Тағы да құрғақшылық, суы тартылған өзендер. Министрліктің ұстанымы қандай?

27 Қазан 2021, 12:00
41905
Бөлісу:
Тағы да құрғақшылық, суы тартылған өзендер. Министрліктің ұстанымы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде соңғы уақыттарда су мәселесі өршіп тұр. Бірнеше өңірде су деңгейі төмендеп, сарқылып жатқанын да көріп отырмыз. Осы ретте өзендердің экологиялық жағдайын жақсарту үшін қандай жұмыс істеліп жатқанын осы салаға жауапты министрліктен сұрадық.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өзен суларын қайта қалпына келтіру үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді.

Ақпаратқа сәйкес Қазақстанның қолда бар су ресурстары жер асты сулары мен өзен ағысының қорларынан тұрады. Өзен ағыны ресурстарының соңғы жылдардағы нақты көрсеткіштері 90-100 км3 құрайды, оның 50,8 км3 – жергілікті ағын, 39,2 км3 Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түседі.

Республиканың жекелеген өңірлері бойынша жер үсті суларының ресурстарымен қамтамасыз етілу жағдайы айтарлықтай ерекшеленеді.

Еліміздің оңтүстік-шығыс және шығыс өңірлері (Ертіс және Балқаш-Алакөл су шаруашылығы бассейндері) жер үсті суларының өз ресурстарымен барынша қамтамасыз етілген. Ең аз қамтамасыз етілгені - Орталық Қазақстан (Нұра-Сарысу су шаруашылығы бассейні). Елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және батыс өңірлері (Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл және Жайық-Каспий су шаруашылығы бассейндері) шектес аумақтардан келетін су ағынына неғұрлым тәуелді, - делінген Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Серік Қожаниязовтың ресми жауабында.

Бұл су шаруашылығы бассейндері мен экономика салаларын сумен қамтамасыз етудің тұрақсыздығына және әркелкілігіне себепші болады.

Нұра-Сарысу су шаруашылығы бассейнінде су ресурстарына аса жоғары жүктемемен сипатталады. Осы өңірді сумен қамтамасыз ету толығымен Ертіс өзенінен бассейнді сумен қоректендіретін Қаныш Сәтпаев атындағы каналды қауіпсіз пайдалануға байланысты.

Арал-Сырдария және Шу-Талас су шаруашылығы бассейндерінде су ресурстарына өте жоғары жүктеме байқалады. Бұдан басқа, Арал-Сырдария өзен су шаруашылығы бассейніндегі өзен ағыны ресурстарының 90%-ға жуығы Орталық Азияның іргелес елдерінен келіп түседі, ал Шу-Талас өзен су шаруашылығы бассейнінде өзен ағынының 75%-ы Қырғыз Республикасының аумағында қалыптасады, - деді вице-министр.
Сөзінше, Есіл су шаруашылығы бассейнінде жергілікті су ресурстарына жоғары жүктеме байқалады.

Жайық-Каспий су шаруашылығы бассейнінде су ресурстарына қалыпты жүктеме байқалады, бұл ретте өзен ағынының 80%-ы Ресей Федерациясынан келіп түсетіні шектеуші фактор.

Бассейннің негізгі проблемасы - өзеннің реттелуіне және Ресей Федерациясының аумағынан ластаушы заттардың төгілуіне байланысты Жайық өзенінің сарқылуы (таяздануы) және ластануы.

Бұдан басқа, табиғи-климаттық себептерге байланысты соңғы жылдары Ойыл, Жем, Сарыөзен және Қараөзен өзендері ағындарының азаюы байқалады, бұл Атырау және Батыс Қазақстан облыстарындағы экологиялық жағдайға теріс әсер етеді. Балқаш-Алакөл және Ертіс су шаруашылығы бассейндерінде қалыпты жүктеме, ал Тобыл-Торғай су ресурстарына төмен жүктеме байқалады. Тиісінше осы өзен су шаруашылығы бассейндерінде шектес аумақтардан судың түсуі сақталған жағдайда, одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму үшін жеткілікті су-ресурстық әлеует бар, - делінген жауапта.

Сырдария өзені

Тағы да құрғақшылық, суы тартылған өзендер. Министрліктің ұстанымы қандай?

Жалпы әлемдегі су ресурстарына қатысты жағдай күрделене түсуде. Су қорының мөлшері бірінші кезекте климаттың өзеруінің салдарынан көбеймейді, оның үстіне экономика мен халық санының өсуіне байланысты суға сұраныс артуда. Орталық Азия өңірінде осымен үшінші жыл қатарынан су тапшылығы жалғасып жатқаны белгілі, әсіресе Арал-Сырдария бассейніндегі жағдай ушығып кетті, - деді вице-министр Серік Қожаниязов.

«Сырдария өзенінің бассейніндегі су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың нақтыланған схемасы туралы» 5.05.1982 жылғы КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің қаулысына сәйкес орташа көпжылдық мөлшерде Шардара су қоймасына түсетін су 12км3, ал су аз жылдары 10 км3 болып белгіленген.

Министрлік мынадай дерек берді:

2010 жылдан бері Шардара су қоймасына түскен су көлемі келесідей: 2010 жыл - 25,9 км3, 2011 жыл - 16,2 км3, 2012 жыл - 18,7 км3, 2013 жыл - 13,9 км3, 2014 жыл - 17,2 км3, 2015 жыл- 14,9 км3, 2016 жыл - 14,5 км3, 2017 жыл - 23,1 км3, 2018 жыл - 15,4 км3, 2019 жыл - 14,6 км3, 2020 жыл - 12,8 км3. Яғни жыл сайын орташа 17 км3 су алынып отыр.

Ал Арал теңізіне жіберілетін су 3 км3 болып белгіленген. 2010 жылдан бері Аралға түскен су көлемі келесідей: 2010 жыл - 9,1 км3, 2011 жыл - 4,6 км3, 2012 жыл - 4,6 км3, 2013 жыл - 4,1 км3, 2014 жыл - 5,1 км3, 2015 жыл- 5,5 км3, 2016 жыл - 5,1 км3, 2017 жыл - 9,2 км3, 2018 жыл - 4,3 км3, 2019 жыл-3,7 км3, 2020 жыл -1,6 км3. Яғни орташа жыл сайын 5,17 км3 су түсуде.

Алайда Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетін судың шамамен 70%-ы вегетацияаралық кезеңге келеді, ал вегетациялық кезеңде суармалы су тапшылығы орын алуда. Арал теңізінің бассейнінде экологияны және халықтың өмір сүру жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында, Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және аумақтық дамыту» бағдарламасын іске асыру барысында жұмыстар атқаруда. Жобаның техника-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге Дүниежүзілік банкпен 1,5 млн доллар грант бөлінді. Биылғы жылдың 30 мамырында халықаралық консультантпен техника-экономикалық негіздеме әзірлеуге келісім жасалды. Солтүстік Арал теңізінің ұлғаю көлемімен нұсқалары ТЭН әзірлеу қорытындысы бойынша анықталады, - деп айтты Экология министрлігі өкілі.

Бүгінгі күні Солтүстік Арал теңізінің су деңгейі Балтық жүйесі (БЖ) бойынша 41,9 м.

Солтүстік Арал теңізі бөгетінің пайдалану ережесіне сәйкес Солтүстік Арал теңізінің су деңгейі әр жылдың сәуір айынан қазан айына дейін 42,0 м БЖ белгісінде, ал қазан айынан сәуір айына дейін 41,3 м БЖ ұстау қарастырылған.

Қазіргі уақытта Көкарал бөгетінің авариялық учаскесін жөндеу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру бойынша жобалау сметалық құжаттар әзірлеу аяқталуда. Осы жылы құрылыс жұмыстары басталады.

Көкарал бөгеті пайдалануға берілгеннен (2005 ж) осы уақытқа дейін 40,8 млрд текше метр су Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз тасталған.

Сондықтан жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз кететін судың қөлемін азайту үшін келесі жобаларды іске асыру жоспарланып отыр:

1) Қамыстыбас және Ақшатау көлдері жүйесін суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында су торабын салу;

2) Қараөзек арнасындағы үш тіреуіш су құрылыстарын қайта жаңғырту;

3) «Күміскеткен» көлдер жүйесінде гидротехникалық құрылыстар салу.

Қалыптасып отырған жағдайды ескере отырып, Сырдария өзенінде суды көбейту жөнінде келесі шаралар қабылдануда.

