Тамызға дейін тәулігіне 39 мың ПТР тест жасалатын болады

2 Шілде 2020, 15:50
1676
Бөлісу:
Тамызға дейін тәулігіне 39 мың ПТР тест жасалатын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен "КВИ таралмау мақсатындағы шаралар аясында карантин енгізу жоспары туралы" брифинг барысында ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты.

Бүгін күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе – медициналық мекемелердің коронавирус індетімен ауырып жатқандарды емдеуге арналған жатын-орын санын арттыру. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай шілде айының соңына дейін инфекциялық және провизорлық орын саны 50%-ға өсіп, 28 мыңнан 42 мыңға дейін жеткізілетін болады. Сонымен қатар, тамыз айына дейін ПТР тесттерімен қамтуды тәулігіне 30 мыңнан 39 мыңға дейін жеткізу жоспарда бар, - деді ол.

Мемлекет, Үкімет тарапынан қабылданған шаралардың басты мақсаты – сөзсіз, адам өмірін сақтауға бағытталған.

Сақтық шаралары жаппай ауырып, денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс ауыртпашылық түсіріп, өзімізге қиындық тудырмау үшін қаралған болатын. Үкімет тарапынан қысқа мерзім ішінде 3 қосымша арнайы инфекциялық аурухана салынды. Барлық медицина мекемелеріне техникалық қажеттіліктер алынды, алынып та жатыр. Бұл бағытта жұмыс тоқтаған емес, тоқтамайды да. Үкімет бұл бағыттағы өз міндетін әрі қарай да атқара береді, - деді Тоғжанов. 

Бұған дейін ол карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы