Талғат Бигелдиновті еске алу шарасы өтті

16 Қараша 2020, 19:04
2745
Бөлісу:
Талғат Бигелдиновті еске алу шарасы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында аты аңызға айналған ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновті еске алу шарасы өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Соғыс жылдары ол әскери тапсырмалармен 305 рет әуеге көтерілген. Талғат Бигелдинов әуе шайқасында фашистік «мессершмитті» жеңген алғашқы ұшқыш болды. Ил-2 шабуылдаушы ұшағында ол жеті ұшақты атып түсіріп, жаудың ондаған танктерін, зеңбіректерін және басқа да техникаларының көзін жойды. Ерлігі мен ұшу шеберлігі үшін аға лейтенант Талғат Бигелдинов екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

Жас ұрпақ қазақстандық жауынгерлердің ерліктерін білуі керек. Оларға қарап бой түзейтіндей біз курсанттарды жауапкершілікке, сертке адал болуға үйретіп, нағыз отан қорғаушыларды тәрбиелейміз, – деді Әуе қорғанысы күштері Әскери институты бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Асқар Ізбасов.

Талғат Бигелдинов 2014 жылы 10 қарашада дүниеден озды. Көзі тірісінде ол жастармен жиі кездесетін. Әр кездесуде ол жастарға патриот, достыққа берік болуды, ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрлерін арттыру қажет екенін айтатын.

ЖОО үшін атақты ұшқыш Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновты еске алу күнін атап өту дәстүрге айналған. Курсанттар осындай батырдың есімі берілген институтта оқығанын мақтан тұтады.

ЖОО-да курсанттар Талғат Бигелдиновтың танымал шығармаларымен танысады. Атап айтқанда «Илдер шабуылдайды», «305-ші рейд» және «Мәңгілік шыңында». Бұл кітаптар институт кітапханасының қорында бар.

ЖОО қолбасшылығы мен курсанттар батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздік жариялады.


Өзгелердің жаңалығы