Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

25 Қазан 2021, 13:00
3974
Бөлісу:
Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жыл санап Жайық өзенінің жағдайы жұртшылықтың алаңдаушлығын арттырып отыр. Себебі трансшекаралық өзеннің суы уақыт өте тартылып, арнасы кішірейіп барады. Батыс Қазақстан облысына барған сапарымызда Жайықтың жағдайын өз көзімізбен көріп, ғалымдардың пікірін білдік.

Тарих тұңғиығы

Сонау Орал тауларынан бастау алатын Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 2584 шақырым болса, оның 1084 шақырымы Қазақстан аймағына тиесілі. Өзен Батыс Қазақстан мен Атырау облыстары арқылы ағып, Каспийге құяды.

Орал қаласының жанынан ағып өтетін өзен арнасын өзен деп айту қиын. Ол кішкентай көлшікке айналған тәрізді. Бұрын бекіре жүзгеніне күмәнданып қалады екенсің.

Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

Осы орайда географ ғалым, профессор Қажымұрат Ахмеденовпен әңгімлестік. Оның пікірінше, Жайықтың неге тартылып жатқанын зерттеу жүргізбей айту қиын.

Тарихта өзен-көлдердің тартылу құбылысы бұрын да болған. Климат та өзгеріп жатыр. Метереологиялық өлшемдер тек XX-ғасырдың басынан бастап жасала бастады. Жауын-шашынның өлшемі, атмосфераның температурсын құрылғылармен өлшеу сол кезде ғана қолға алынды. Сондықтан адам зерттеусіз нақты ештеңе айта алмайды. Жаһандық климаттың өзгерісі не себепті болып жатқанына қатысты да ғалымдар әртүрлі болжау айтады. Кейбіреуі Дүниежүзілік мұхит арналарының өзгеруіне, жердің техтоникалық құрылымының құбылысына және адам әрекетіне де байланысты дейді, - деді Ахмеденов.
Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

Профессордың айтуынша, тарихта ірі өзен-көлдер де құрғап қалған жағдайлар көп болған.

Географ мұндай құбылыстарға адам өз күшімен әсер ете алмайтынын айтады.

Адамның табиғатты бағындырамын деген мақсаты бар. Бірақ оған табиғат ешқашан бағынбайды. Ол өзін-өзі реттеп отырады. Адам тек аз болса да табиғатты жақсартуға, қолайлы жағдай жасау бойынша өз үлесін қосуы мүмкін. Дегенмен табиғат адам қанша тырысса да бағынбайды. Керсінше, адам табиғатқа бағынуы керек, - деді Ахмеденов.

Әсер етуші факторлар

Мысалы, Жайықтың жағасында, арналарында құрылыс жүргізеді. Саяжай массивін қоныстандырады. Олар өзенді ластайды. Су қорғау белдеуі деген бар, соған сәйкес құрылысты 50 метр, 500 метр қашықта салу сынды тәртіптер болады. Егер осы ережелер сақталса, адамнан әсер болмас еді. Судың жағасында үй болмаса, судың арнасы толған кезде де су көшкіні болмайды. Елді мекен де жоқ, сәйкесінше, су да баспайды. Ал адам жақын орнығып алып, осылай болып жатыр деп табиғатқа ренішін айтады, - деді ол.
Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

Қажымұрат Ахмеденовтың айтуынша, суды жинақтау үшін су қоймаларын ұйымдастыру керек.

