Талдықорғанда "Аntikor ortalygy" ашылды

2 Сәуір 2020, 20:48
1608
Бөлісу:
Талдықорғанда "Аntikor ortalygy" ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан "ANTIKOR ORTALYGY" атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сервис орталығы ашылды. 

Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов пен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Мақажанов қатысып, көпшілікке ашық қызмет көрсететін жаңа мекеменің жұмыс тәртібімен танысты.

Алдымен екі қабатты ғимаратты аралап көріп, онда отыратын мамандармен тілдескен Амандық Ғаббасұлы тұрғындармен талапқа сай жұмыс істеп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, мәдениетті қарым-қатынас жасау маңызды екенін айтты.

Жаңадан ашылған нысанда облыстық департамент кеңсесі, алдын алу және парасаттылық басқармасы орналасады. Сонымен қатар, өтініш айтып келушілерді қабылдауға қажетті арнайы кабинеттер, демалыс орындары, балаларға арналған ойын бұрышы жұмыс істейді. Одан бөлек, департамент қызметкерлерінің баспасөз мәслихаты мен брифинг өткізуіне, онлайн-конференция мен тікелей эфир арқылы хабар таратуына арналған мәжіліс залы бар.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау мақсатында салынған фронт офис Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың бастамасымен қолға алынған. Елімізде 14-ші болып ашылып отырған "ANTIKOR ORTALYGY" ашық форматта жұмыс істейтін заманауи мекеме болмақ.

Қоғам белсенділерімен, мемлекеттік қызметшілермен, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жұмыстың бәрі осы ғимаратта өткізіледі. Өздеріңіз жақсы білесіздер, біздің ғимарат режимді нысан саналады. Мұнда өз басындағы жағдайды айтып, толғандырған мәселесін талқылауға келетіндер мұң-мұқтажын жеткізе алады. Біздің департаменттің көптеген жобаларды жүзеге асырып отырғаны белгілі. Оның бастапқысы - "Жетісу – адалдық алаңы". Осы жұмыстардың барлығы "Жетісу – адалдық алаңы" аясында жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста жүргізіледі, – деді департамент басшысының бірінші орынбасары.
Жаңа нысан қызметкерлері қазіргі кезде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жұмыстарын қашықтықтан жүргізуге мәжбүр. Соған орай 1424 нөмірлі тікелей желі жұмыс істеп тұр. Бұған хабарласқан адам басындағы жағдайды хабарлап айта алады.
Өзгелердің жаңалығы