Төтенше жағдай туралы заңға өзгертулер енгізілді

29 Сәуір 2020, 11:16
13783
Бөлісу:
Төтенше жағдай туралы заңға өзгертулер енгізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында  14 саланы қамтитын төтенше жағдайлар туралы заң жобасы талқыланды.

Заң жобасында төтенше жағдай кезеңінде мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу механизмі белгіленеді. Ол үшін "Төтенше жағдай туралы" және "Құқықтық актілер туралы" заңдарға түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, құжат төтенше жағдай кезеңінде заңнаманың жекелеген салаларының қолданылу ерекшеліктерімен толықтырылады. Заң жобасында оларға 14 сала жатқызылады: салықтық, бюджеттік, кеден, банктік, еңбек, монополияға қарсы заңнама; денсаулық, мемлекеттік сатып алу, валюталық реттеу туралы заңнама; әлеуметтік қорғау, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында; сондай-ақ елдің халықаралық міндеттемелерін іске асыру, - дейді  Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Бұл құжат "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы мемлекет басшысының жарлығын орындау мақсатында әзірленген.

Оның айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде қабылданған құқықтық актілер жалпы алғанда ол аяқталғанға дейін қолданылатын болады. 

Олардың қатарына өзге қолданылу мерзімі белгіленген актілер кірмейді. "Төтенше жағдай туралы" заңда белгіленген жағдайда және тәртіппен нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормаларының қолданылуын тоқтата тұру бойынша  "Құқықтық актілер туралы"заңға ұсынылып отырған түзету енгізіледі. Жалпы алғанда, аталған түзетулер төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған,- дейді министр.

Сондай-ақ ол заң жобасында азаматтардың жеке куәліктері мен жүргізуші куәліктерінің мерзімі өтіп кетсе де төтенше жағдай кезінде жарамды болуына мүмкіндік беретінін айтты.  Мәжіліс депутаты Шафхат Өтемісовтің мәліметі бойынша, 

бүгінде Қазақстанда 99,5 мың азаматтың жеке куәліктерінің мерзімі өтіп кеткен, ал жүргізуші куәліктерінің жарамдылық мерзімі аяқталған 68 мың жүргізуші бар екен.

Ал ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, бүгінгі таңда 1,5 мыңнан астам адам тергеу изоляторларына қамалған, ал 5 мыңнан астам адам төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылыпты.

Мәжіліс төтенше жағдай туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Өзгелердің жаңалығы