Жайықтың жоғарғы ағысында 13-тен астам су қоймасы бар дейді. Ол Ресей мен Башқұртстан шекарасына жатады. Бөгеттер орнатылған. Ол Ресейдің шекарасы болғандықтан, өздерінің экономикалық мақсаты болуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан олармен мемлекетаралық келісімге келуі керек. Оны мемлекет пен шенеуніктер шешуі керек. Әлемдік тәжірибеде трансшекаралық өзен-көлдерге қатысты мемлекет арасында келісім арқылы жүктемені бірге зерттеуі керек. Қазақстан Ресейге қарап отырмауы керек. Өзінің шекара аясында табиғатты сақтау шараларын қабылдауға тырысуы керек. Мысалы, Жайықтың "Быковка", "Рубежка", "Барбастау", "Шыңғырлау" сынды сағалары бар. Олардың бойында бөгеттер бар ма, жоқ па? Оны да зерттеу керек. Оған да ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ, - дейді ол.
Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

Географ «Ресейде «Ириклинское» су қоймасында 13 бөгет бар, олар былай істеп жатыр екен» деген алаңдаушылықтар бар екенін айтты.

Бірақ мен Қазақстан тарапында істеліп жатқан жұмыстар туралы естімедім. «Быковка» маңында осындай бөгет тұр, оны неге бұзып судың арнасын ашпаймыз» деген ұсыныс естімедім. Ел ішіндегі мұнай кен-орындары бар. Олар да белгілі бір тұрғыда Жайықтың жағдайына әсер етуі мүмкін. Оны да бөлек қарастыру керек. Мысалы кейбір болжамдар бойынша Жайықтың айналасындағы ормандар құрғап жатыр. Ағаштың жоғары жақтары құрғайды. Оның себебі атмосфералық ластану болуы мүмкін. Ал ластаушы көздер - кен-орындары. Олардан шыққан күкіртті қалдық атмосфераға шығып, ағаштарға әсер еткен. Жайық айналасындағы емен, қарағай, терек ағаштарының құрғауы да әсер етуі мүмкін, - дейді ол.

Қажымұрат Ахмеденовтың айтуынша, осы себептердің барлығын зерттеп, дәлелдеу керек.

Жайық пен оның сағаларында саяжай массивтері бақша егеді. Кәсіпкерлер шағын өзеннің жағасынан бақша егеді. Олар әкімдіктен рұқсат алып егіп жатыр ма, әлде жоқ па белгісіз. Бақшаны суару үшін өзен суын қолданады. Осыған мемлекет тарапынан бақылау болу керек. Ол да сорғыларды қойып қойып, суды азайтуға жұмыс істейді. Ал сағадағы су таусылса, Жайықты қоректендіре алмайды. Бұл бағытқа да көңіл бөлініп жатқан жоқ, - деді ол.
Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

Профессордың айтуынша, Жайықтың жағасында мияның бұталары бар.

Оны негізінен жөтелге қарсы дәрі жасау үшін пайдаланады. Тамырын жинайды. Ал мия біртұтас алқапта жайылып өседі. Оны кәсіпкерлер келіп, шауып алады. Ал пайда болған орын борпылдақ топыраққа айналады. Өсімдік болмаған соң, жайылманың ортасы ылғалды сақтай алмайды. Ылғал сақталмағандықтан құрғақшылық басталады. Бұл экология болғандықтан барлығы бір-бірімен байланысты. Топырақ тұзданып, тұзды өсімдік пайда болады. Ортаның өзгеруіне байланысты ағаштар да қорғаныссыз қалады. Осыған байланысты жерасты сулары да төмендейді, - деді ол.
Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің ботаника ғалымдарының зерттеулері бойынша, бұрын 600-700 өсімдік түрі кездессе, қазір 200-300 түрі қалған. Яғни, екі есеге азайып кеткен.

Мемлекет не істеуі керек?

Климаттың өзгеруіне байланысты ылғал азаяды. Сол себепті де жерасты сулары төмендейді. Жайылмалық орман да құрғайды. Бірақ оны нақты зерттеген ғалым жоқ. Ал зерттеу үшін қаражат керек. Мысалы, ғалымдар сыртынан тек болжам жасауы мүмкін. Оны дәлелдеу үшін қаржы керек. Сол жерге ұңғыма орнату керек. Ол бір емес, жүйелі түрде жұмыс істейтін, өзен жағасынан орманды кесіп өтетін ұңғыма болуы тиіс. Сол арқылы жерасты суын зерттейді. Бұл ай сайынғы, тіпті маусым сайынғы жұмыс. Қондырғылар елді мекендер жанынан орнатылғаны абзал. Нақты қорытындыға келу үшін кем дегенде 5 жыл зерттеу жүргізу керек, - деді Ахмеденов.

