Бас жаңалықтар
Тамыз кеңесі – өзекті мәселелер көтерілетін алаң
15 Тамыз 2019, 18:01 547

Тамыз кеңесі – өзекті мәселелер көтерілетін алаң

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Жыл сайын тамыз айында өтетін педагогтардың тамыз конференциясында елдегі білім, ғылым саласының түйіткілді мәселелері талқыланады. Биылғы алқалы жиын 16-тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

Жиынға қатысушылардың бірі – Тараз қаласындағы Балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейрханова пікірін білдірді.

«Мен жетім балалармен және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеймін. 2018 жылы К.Сарымолдаев атындағы жетім балалар үйі кәмелеттік жасқа толмаған балаларға арналған орталықпен қосылып, «Қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» болып қайта құрылды. Біздің орталықта балалардың өмір сүруі мен дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Жетім балаларды отбасыларға орналастыру, яғни потронаттық тәрбиелеу, баланы қамқорлыққа алу, асырап алу бойынша жұмыстар жасаудамыз. Сондай-ақ, отбасылық типтегі балалар үйін құру бойынша шаралар атқарылуда. Бала асырап алуға ниетті ата-аналарға кеңес береміз. Балаларға әлеуметтік көмек көрсетеміз, олардың мүліктік құқығын қорғауына қолдау білдіреміз. Біздің орталықтың түлектері кәсіптік білім беретін колледждерге, жоғарғы оқу орындарында білім алады. Бұл жерде де біз оларға үнемі қолдау көрсетіп отырамыз», - дейді Айжан Мейрханова.

Айжан Мейрханова биылғы тамыз кеңесінде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерді қолдау мәселелері көтеріліп, осы бағыттағы шаралар мемлекет тарапынан қолдауға ие болады деген ойда.

«Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде «Жетімдер үйі – бұл мәселе мені қатты алаңдатады.Қазақстанда Балалар үйі болмауы тиіс деп есептеймін» деген еді. Бүгінде еліміздегі отбасыларың бала асырап алуына жағдай жасалуда. Осылайша, елдегі балалар үйінің саны азаюда. Тамыз кеңесі – білім беру, балаларды қорғау саласында еңбек ететін мамандардың бас қосып, ұрпақ тәрбиесіндегі келелі мәселелерді қозғап, өзара пікір алмасатын орын. Биылғы тамыз кеңесінде қиын жағдайдағы балаларды қорғау, қолдауға байланысты өзекті проблемалар көтеріледі деген ойдамын», - дейді Мейрханова.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық