Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

1 Наурыз 2021, 13:45
2602
Бөлісу:
Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елімізде Алғыс айту күні. Айтулы мереке осымен қатарынан алтыншы жыл тойланып отыр.

Алғыс айту күніне орай Түркістан облысының тұрғыны Талип Усмановтың пікірін білген едік. 

Талип Усманов 1936 жылы 3 маусымда Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. 7 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Балаларының бәрі бүгінгі таңда қызметте және олар да балалы-шағалы. Талип аға осы үлкен әулеттің ақсақалы. 41 немере және 11 шөберенің атасы. 

Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

Қазір зейнеткермін. Кіші баламның қолында, немерелерімнің ортасында қызығын көріп жүрмін. 1961 жылы әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін машина зауытына жұмысқа кірдім. Емтиханнан жақсы бағамен өткен соң, сол зауытта 40 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым, - дейді ол. 

Талип Усманов Алғыс айту күнінің маңыздылығы мен мәніне тоқталды. 

Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

Алғыс айту күні – халықтың бірлігін, өзара сенімділігі мен құрметінің орнығуына негіз болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке. Бұл күн – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этностардың құт сыйлаған қасиетті мекені мен кеңпейіл қазақ халқына деген терең тағзымның белгісі іспетті, - деп айтты түркістандық. 

Оның ата-бабасы Қазақстанда туып-өскен. 

Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

Әкем және әкемнің әкесі туып-өскен жерде мен және менің балаларым тіршілік жасап, өмір сүруде. Жақын туған-туыстың барлығы Сайрам ауданы аумағында тұрады. Әрине, ауылымнан жырақ кетсем, сағынамын. Елден ұзап шықпағанның өзінде, «Отан – оттан ыстық» демекші, кіндік қаның тамған жерден ұзасаң, туған мекенге аңсарың ауып тұрады, - деп атап өтті ол. 

Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

Талип Усманов қазақ тілінде еркін сөйлейді. 

«Тату елге тыныштық пен татулық – нәсіп» деп айтқандай, біздің берекеміз – бірлікте. Қазақ, өзбек деп бөлетін ештеңе жоқ, бұлай ету – арамызды айырғысы келетіндердің, екі туысқан халықтың жарасымды татулығын, ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты қаламайтындардың әрекеті. Қазақстанда тұрып жатып, өз Отанымның, мемлекетімнің тілін білмеу мен үшін ұят болып саналады. Туған еліңнің тілін білу – әрбір қазақстандықтың міндеті, - деп айтты ол. 

Алғыс айту күнін қалай атап өтетіндері туралы айтып берді. 

Алғыс айту күні біз үшін де үлкен мереке. Тұрақтылық пен тыныштығымыздың, татулығымыздың арқасында осындай бейбіт, мамыражай күнде өмір сүріп жатқан соң неге тойламасқа?! Үйде жиналып, ағайынның басын қосып, қазақ халқының жомарттығы мен кеңпейілділігін әулеттегі балаларға насихаттап отырған жөн. Дүбірлі той жасамасақ та, жастарға бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан үшін Алғыс айту күнінің маңыздылығын айтып отыру керек, - деп тоқталды Талип Усманов. 

Оның сөзінше, мейірімді, қонақжай және қайырымды Қазақстанда жайлы және тыныш өмір сүруімізге ерік берген қазақ халқына тек бір айтулы күнде емес, күнделікті алғыс айтып, соны өскелең ұрпақтың құлағына сіңіру керек.

Қазақ халқына Алғыс айтудан бастаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың бай, бақуатты, тыныш өмір сүруі үшін барлық жағдай жасап жатыр. Мен Қазақстанның азаматы екендігіме дән ризамын. Ұлтқа, дінге бөліп-жармай, барлығына қамқорлық танытып, өз бауырындай қарсы алып, қол ұшын созатын қазақ халқына деген алғысым шексіз, - дейді Талип Усманов. 

Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

Ол атап өткендей, қазір заманымыз тыныш, еліміз аман, бауырымыз бүтін. 

Міне, осы жақсылықтың барлығы да бірлігіміздің арқасында. Сол себепті бірліктің қадірін біліп, сақтауға әрбіріңіз атсалысыңыз дер едім. Соңғы уақытта басымыздан түрлі қиындықтар өтті, әлем болып күрескен мына сырқаттан соң ынтымақта өмір сүрудің маңызы артқан секілді. Жастарға адамның бір-біріне қонақ екендігін айтып, арғы атамызды зерттесек, барлығымыз түркі тектес бауыр екендігімізді әр отбасында айтып отыру қажет. Дастархан басында балаларымызға бір-біріміздің жақсылығымызды асырып, кемшіліктерімізді жасырып, туыс екендігімізді айтып отырсақ, мейірімді, бауырмал ұрпақ шығар еді, - деп айтты ол. 

Диаспора өкілі атап өткендей, біз бір атаның балаларындай ынтымақтықта өмір сүріп жатырмыз. 

Қиындық пен қуанышты, ыстық пен суықты бірге еңсеріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қиналғанда демеу, қуанғанда нағыз жанашырлармыз. Бір адамның басындағы қайғыны бүкіл қазақстандық болып шешуге қашанда дайын екендігі қуантады. Қандай қиындық келсе де, еліміздің түкпір-түкпірінен көмек беріп, қолдау танытуға дайын қаншама азаматтар бар екендігін білудің өзі жанға демеу. Ұйқымыз тыныш, қарнымыз тоқ, жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған мемлекет тарапынан. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру арқылы қазақстандықтардың барлығының құқығын тең қылды, ешкімді бөліп-жару жоқ. Еліміз тыныш, ең бастысы, - деп айтты Усманов. 

Талип Усманов: Алғыс айту күні - кеңпейіл қазақ халқына терең тағзымның белгісі

Ол сөзінде ата-бабасы негізінен Айтбай, Керікбай деген қазақтар болғаны туралы да айтты. 

Жүз жыл кері қайтып, тарихты зерттейтін болсақ, біздің бабаларымыз - қазақ. Тіпті қазақтармен құда болып отырған да жайым бар. Бір қызымды қазаққа келін етіп ұзатып, бір ұлыма қазақтың қызын алып, құдаласқанбыз. Қазақ, өзбек деген сөз арамызда мүлдем жүрмейді. Тек «Құдалар» деп қараймыз бір-бірімізге. Дініміз бен тіліміз жақын, екі жаққа алтын көпір болып отырған балаларымыздың бақытын көре отырып, ұлтқа, дінге, тілге бөліну бассыздық қой. Түбіміз бір болған соң, осы бірлігімізден құдай ажыратпасын, - деп айтты ол. 

Сөз соңында елімізге амандық, жұртымызға тыныштық тіледі.



Өзгелердің жаңалығы