Бас жаңалықтар
Талдықорған ХҚКО-лары қызметтің 80 пайызын электронды форматта көрсетеді
05 Тамыз 2020, 19:36 276

Талдықорған ХҚКО-лары қызметтің 80 пайызын электронды форматта көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Талдықорған қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет көрсетудің шамамен 80 проценті электронды форматқа көшірілген. Қызмет алудың басқа баламасы жоқ 106 қызмет түрі қағаз форматында көрсетілуде деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс орталығындағы ХҚКО басшысы Талғат Бейбіттің айтуынша, карантин қала тұрғындарының көптеген мәселені қашықтан шешіп үйренуіне ықпал еткен. Мәселен, қазір 1414 байланыс орталығы және eGovKzBot2.0. телеграм-ботының көмегімен мекен жай анықтамасын, ЭЦҚ, балабақша кезегін, некені тіркеу, салық пен айыппұлдарды төлеу және басқа да қызмет түрлерін алуға болады.
Әрине, кейде түсінбеушіліктер болып жатады, көпшілік тұрғындар алдын ала брондамастан кезексіз өтіп кеткісі келеді, бірақ біз бәріне түсіндіріп жатырмыз. Бізде барлық санитарлық талаптар сақталған. Сол сияқты қазір біздегі жұмыс кестесі де өзгерді. Сенбі, жексенбі - демалыс, ал Call-орталықтарда қоңыраулар сағат 9-дан 17.00-ге дейін қабылданады, - деді Т. Бейбіт. 
Қағаз арқылы берілетін қызметтер санының едәуір азайғанына қарамастан орталықтың барлық 80 қызметкері де жұмыс істеуді жалғастыруда, олардың бір бөлігі Call-орталықта қызмет көрсетіп отыр.
ХҚКО мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызмет алуды жеңілдеткен, мамандар олардың үйлеріне барып қызмет көрсетуде. Ал қолдарында компьютері жоқ, интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ немесе интернет қолдануға машықтанбаған азаматтар үшін облыс орталығында 31 жерде «Өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы» ұйымдастырылған, аталған азаматтар осы орындардан электронды мемлекеттік қызметті ала алады. Осындай әрбір бұрышта жұмыс істейтін ерікті-консультант қызмет алуға жүгінген азаматтарға әдістемелік көмек көрсетіп, кеңес береді.
 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...