинақтау жұмыстары бір сәтке де саябырсымаған. 

Тараз қаласындағы бүгінгі ахуал
Тараз қаласындағы бүгінгі ахуал

«Жасыл ел Тараз» ЖШС тарапынан 4 қаңтардан бастап тазалық және қирандыларды алу жұмыстарына 60 шақты жұмыскер мен 7 техника тартылыпты. Сол сияқты, Тараз қаласы аумағындағы түрлі деңгейде зақымданған 6 нысанды жөндеу, жаңарту жұмыстары басталып кеткен. 

Тараз қаласындағы бүгінгі ахуал

Ел аумағындағы төтенше жағдай режімін сақтау мен қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында қаланың айналасына 10 блокбекет қойдық. Олар қалыпты жұмыс істеп тұр, құзырлы органдардың қызметкерлері автокөліктерді тексеру кезінде тұрғындар жеке куәліктерін де көрсетулері керек. Ахуалдың тұрақтағанына байланысты коменданттық уақытты түнгі 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін ұзарттық. Өзге мекенге жолға шыққан азаматтар көрсетілген уақытқа дейін теміржол вокзалына немесе әуежайға жетіп алулары қажет. Ал кешкі 23.00-ден соң вокзалдан немесе әуежайдан түсетін жолаушыларды арнайы кезекші автобустар тасымалдайды, - деді Ержан Жұматұлы.

Ол Тараздағы барлық базарлар сағат 17.00-ге дейін, дүкендер мен супермаркеттер 20.00-ге дейін, ал сауда орталықтары 19.00-ге дейін жұмыс істейтінін айтты. Барлық сауда нысандарында 19 қаңтарға дейін алкогольдік өнімдерді саудалауға тыйым салынған. Автокөлік және мал базарлары әзірге жұмыстарын тоқтатқан. 

Өзгелердің жаңалығы