Тәуелсіз Қазақстанның көшбасшысы

20 Наурыз 2019, 08:15
2423
Бөлісу:
Тәуелсіз Қазақстанның көшбасшысы

Астана, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық телеарналардан тікелей эфирде жасаған мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді.


Барлық қазақстандықтар сияқты екіұдай сезімде отырғанымды жасырмаймын. Бір жағынан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті өкілеттілігінен бас тартқаны өкінішті. Екінші жағынан, Ұлт Көшбасшысының ерлігі мен ақылы құрмет тұтуға әбден лайық.

Бәріміз бұл шешімнің аяқасты қабылданбағанын білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл қадамды қанша сағат, неше күн ойланып жасағанын тек оймен шамалауға болады. Бірақ елбасы мемлекет пен халық мүддесі үшін әрдайым дұрыс шешімдер қабылдап келгені белгілі. Сондықтан, бәріміз бұл шешімге құрметпен қарап, Тұңғыш Президент саясатының жалғасуы үшін қолдан келгенін жасауымыз керек. Бұл – қазақстандықтардың Тұңғыш Президенттің тұлғасы мен қызметіне көрсеткен құрметі болады.

Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, "Nur Otan" партиясының Төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі ретінде елдің дамуындағы маңызды рөлін сақтап қалады.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлт Көшбасшысы болып қала береді. Ол – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, ел ішінде және әлем сахнасында беделі жоғары саясаткер. Кеңес Одағынан кейін қарқынды даму деңгейіндегі экономикасы бар тұрақты және әлеуметтік мемлекет құрған тұлға.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің жігері мен батыл шешімдер қабылдау қабілетінің арқасында еліміз тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты. Халқымыз Елбасының басшылығымен 90-жылдардағы стагнация мен саяси коллапсты жеңді. Елбасының еңбекқорлығы мен батылдығы ең қиын сынақтардан, әлемдік саяси және қаржылық дағдарыстардан өтуге көмектесті. Отыз жыл ішінде Нұрсұлтан Назарбаев әлем картасында жаңа, әрі заманауи мемлекет құрды.

Қазақстан әрқашан тұрақтылық пен сенімді дамудың үлгісі болды. Елбасы бейбітшілік пен ұлтаралық келісім стратегиясын құрып, жүзеге асырды. Қазақстандағы конфессияаралық диалог пен толеранттылық моделі көп елге үлгі көрсетіп отыр.

Елбасының ядролық қаруға қарсы бастамалары бүкіл әлемдік қауымдастықтың құрметіне бөленді. Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудың ең ірі арсеналынан бас тартып, ядролық полигонды өз еркімен жапқан бірінші саясаткер болды. Қазақстанның Тұңғыш Президентін әлемде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп атайды.

Қиын жылдары Тұңғыш Президент саясатының арқасында ел экономикасына миллиардтаған доллар инвестициялар құйылып, ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылды.

Елбасы мемлекеттің әрі қарайғы дамуына жақсы негіз қалыптастырып берді. Ол – 2030 жылға дейінгі стратегияны мерзімінен бұрын орындап, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берген қазақстандық экономикалық модельдің авторы.

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі – Елбасының тағы бір маңызды жетістігі. Тұңғыш Президент халықтың өмір сапасын арттыруға, жастарды және көпбалалы отбасыларды қолдауға, білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мыңдаған жастың «Болашақ» бағдарламасымен шетелде үздік білім алуы – Елбасының заманауи Қазақстанды қалыптастыруға қосқан өлшеусіз үлесі.

Жаңа ұрпақ Тұңғыш Президентке бейбітшілік пен келісім, экономикалық өсім мен саяси тұрақтылық, қуатты мемлекетте өмір сүру мен дамуға берілген мүмкіндік үшін алғыс айтары анық.

Елбасының жастарға «Тәуелсіз Қазақстанды – біздің ортақ Отанымызды сақтаңыздар. Мәңгілік ел – біздің халқымыз бен ата-бабаларымыздың жері. Біздің бір Отанымыз бен бір жеріміз бар. Халқымыздың бірлігі мен достығын, елдің кез келген азаматының мәдениеті мен дәстүріне құрметті сақтаңыздар» дегені үлкен жауапкершілік жүктейді.

Қазақстан үшін маңызды тарихи кезеңде халқымыз бірлік пен жалпыхалықтық көшбасшының бағытына қолдау танытуы керек. Алдымызда еліміздің дамуы мен азаматтарымыздың өмір сапасын арттыруға бағытталған көп міндет тұр.

Барлық қазақстандықтарды бір кісідей жұмылып, қоғамдық келісімді сақтауға шақырамыз. Бұл кезеңнен бірге өтіп, сөзімізбен және ісімізбен Елбасының бағытына толықтай қолдау білдіруіміз қажет. Ортақ отанымыз – Қазақстан Республикасының әрі қарайғы дамуы мен гүлденуі бәрімізге байланысты.

"Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев 

Өзгелердің жаңалығы