Бас жаңалықтар
Такси жүргізушілері 1 сәуірден бастап түбіртек беруге міндетті
01 Сәуiр 2019, 11:33 1399

Такси жүргізушілері 1 сәуірден бастап түбіртек беруге міндетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 206 бұйрығына сәйкес, 1 сәуірден бастап бірқатар қызметтер, соның ішінде такси жүргізушілері жолаушыларға түбіртек беруге міндеттеліп отыр. Бұл туралы ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайты adilet.zan.kz порталында жазылған.

Қаржы министрінің аталған порталда жарияланған «Салық төлеушілер Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асырғанда ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданатын қызмет түрлерін бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Бұл өзгерістер 1 сәуірден бастап күшіне енеді.

Бұйрыққа сәйкес, ҚР аумағындағы салық төлеушілер өз қызметін жүзеге асыру барысында ақшалай есеп айырысулар кезінде деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын қолданып, түбіртек беруге міндеттелген. Қызмет түрлерінің тізімі толықтырылып, 323-ке жеткен.

Осы тізімге такси жүргізушілерімен қатар, ломбардтар мен қонақүйлер, шаштараз және сұлулық салонының қызметкерлері, жеке меншік немесе жалданатын жылжымайтын мүлікті жалға беретін тұлғалар, құлыптар, ілгектер және топса жасаушылар, химиялық тазалау және бояу қызметтері, сондай-ақ сылақ жұмыстарын орындаушылар, аудио және бейнетехникалардың,  тұрмыстық электр аспаптарының бөлшек саудасымен айналысушылар міндеттелген. 

Түбіртек беруге міндеттеліп отырған қызмет түрлерінің толық тізімін сілтеме берілген порталдан көруге болады.    


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...