Арал-Сырдария бассейні бойынша Қазақстан 90% жоғарғы ағыс елдеріне тәуелді, сол себептен қазіргі геосаяси және климаттық жағдайларды ескере отырып, су бөлу жөніндегі қарым-қатынастарды жүйелеу туралы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары деңгейінде шешім қабылдау туралы ұсыныстар пысықталып жатыр. Шекаралас елдермен Сырдарья өзенінің суын бөлу бойынша өзара тиімді шешімдерді талқылау және қабылдау бойынша екіжақты да, көпжақты да форматтарда кездесулер мен келіссөздер өткізілуде. Бүгінде Шардара су қоймасы толтыру режимінде жұмыс істейді. Су қоймасынан суды ағызу 65 м3/сек ағынмен жүзеге асырылуда, келген судың көлемі 150 м3/сек құрайды, - деді ол.

Шардара су қоймасынан су ағызу ағындылықтың ұлғаюына қарай көбейеді.

Жайық өзені

Тағы да құрғақшылық, суы тартылған өзендер. Министрліктің ұстанымы қандай?

Соңғы жылдары Жайық (Орал) өзені суының азаюына байланысты оның экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзеніндегі су ағынының көлемі біртіндеп азайып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бұл Жайық өзенінің бассейнінде аз сулы кезең циклінің басталуына байланысты. Бұл өзендердегі су деңгейінің төмендеуі артуына, бассейндегі ағынды реттеуге, жерді жыртуға және орманды кесуге байланысты өзеннің гидрографиялық желісінің нашарлауына әсер ететін климаттық факторлар, - деп атап өтті Экология вице-министрі.

Жайық өзені бассейніндегі су жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдау үшін ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы және оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен оларды ұйымдастыру нысандарын нақтылаумен іс-шараларды іске асырудың жұмыс кестесі бекітілді.

Қазіргі уақытта қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай Жол картасын жүзеге асыруға кірісті.

Бірыңғай Жол картасының іс-шараларын іске асыру нәтижесінде Жайық өзенінің гидрологиялық режимін және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен шаралар қабылданады.

Ойыл өзені

Тағы да құрғақшылық, суы тартылған өзендер. Министрліктің ұстанымы қандай?

2019-2020 жылдары көктемгі өр суы келмеуі салдарынан Атырау облысының Қызылқоға ауданымен өтетін Ойыл өзенінің төменгі ағысы үзіліп, арнасы құрғап қалды.

Осыған орай министрліктің, Ақтөбе облысы әкімдігінің және аудандық әкімдіктер өкілдерімен комиссиялық түрде аталған бөгеттерді көзбен шолып қарау жүргізілді. Көзбен шолып қарау нәтижесінде Ақтөбе облысының Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағында яғни Ойыл өзенінің жоғарғы ағысында және бассейнінде барлығы 57 әр түрлі нысандағы гидротехникалық құрылыстар анықталды, оның ішінде: республикалық меншіктегі – 8; коммуналдық меншіктегі – 3; иесіз бөгеттер – 34; көпір немесе көтерме жол – 5; тазартуды қажет ететін бұлақтар – 7, - деп түсіндірді Экология вице-министрі Серік Қожаниязов.
Бөгеттер өзен арнасында кеңестік одақ кезеңінде салынған және бүгінгі күні көпшілігі қирап тұр. Дегенмен судың еркін жүруіне кедергі келтіруде және Ойыл өзенінің төменгі ағысындағы қолайсыз гидрологиялық жай-күйдің себептерінің бірі болуы мүмкін. Себебі өзендегі су көлемі көктемгі еріген қар суына тәуелді, яғни күзгі топырақтың ылғалдылығына, қысқы қардың түсіміне, көктемгі жауын-шашынға тікелей байланысты.

Осыған орай бөгеттерге және басқа да су тіреуіш құрылыстарға құқықты белгілейтін заңды құжаттардың болмауын басшылыққа ала отырып, әрбір гидротехникалық қондырғы бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқару органдарға хат жолданды. Нәтижесінде министрліктің атқару органдарға Ойыл өзенінің арнасында заңсыз салынған көпірді, бөгеттерді жою, арналарды артық өсімдіктерден тазарту және бұлақтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде, - деп түсіндірді ол.

