Тәуелсіздігіміз Жаңа жылдың тасасында қалып келеді – Жолдасбеков

28 Ақпан 2020, 12:41
1745
Бөлісу:
Тәуелсіздігіміз Жаңа жылдың тасасында қалып келеді – Жолдасбеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа тәсілдері туралы баспасөз маслихаты өтті. 

Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков еліміздің ең басты мерекесі – Тәуелсіздік күні Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып келе жатқандығын айтты.

Наурыз мерекесінің тәуелсіз елімізде тойлана бастаған алғашқы жылдарына тоқталған Мырзатай Жолдасбеков бұл шараға Өзбекәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегі зор екенін айтты.

Біздің ең үлкен мерекеміз – Тәуелсіздік күні мерекесі Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып келеді. Бұлай болмауы керек. Тіпті қараша айының басынан бастап әлем-жәлемді іліп, сол жылдың санын жазып, құттықтауды бастап кетеді. Біздің жаңа жыл – осы Наурыз мерекесі. Мағынасы да соған келеді, - деді Мырзатай Жолдасбеков.
Мен Иранда елші болғанмын. Сол кезде Наурыз мейрамы кезінде елдегі кеңсе атаулы 9 күнге жабылып, ешбір адам шетелге шықпай, бәрі бала-шағасын алып, туған жеріне кететін. Атқонысына барып, туған-туыстарымен көрісетін, - дейді Мырзатай Жолдасбеков. 

Оның айтуынша, Наурыз мейрамын мерекелеу туралы жаңа тұжырымдама көңілге қонымды. 

19 наурыз "Зияткерлік күні" деп белгіленіпті. Мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, жырлар мен эпостардан үзінділер оқу жыл бойы жалғасын табуы керек деп ойлаймын. Қазіргі уақытта ұлттық тағамдар ұмытыла бастады, оның осы тұжырымдамаға кіргені мені қуантып отыр, - дейді ол.
Өзгелердің жаңалығы