Төтенше жағдай кезінде жалақыны сақтаудың бірнеше жолы бар

20 Наурыз 2020, 15:48
2893
Бөлісу:
Төтенше жағдай кезінде жалақыны сақтаудың бірнеше жолы бар

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жарияланған төтенше жағдайға және азаматтарды карантинге жіберуге байланысты жұмысшылардың жалақыларын сақтаудың бірнеше жолы бар.

Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов хабарлады.

Үй карантиніне түскен азаматтарға еңбекақы төлеу тәртібі еліміздің Еңбек кодексінің 133-бабы бойынша реттелген. Атап айтсақ, аталмыш бапқа сәйкес, жұмыс беруші осындай жағдайда қалған жұмыскерге өз қаражаты есебінен жұмысқа уақытша қабілетсіздік жағдайы бойынша қызметтік жәрдемақыны төлеуге міндетті. Мұндай еңбекке жарамсыздық парағы Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы №19 қаулысына сәйкес беріледі. Осындай жағдайда төленетін қызметтік жәрдемақының көлемі айлық есептік көрсеткіштің 15 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. Биылғы жылы айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2651 теңге, яғни төленетін қызметтік жәрдемақы 39765 теңгені құрайды. Әрине, барлығы бұл сомаға келіп тіреліп қалады деген сөз емес. Әр мекеме, әр кәсіпорын өз мүмкіндігіне қарай аталған сомадан көбірек те төлеуіне болады. Егер осындай жәрдемақы төленбей жатқан жағдайлар орын алса, тұрғындар еңбек инспекторларына хабарласа алады. Біз өз тарапымыздан тиісті шараларды қолданатын боламыз, - деді инспекция басшысы Бақытбек Қизатов.
Басқарма басшысы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты меншік нысанына қарамастан мекемелер мен кәсіпорындардағы жұмыс режимі өзгеруі мүмкін екенін айтады. Еңбек Кодексінің 138-бабына сәйкес, мекеме басшысы жұмысшысымен екі арада жасалған келісімге орай оны қашықтықтан жұмыс істеуге жіберуі мүмкін. Сондай-ақ еңбек шартына қосымша жасалған келісімге орай жұмысшының басқа да шығындары төленуі ықтимал. Мұндай құжаттарды ресімдеу кезінде жұмыс беруші бұйрық немесе актілерін шығаруы қажет.

Осындай кезде толық емес жұмыс күні режимін енгізуге болады. Бұл жағдай Еңбек кодексінің 70-бабына сәйкес анықталады. Оның бір күнде 8 сағат емес одан кем уақыт жұмыс істеу, аптаның күндерін азайту, сондай-ақ сағат пен апта күндерін қатар азайту сияқты үш түрі бар. Мұндай жағдайда жалақы да жұмыс берушінің актісімен анықталып, жұмыскердің жұмыс істеген уақытына сәйкес төленеді. Бұдан бөлек, кейбір кәсіпорындардың жұмыстары мүлдем тоқтап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жұмыс беруші жұмысшыға ең төменгі жалақы мөлшерінен кем емес мөлшерде, яғни 42500 теңге көлемінде жалақы төлеп отыруы тиіс. Бұл жоғарыда айтып кеткен Еңбек кодексінің 112-бабында анық көрсетілген. Бұл төлемдердің барлығы жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленеді, - деп қосты инспекция басшысы.

Жауапты тұлға кейбір жағдайларда жұмыс берушінің жұмысшыларын қысқартуға дейін баруы мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайда ол жұмысшыны бір ай бұрын қысқартылатыны жөнінде құлағдар етіп, бір айлық орташа жалақысы мөлшерінде қысқарту өтемақысын төлеп беруі тиіс. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысының Семей ядролық полигонынан зардап шеккен аймаққа жатуына орай жұмысшылар экологиялық демалысқа да жіберілуі мүмкін. Бұдан бөлек, ол кезекті ақылы еңбек демалыстарын да қарастыруға болатынын тілге тиек етті.

Өзгелердің жаңалығы