Жамбыл облысында жаңа кәсіпорындар қатары көбейіп келеді

16 Қыркүйек 2020, 09:11
1957
Бөлісу:
Жамбыл облысында жаңа кәсіпорындар қатары көбейіп келеді

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Жамбыл облысында ашылған кәсіпорындар қатары көбейіп келеді. Олардың ішінде құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар да бар.

Тараз қаласындағы «Ғимарат Темірбетон» ЖШС әлеуметтік ғимараттар, су шаруашылығы және жол құрылысы үшін темірбетон бұйымдарын өндіреді. Бүгінде мұнда олардың қырықтан астам түрі жасалады. Білікті мамандар түскен тапсырысқа қарай темірбетонның алуан пішіндегі түрін құрастырады .Өткен жылы ұзындығы тоғыз метр плита шығаратын жаңа желіні іске қосқан. Мұның өзі оларға жылына 1 600 миллион теңгенің құрылыс-құрастыру жұмыстарын игеруге мүмкіндік беруде. 

«Ғимарат Темірбетонның» тауарларын Жамбыл облысымен қатар Түркістан және Қызылорда облыстарының құрылыс жүргізушілері де сатып алады. Жасалған бұйымдар зертханада тексеріліп, сертификат беріледі. Кәсіпорын құрылғалы бері «ИСО-2001» сапа менеджменті стандартына сай екенін үш мәрте дәлелдеген. Қазір тұрғындар сәулеттік келбеті алуан ғимараттар салуына байланысты серіктестік те олардың талғамына сай тауар шығаруға күш салуда. Жыл сайын тапқан табысының 50 пайызын өндірістегі құрал-жабдықтарды жаңартуға жұмсайды екен. Соның нәтижесінде және мемлекеттің түрлі бағдарламаларының қолдауымен олар 50 техниканың тоқсан пайызын жаңартуға қол жеткізген. Биыл жаңа 3 жүк көлігін және тиейтін техника сатып алған. 

Бүгінде мұнда 150 адам жұмыс істейді. Жалақыны жыл сайын өсіруге күш саламыз. Қазір олардың орташа жалақысы 130 мың теңге болды. Бізде де білікті маман тапшылығы бар. Оны өз күшімізбен шешуге күш салудамыз. Жұмысқа қабылданған жастарды тәжірибелі мамандарға бекітіп береміз. Мамандарымыздың алаңсыз өнімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалуда, - дейді «Ғимарат Темірбетон» ЖШС директоры Қалдарбек Сматов. 

Серіктестік бәсекеге қабілетті өнім шығарып, тұтынушыларға уақыт талабына сай қызмет көрсету жолдарын тынбай іздестіреді. Тапсырыс берушіге сатып алған тауарын облыс көлемінде жеңілдікпен жеткізіп береді. Кәсіпорын темірбетон шығаруға қажетті материалдарды отандық өндірушілерден алады. Тек арматураны ғана Ресейден әкеледі. Соның нәтижесінде мұнда қазақстандық қамту үлесі 80 пайызды құрап отыр.


Өзгелердің жаңалығы