Бас жаңалықтар
Талдықорғанның Еркін ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды
08 Сәуiр 2021, 07:11 118

Талдықорғанның Еркін ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының 15 мыңға жуық тұрғын тұрады. Енді ауыл тұрғындарына дәрігерлік көмек алу үшін Талдықорғанға сабылудың қажеті жоқ. Ауылда бір ауысымда 100 адам қабылдауға лайықталған жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін амбулатория 1964 жылы салынған кішкентай ғимаратта болған. Жаңа нысан салуға жергілікті бюджеттен 378 млн теңге жұмсалды. Қазіргі жаңа ғимарат екі қабатты, аумағы 1000  шаршы метр, тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған. Жаңа амбулаторияда УЗИ, ЭКГ бар, сол сияқты стоматолог маман да осында.

Мұнда жалпы тәжірибедегі дәрігерлерге, акушер-гинекологқа, стоматологқа, психологқа арналған кабинеттер, балаларды дамытуға арнап жабдықталған бөлме, скрининг өтетін кабинет, УЗИ зерттеуі, 2 егу бөлмесі мен 2 процедуралық бөлме, массаж және физиокабинеттер, сол сияқты мәжіліс залы қарастырылған.

Сондай-ақ «таза» және «лас» аймаққа бөлінген фильтр  бар. Егу пунктінде әрбір ниет білдіруші коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыра алады. Амбулаторияда Еркін және Көктал ауылдарын қосқанда барлығы 18 мың адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Штатта 42 медицина маманы жұмыс істейді.  

Жаңа амбулаторияға арнайы барған әкім Амандық Баталов құрылыс сапасы мен нысанның материалдық-техникалық жабдықталуына оң баға берді. Сол сияқты ол жуырда амбулаторияға жаңа жедел жәрдем машинасы берілетінін де айтты.

Еркін ауылының тұрғындары өткен жылғы есепті кездесуде ауылға жаңа амбулатоия керек деген мәселе көтерген еді. Соған байланысты тиісті басқармаға тапсырма бердім, сөйтіп, бір жыл ішінде жергілікті бюджет есебінен жаңа амбулатория салынды. Қазір халыққа қызмет көрсетуге дайын. Нысан сапалы салынған, заман талабына сай құралдармен жабдықталған. Елбасы мен Президенттің алға қойған басты міндеттерінің бірі - халықтың денсаулығын нығайтуға жаңа нысан қызмет ете берсін, – деді Амандық Баталов.

Атап өтсек, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында биылғы жылы Жамбыл және Қарасай аудандарында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 2 дәрігерлік амбулатория, сол сияқты облыстың әр түкпірінде блокты-модульді конструкциядан 20 медпункт салынады. Облыста өткен жылы барлығы 14 денсаулық сақтау нысаны тұрғызылды, соның 8-і – дәрігерлік амбулатория, 1-еуі – медициналық пункт.



Фото: дереккөз
Загрузка...