Түзетілген митинг туралы заң жобасы Сенатқа жіберілді

20 Мамыр 2020, 11:01
1351
Бөлісу:
Түзетілген митинг туралы заң жобасы Сенатқа жіберілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутттары бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы бойынша Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап дауыс берді.

Депутат Қанат Мусин Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті аталған заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгертулер мен толықтыруларды қарап шыққанын айтты. 
Сенаттың түзетулері Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымы мен мазмұнын өзгертпейді әрі жеке нормаларын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, облыстардың маңызы бар әкімшілік орталық аудандарында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру үшін арнайы орындардың міндетті санын белгілеу; тұрмыс тіршілік обьектілерінің көлік пен өзге де инфрақұрылымның жұмыс істеуінің бұзылуы; азаматтардың еркін жүріп тұруына кедергі келтіру сияқты бейбіт жиналыстан бас тартуды алып тастау ұсынылады, - дейді Қанат Мусин.

Оның айтуынша, өйткені билік мұндай кедергілерді нақты арнайы орынды белгілеу кезінде ескеруге және алдын-алуға тиіс. 
Егер мұндай бұзушылықтар жойылса, бейбіт жиналысқа жекелген қатысушылардың құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне байланысты жиналысты тоқтатуға болғызбау және бейбіт жиналыс барысында денсаулықты қорғауға арналған жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға рұқсат беру ұсынылады. Сонымен қатар, заң жобасының жекелеген нормаларының құрылымын жетілдіру мақсатында түзетулер енгізілді. Комитет "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуді ұсынады, - деді депутат.

Айта кетейік, 14 мамырда Сенат депутаттары бейбіт жиналыстар туралы заң жобасының бірнеше бабына өзгеріс енгізіп, Мәжіліске жіберген болатын. Ондай өзгерістердің қатарында – митинг өтетін арнайы орындар мен олардың саны және митингке қатысушыларға бетін бүркемелеуге рұқсат беру бар. Сонымен қатар, сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, ақпарат және қоғамдық даму министрлiгi әзірлеген заң жобасына ғылыми-лингвистикалық сараптама жүргiзу барысында 422 қате табылғанын айтқан болатын. Бірақ кейіннен министрлік қателерді түзегенін хабарлады.
Өзгелердің жаңалығы