Таласпай, кезекпен ауырыңыздар - коронавирус жұқтырған журналист

19 Маусым 2020, 10:54
3098
Бөлісу:
Таласпай, кезекпен ауырыңыздар - коронавирус жұқтырған журналист

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында коронавирус жұқтырып алған журналист Ардабек Солдатбай бұл дерт біреуге ауыр, біреуге жеңіл тиеді деп отыр.

Коронавирус - жаңа тұмау. Сен, сенбе, бір күні бәрібір жұқтырасың. Біреуге ауыр, біреуге жеңіл тиеді. Ендеше, маска не үшін керек? Кезекпен ауыру үшін керек. Иә-иә, дәл солай. Адамдар маска тақпай, карантин сақтамай жүрсе, бір мезгілде жаппай ауырады. Бәріне бірдей дәрі, дәрігер, аурухана жетпей қалады. Өлім-жітім көбейеді. Карантин сақтап, маска тағып жүрсе, біртіндеп, кезекпен ауырады. Медициналық көмек те жеткілікті болады. Ғалымдар 2022 жылға дейін жер бетіндегі адамдардың 85 пайызы ауырады деп отыр. Ендеше, уақыт бар, асықпай, кезекпен ауырыңыздар. Ал жеңілдігін, шипасын Алладан сұраңыздар, - дейді Ардабек Солдатбай.

Оның айтуынша, бұл - жазылмайтын дерт емес. Көңілді жүріп, дұрыс тамақтанып, иммунитетіңізді нығайтып жүрсеңіз тез сауығып кетесіз деп отыр.

Біздікі жеңіл түрде өтуде. Арасында бірнеше рет қызуымыз көтерілді. Дәрі ішкен соң басылып қалды. Бірақ әлсіздік меңдейді екен. Жөтел жоқ. Иммунитет көтеретін системалар қабылдадық. Тест бәрімізде вирус бар деп көрсетті. Кішкентайлар жақсы. Ауырсыну белгілері жоқ. Емшектегісі арасында аздап мазасызданды. Бірнеше күннен кейін қайта тест тапсырамыз. Ауыра қалсаңыз, не істеу керек? Ең бастысы, сабыр сақтаңыз. Үрейге берілмеңіз. Коронавирусты тікелей жоятын дәрі жоқ. Иммунитет өзі жеңуі керек. Сондықтан бірден иммунитет көтеретін дәрумендер қабылдаңыз. Маска тағыңыз, шешпеңіз. Келген-кеткен адамдарға сақтық шараларын сақтауды ескертіңіз.

Ерте ме, кеш пе, вирус сізге де жететінін ұмытпаңыз, күреске дайын жүріңіз. Коронавирус өтірік деп өсекке еріп жүре берсеңіз, өзіңізге ауыр тиюі мүмкін, - дейді журналист.

Өзгелердің жаңалығы