Тағзым мен құрмет

6 Мамыр 2022, 18:55
2962
Бөлісу:
Тағзым мен құрмет
Фото: автордан

Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс күніне орай Ақтөбе қаласында ел қорғаған тарихи тұлғалардың, сондай-ақ тақырыптық 43 ескерткішке гүл шоғын қою салтанаты өтті. 

Аталған шараларға тыл және еңбек ардагерлері, әскери қызметкерлер, мәдениет, білім саласының мамандары, мектеп оқушылары мен студенттер, қала жастары қатысты.

Гүл шоқтары қойылған ескерткіштер қатарында елімізді жаудан қорғаған, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырлар, сондай-ақ әскери салада қызмет еткен тұлғалар, атап айтсақ, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Виктор Пацаев, Қожабай Жазықов, Жансен Кереев, т.б. бар. 

Сонымен қатар жұртшылық облыс орталығындағы «Батырлар аллеясы», «Пушка», «Мәңгілік алау» ескерткіш-кешендеріне де гүл шоқтарын қойып, ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етті.

Тағзым мен құрмет

Гүл шоғын қою рәсімдерінің бірі Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінде өтті. 

Колледж алаңына жиналған еңбек ардагерлері, оқушылар мен ұстаздар батыр қыздың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Оқу орнының өнерпаздары патриоттық әндер орындап, еңбек ардагерлері Мәншүк Мәметова жайлы жастарға тағылымды әңгімелер айтып берді.

Аталған оқу орнында 40 жыл еңбек еткен дәрігер-хирург, медицина саласының ардагері Есен Өтешев осыдан 15 жыл бұрын колледжге Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы үкіметке алғаш рет ұсыныс жасап, хат жазыпты. Ардагердің бұл ұсынысы 2017 жылы ғана орындалған. 

Колледжге Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы ұсынысым 2017 жылы мамыр айында мақұлданып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №302 қаулысымен бекітілген болатын. Міне, қазір жастарымыз осы оқу орнында сапалы білім алып, тәрбиеленіп жатыр. 2020 жылы аталған оқу орнында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың құрметіне оның ескерткіш-бюсті ашылды. Қазіргі жастарымыз тарихты біле бермес, Мәншүк Мәметова соғыс басталғанда институтта оқып жүрген. Содан майданға аттанып, дәрігер боламын деген арманына жете алмаған. Ерлікпен қаза тапқан. Міне, сол Мәншүк жетпеген арманға тәуелсіз еліміздің ұландары жетіп отыр. Жастарымыз ертең маман болып шығады.  Мен медицина саласының мамандарының еңбегі кейде ерлікке пара-пар дер едім. Себебі  олар өмірдің сақшылары, күні-түні демалмай еңбек етеді. Сондықтан бүгінгі шараның болашақ мамандарға берер тағылымдық маңызы зор, — дейді Есен Өтешев.

Айта кету керек, 85 жылдық тарихы бар оқу орны бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам түлек даярлап, ұшырды. Республика бойынша алғаш болып бұл оқу орнында көру мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Мейірбике ісі», «Массажшы» және сөйлеу мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Ортопедиялық стоматология», «Тіс технигі» мамандықтары ашылды.

 

Өзгелердің жаңалығы