Профессор айтқандай, жерасты суларын зерттеу кешенді жоба не бағдарлама арқылы жүзеге асырылуы керек.

Тек жерасты суларын емес, жануарлар әлемін, өсімдіктер бағытын да зерттеу қажет. Барлығы бір-бірімен байланысты болған соң осының барлығын зерттеу маңызды. Ол зерттеудің нәтижесі бойынша өндіріске ұсыныс жасауға болатын еді, - деді географ.

Қажымұрат Ахмеденов 2015-2017 жылдары өзендердің химиялық құрамын бір топ ғалым зерттегенін айтты.

Онда өзендердің химиялық құрамын зерттедік. Оның гидрохимиялық құрамындағы ластаушы заттарды анықтадық. Ондай зерттеуді жүйелі түрде жүзеге асыру керек. Мәселен, «Қазгидромет» стационарлық бекеттерде зерттеу жүргізеді. Біз 50-ден астам өзенді зерттедік. Мезгілдерін қарадық. «Қазгидрометтің» зерттеуіне балама зерттеу болды. Себебі олар жүйелі түрде мемлекеттің қаржыландыруымен зерттеп, есеп жүргізеді. Сол кезде Жайықты ластаудың факторлары туралы Үкіметке есеп тапсырдық. Ол зерттеу үш жылға созылды. Жайықтың Орал, Атырау арнасында ластануы жоғары екенін анықтадық. Ал ол ластанудың себебіне де бөлек зерттеу жүргізу қажет, - деді Ахмеденов.

Оның айтуынша, қазіргі ғалымдардың білетіні аз. Себебі зерттеулер 1970 жылға дейін кешенді түрде жүргізілді.

Табиғат адамға бағынбайды. Жайықты сақтап қалу мүмкін бе?

Қазір мемлекет мақсатты түрде қаржыландыратын зерттеу жоқ. Тек «Қазгидромет» судың көрсеткіші бойынша ақпарат таратады. Бұл тек бір бағыты ғана. Басқа тұрғыдан кешенді зерттеу жүргізілмейді, - деді ол.

Ғылыми-зерттеу институты қажет

Менің ойымша, ғылыми-зерттеу орталығы ашылуы керек. Оның жеке ғимараты тұрғызылып, белгілі бір штаты, көліктері мен зертханалары болуы керек. Зертханалар соңғы технологиялармен жабдықталуы тиіс. Елорда мен Алматыда емес, Орал немесе Атырауда қоныстануы керек. Аймақтық тұрғыда жұмыс істеуі керек. Зерттеуге қаржы бөлінген соң, есеп те болады, себебі де анықталады. Мысалы, Ресейде Еділді зерттейтін арнайы институт бар. Бюджеттен ақша бөлініп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Қазақстанда соған балама болатын зерттеу институттары жоқ. Тек университетте ғалымдар бар, бірақ оның негізгі мақсаты басқа болып отыр ғой, - деді Қажымұрат Ахмеденов.

Ол атағандай, Ресейдің ғалымдарына қарамау керек, олар бөлек мемлекет.

Біз өз ғылымымызды дамытуымыз керек. Ал ол үшін қаржыландыру керек. Қаржысыз, өз қызығушылығымен ғалымдар қанша тырысса да, барлық жұмыс қаржыға тіреледі. Ол ақындық, жазушылық сияқты гуманитарлық бағыт емес, экология, география, химия болған соң арнайы құралдарды қажет етеді, - деді ол

Каспийге келетін қауіп

Профессордың айтуынша, егер Жайықтың суы осы сценарий бойынша тартыла берсе және адам оған көмектесе алмаса Жайық Каспийге құймайды.

Жем өзені де бұрын Каспийге құятын. Қазір ол жетпей қалды. Қазталов ауданында Сары өзен, Қара өзен деген де Каспийге құйып тұрған. Қазір ол өзендердің барлығы жетпей қалды. Сондықтан Каспий теңізінің де деңгейі төмендеп кетті. Жайық та болашақта жетпей қалуы мүмкін. Ол үшін адам белгілі бір әрекет жасап, зерттеу жүргізіп, сақтап қалуға тырысуы керек, - деді Ахмеденов.

Ол атағандай, сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін жерасты суларын іздеу керек.

Тұщы судың қорлары қай жерде бар екенін анықтау керек. Су деген азаюы да, көбеюі де мүмкін. Сондықтан оны да бақылап тұру керек. Жайықтың суын пайдалана бермей, жерасты су қорларын қолдану керек, - деді ол.

Географтың айтуынша, мал шаруашылығында да мал санын көбейте бермей, жайылым мен су мөлшерін ескеру керек.

Себебі су мен мал шаруашылығы, өсмдік шаруашылығы тікелей байланысты. Бізде жыртқыштық тұтынушылық бар. Суды пайдаланып, құрғаса басқа жаққа бет алады. Бұлай дейтінім, біз экспедицияларға барғанда картада бар өзен мен көлдер жойылып кеткенін көрдік. Бақша отырғызып, сорғылармен суын тартып алған жағдайлар бар, - деді ол.

Профессор бұл мәселеге тереңінен қарау керек, акция не шара ретінде емес, ғылыми зерттеу құрып, кешенді жұмыс істейтін жүйелі іске айналдыру қажет екенін айтады.

Президент тапсырмасы

Сәуірде өткен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарламасы қабылданғанын айтты.

Біз Жайық өзені аңғарының экожүйесін сақтау жөнінде 2024 жылға дейінгі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы туралы бағдарлама қабылдадық. Үкімет осы бағдарламада көзделген іс-шараларды уақтылы қаржыландыруы керек. Сонымен бірге, Ресей жағымен бірлесіп, жедел шаралар қабылдауы қажет, - деген еді Президент. 

Бұл мәселені Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында да көтерген еді.  

Министрлік мәлімдемесі

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Трансшекаралық өзендер департаменті соңғы жылдары Жайық (Орал) өзені суының​ азаюына байланысты оның экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отырғанын жеткізді.

​Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзеніндегі су ағынының көлемі біртіндеп азайып келеді. Мұның бірнеше себептері бар. Біріншіден, бұл Жайық өзенінің бассейнінде аз сулы кезең циклінің басталуына байланысты.​ Бұл өзендердегі су деңгейінің төмендеуі артуына,​ бассейндегі ағынды реттеуге, жерді жыртуға және орманды кесуге байланысты өзеннің гидрографиялық желісінің​ нашарлауына әсер ететін климаттық факторлар, - делінген мәлімдемеде.

Олар хабарлағандай, Жайық өзені бассейніндегі су​ жағдайын жақсарту бойынша​ шаралар қабылдау үшін Ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.

Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы және оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен оларды ұйымдастыру нысандарын нақтылау мен іс-шараларды іске асырудың жұмыс кестесі бекітілді. Қазіргі уақытта қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай Жол картасын жүзеге асыруға кірісті. ​Бірыңғай Жол картасының іс-шараларын іске асыру нәтижесінде Жайық өзенінің гидрологиялық режимін және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бірлескен шаралар қабылданады, - делінген ресми хабарламада.

«Есіңде ме, Жайығым,

Қалмадың ба жатырқап?

Жамылып кеш сағымын,

Келмеуші ме ем ән шырқап», - деген өлең шумақтарын арнаған Қасым Аманжоловтың Жайығын ешкім жатырқатпауы керек шығар...

 

Өзгелердің жаңалығы