Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға қарыз беруге тыйым салынбақ

27 Маусым 2019, 11:51
1584
Бөлісу:
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға қарыз беруге тыйым салынбақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаржы ұйымдарына табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтардың қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін оларға займдар беруге тыйым салынатын болады. 

Бұл туралы  ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов үкімет баспасөз орталығында ҚР Президентінің борыш жүктемесін азайту туралы Жарлығын іске асыру бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

2019 жылдың бірінші шілдесіндегі мәлімет бойынша банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады. 

"Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады", - деді Қаржы министрі. 

Смайылов тұтыну несиелеріне қатысты қалыптасып отырған жағдай қайталанбауы тиіс екенін айтты. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады", - деді ведомство басшысы.

Ол Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқа секілді қосымша реттеу шараларын қабылдайтынын айтты. 

"Мемлекет басшысы жоғарыда аталған шұғыл шаралар әлеуметтік мәселелерді шешуге және Елбасы стратегиясында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді", - деп сөзін түйіндеді Смайылов.
Өзгелердің жаңалығы