Табысы төмен адамдарға несие берілмейді

15 Қазан 2019, 00:55
2049
Бөлісу:
Табысы төмен адамдарға несие берілмейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың басынан бастап жеке тұлғалардың тұтынушылық несиелері 17,4%-ға, яғни 3,9 трлн теңгеге дейін өсті, деп хабарлады Елорда Инфо.

Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев халықтың қарызының өсуін болдырмау үшін кешенді шаралар әзірленіп жатқанын айтты.

«Осы жылдың соңына дейін мерзімі 90 күннен асып кеткен кепілсіз қарыздар бойынша тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салуды, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз азаматтарға қарыз беруге тыйым салуды, кепілсіз тұтынушылық қарыздарды, әсіресе табысы төмен азаматтарға беруді тоқтатуды көздейтін шаралар қабылданатын болады», - деді Ерболат Досаев.

Ұлттық банк басшысы халықтың қарызының бақылаусыз өсуін шектеу үшін осы жылдың шілде айында тұтынушылық несиелеудің барлық субъектілерін реттеу периметріне өзгеріс енгізуді қарастыратын заң қабылданғанын еске салып өтті.

Сонымен қатар, Досаев 2019 жылдың сәуірі мен тамызы аралығында банк секторының кредиттік портфелі 6%-ға, яғни 750,9 млрд теңгеден 13,2 трлн теңгеге дейін артқанын мәлім етті.

«Жыл басынан бері өсім 1%-ды құрады, бұл бірінші кезекте жеке тұлғалардың несие қоржынының 16%-ға, яғни 6,2 трлн теңгеге дейін өсуімен байланысты. Заңды тұлғаларға берілетін кредиттер көлемі осы жылдың 1 тоқсанында бизнестің жұмыс істемейтін кредиттерін есептен шығару аясында 9,2% - ға, яғни 7,1 трлн теңгеге дейін төмендеді. Осы жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша ұзақмерзімді несиелер 11,3 трлн теңгені, қысқа мерзімді несиелер 1,9 трлн теңгені құрады», - деп түсіндірді Ұлттық банк басшысы.

Оның айтуынша, бизнеске арналған теңгелік несиелер бойынша мөлшерлеме өткен жылдың тамыз айында 12,2%-бен салыстырғанда 11,9%-ға дейін төмендеді.

«Бизнеске арналған қысқа мерзімді несиелер бойынша мөлшерлеме 12,1%-дан 11,6%-ға дейін төмендеді, ұзақ мерзімді несиелер бойынша 12,4%-дан 13,4%-ға дейін өсті. Жеке тұлғалардың несие қоржынының құрылымында тұтынушылық несиелерге қомақты үлес тиесілі, олар 2019 жылдың басынан бері 17,4%-ға, яғни 3,9 трлн теңгеге дейін өсті», - деп қорытындылады Досаев.

Өзгелердің жаңалығы