Тәуелсіздік жылдары ішінде 5 ретке дейін аударылған терминдер бар

11 Сәуір 2019, 11:24
3866
Бөлісу:
Тәуелсіздік жылдары ішінде 5 ретке дейін аударылған терминдер бар
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Шерубай Құрманбайұлы өз баяндамасында терминология саласында қордаланып қалған мәселелерге тоқталды. 

"90 жылдардан бері терминдерді бекітуге ұсыну мен бекіту, сондай-ақ олардың қолданысын орнықтыру жұмысында жүйелілік пен сабақтастық жетіспейді. Әсіресе, заң саласындағы сіздерге қатысты өз салаларыңыздағы терминдер заңдағы қолданыстағы қайшылықтар туындап жатуы мүмкін. Себебі, мәселе осы жерде жатыр деп есептейміз. Сондықтан 90 жылдардан бері ұлттық сипатын ауыстыру мақсатында орыс тілінен енген терминдер қазақша жасала бастады" - дейді ол. 

Оның айтуына қарағанда қазақтың терминологиялық қорының ұлттық сипатты біршама артты.

"Енді осы жерде алдарыңыздарда тұр. Бекітілген терминдер. Аукцион. Оны кеңес заманынан аукцион деп келдік. 1990 жылдардан бері бұған баламасы "бәссауда" деген терминді қолданысқа енді. 2009 жылдары бұл терминді мемлекеттік терминологиялық комиссия бекітті. 2014 жылы аукцион деп қайта ауыстырдық. Гимнде де сондай. 1992 жылы ресми "әнұран" деп бекітілді. "Музей" 1998 жылы "мұражай" еді. 2014 жылы қайтадан музей қалпына келді. "Принцип" термині "қағидат" еді 2000 жылдары. Одан кейін 2014 жылдары қайтадан принцип болды. Процент терминінде де соны айтуға болады. Дұрыс-бұрыс деп талас тудырмай-ақ қояйын. Мына жерде 3 рет қана бекітілген терминдерді айтып отырмын. Мына жерде 5 рет бекітілген терминдер бар. Егер терминком термин саласының мамандары, терминдерді әр 5-10 жыл сайын өзгеріп бекітіп отырсақ, біз мамандардың, аудармашылардың, қазақтардың, тұтынушылардың басын қатырып, бір терминді орнықтыруға мүміндік бермейміз. Күнде-күнде өзгеріп отырған терминнің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екеніне шатаса бастайды. Сондықтан бір терминді бекітер кезінде жақсылап тоғыз толғанып, он ойланып, ақылдасуымыз керек. Пікірімізді, қайшылықтарымызды сол жерде еңсеріп алып, сол жерде бекітіп, содан кейін сол терминді қолданысын қамтамасыз етуін, қолға алсақ, терминком. Сонда ғана термин орнығады" - дейді Шерубай Құрманбайұлы. 

Сонымен қатар ол термин аударуда тұрақтылық жоқ екенін айтады. 

"Ал біз мынандай әр 5-10 жыл сайын өзгеріп отырған терминмен біз ұятқа қаламыз. Осыны қатаң ескеруіміз керек. Біздің жұмысымызда жүйесіздік туғызып отырған осы мәселе",- дейді ғалым.


Өзгелердің жаңалығы