Табиғат қорғаушыларды ынталандыру қажет – Яков Федоров

18 Қаңтар 2019, 14:45
3123
Бөлісу:
Табиғат қорғаушыларды ынталандыру қажет – Яков Федоров

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі, блогер Яков Федоров қазір елімізде табиғат қорғау мәселесі аса маңызды екенін айтты. 

«Мен елдің бүкіл өңірін, ауыл-аймағын аралап шыққанмын. Қазір табиғат қорғау мәселесі аса маңызды. Себебі көптеген ауыл тұрғындары осы салада еңбек етеді. Меніңше, осы салаға барынша көп көңіл бөлу керек. Біріншіден, қазір «Дипломмен ауылға» жобасы аясында табиғат қорғау мамандықтарын қолдау қарастырылмаған. Меніңше, бұл мамандықтардың бағдарламаға қатысуын кеңейту керек. Екіншіден, қазір осы салада еңбек ететін адамдар өмірін қатерге тіге отырып, айына 37-40 мың теңге жалақы алады. Сондықтан адамдар лайықты өмір сүріп, еңбек етуі үшін ынталандыру механизмін жасау қажет», - деді Яков Федоров «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы кулуарында берген сұхбатында. 

Сондай-ақ, оның айтуынша, жалпы елімізде ауыл шаруашылығы саласында мамандар жетіспейді. 

«Бізге бұл саланың имиджін көтеру керек. Ауылдарда өндірісті дамытып, қаржыландыруды көбейту қажет. Үлгілі шаруа қожалықтарын халыққа көрсету керек. Ауыл шаруашылығы саласында орта кәсіптік білімді дамыту қажет деп ойлаймын. Өйткені ауылда жұмыс істеу үшін жоғары білім қажет емес. Меніңше, жергілікті колледждерде тек екі жылдық курстарды емес, бір-үш айлық курстарды дамыту керек. Өйткені, бұл курстар қайта даярлау үшін өте тиімді болады. Мемлекеттік гранттарды тек жоғары білімге емес, орта кәсіптік білімге көбірек бөлу керек», - деді Федоров тілшіге берген сұхбатында.
 
Ол ауыл тұрғынының статусы қала тұрғынан төмен деп санайтын адамдармен келіспейтінін айтты.

«Біз барлығымыз Жермен тығыз байланыстымыз. Біз осы адамдар өсіретін нәрсені жейміз. Олар елді асырап отыр. Мен «өз ауыл шаруашылығын қолдамайтын ел, басқа елдердің ауыл шаруашылығын қолдайды» деп есептеймін. Сондықтан, біз ауыл тұрғындарын құрметтеуіміз керек», - деп түйіндеді Яков Федоров.

Бұған қоса, жуырда сенатор Әли Бектаев ауыл жастарына қолдау көрсетуге шақырған болатын.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы