Тараздық түлек грантқа ие болды

25 Сәуір 2019, 22:19
2196
Бөлісу:
Тараздық түлек грантқа ие болды

Тараз қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан екі жыл бұрын ғана Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университеті Қазақстандағы басқа оқу орындарында жоқ «Мехатроника» мамандығы бойынша техника мен технологиялар бакалаврларын дайындауға рұқсат алған болатын. Бұл – қос дипломды білім бағдарламасы. Польшаның Люблин политехникалық университетімен бірлескен жоба.

«Қазір жаңа мамандықтың мол мүмкіндігін әлі көп адам біле бермейді. Дегенмен болашақта сұраныс арта түсетіні анық. Жұмыс жүйелі жүргізіліп жатқанымен, жаңа мамандыққа деген жастардың қызығушылығын арттыру керек-ақ. Осы мақсатта оқу орны «Робототехника мен мехатроникадан» облыстық конкурс өткіздік», - дейді байқаудың ұйымдастырушылары – «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының оқытушы-профессорлары.

Сайыста қолданбалы және ойын-сауық сипатындағы роботтар үшін арнайы бағдарламалар жасалып, құрастырылды. Сыйлық ретінде роботтар мен олардың компоненттерін құрайтын конструкторлар (құрастырушылар) таратылды. Озып шыққанға «Мехатроника» мамандығы бойынша университеттің білім беру гранты тапсырылды.

«Робототехника және мехатроника» додасына Жамбыл облысы мен Тараз қаласының осы салаға қызығатын 68 жоғары сынып оқушысы мен колледж студенттері қатысты.

Аймақта тұңғыш рет өткізілген байқаудың бас жүлдесі мен «Мехатроника» мамандығы бойынша білім грантын Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің бітіруші түлегі Константин Киселев ұтып алды.

Өзгелердің жаңалығы