Қалжыр өзені

Сонымен қатар ШҚО-дағы Қалжыр өзенінің былғануы да халықты алаңдатып отыр. Осыған орай Экология министрлігі өзенді ластағандар жауапкершілікке тартылғанын айтты.

Тағы да құрғақшылық, суы тартылған өзендер. Министрліктің ұстанымы қандай?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті Күршім ауданындағы Қалжыр өзенінің ластану фактісі бойынша тексеру жүргізді. Биылғы жылдың мамыр айында Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты «Шандыбұлақ» учаскесінде жүргізілген рейдтік шаралар барысында Күршім аудандық полиция бөлімі жеке кәсіпкер Сергей Хванның рұқсат құжаттарсыз алтынды өз еркімен өндіру фактісін анықтады, - деді Экология вице-министрі Серік Қожаниязов.
6 қыркүйекте Қалжыр өзенінің ластануы туралы келіп түскен бейнесюжет негізінде Экология департаменті, табиғатты қорғау полициясы, бассейндік инспекция және басқа да мемлекеттік органдар қызметкерлері аталған жерге барды.
Белгілі болғандай, жақын арада «С.А. Хван» жеке кәсіпкер өкілдері сот қаулысын орындау үшін Қалжыр өзенінің арнасы мен және жайылмалы бөлігіндегі, сондай-ақ Шандыбұлақ бұлағындағы заңсыз салынған бөгеттер мен тоғандарды бұзған. Соның әсерінен Қалжыр өзенінің негізгі арнасына түскен ұсақ құмды топырақ оның едәуір аумағын ластаған. Лай тұнбалы лас су өзен ағысымен біршама қашықтыққа жайылып, 53,3 мг/м3 дейінгі қалқыма заттармен ластануға әкелді. Қалжыр өзенінің одан әрі ластануына жол бермеу үшін экология департаментінің инспекторлары заңсыз құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстарын тоқтатты. Аталған жұмыстарды қауіпсіз жүргізу үшін жобалық құжаттаманы әзірлеу ұсынылды, - деп түсіндірді ол.
Ақпаратқа сәйкес бүгінгі күні табиғи суларды сынау хаттамаларына сәйкес зиян шеккен су айдынындағы ластаушы заттардың құрамы шекті рұқсат етілген концентрациядан аспайды. Жер үсті суларының сапасы қалпына келтірілді.

Алтын кенін іздеу бойынша жұмыстарды заңсыз жүргізгені, рұқсат етілмеген құрылыстарды бұзу туралы сот шешімін орындамағаны, сондай-ақ экологиялық сараптама жүргізбей объектілерді өз бетінше салғаны үшін Күршім ауданының №2 аудандық соты мен ШҚО Экология департаментінің шешімімен кәсіпкерлерге жалпы сомасы жарты миллион теңгеден астам айыппұл салынып, кен өндірушілікке берілген лицензиялары кері қайтарылды.

Бұдан басқа, құқық бұзушылықтардың салдарын жою мақсатында «Хван» ЖК ремедиация бағдарламасын бекітті, оған сәйкес биылғы жылғы қарашаға дейін Қалжыр өзенінің гидрологиялық режимін және тау ландшафтын қалпына келтіру бойынша бірінші кезектегі іс-шараларды орындау қажет. Қазіргі уақытта өңір әкімдігі табиғи компоненттерді қалпына келтіру бойынша жұмыстардың кеңейтілген сметалық есебін жасауды пысықтауда, оның сомасына байланысты полиция органдары ҚК 324, 328, 333 және 334-баптары бойынша кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарайды, - деп толықтырды Экология министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар осындай заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында мемлекеттік органдардың өкілдері жергілікті белсенділермен кездесу ұйымдастырды, оның нәтижесінде құқық бұзушыларды карьерлерді рекультивациялау жөніндегі жобаларды (оның ішінде түбін қауіпсіз тәсілмен тазартуды жүргізу) әзірлеуге міндеттеу, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту жөнінде шешім қабылданды.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Сырдарияның, Жайықтың суы тартылып жатқаны туралы видео таралған болатын.  Кейін министрлік өз тарапынан мәселеге қатысты түсініктеме берді.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана редакциямыздың тілшісі Батыс Қазақстан облысына барған сапарында Жайықтың жағдайын көзімен көріп келді.


Өзгелердің жаңалығы